12 Қазан, 2013

Алматының ардагерлері АҚШ-тың шлагбаумын бұзып тастады

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12 10-Almaty ardagerler9 қыркүйек күні Алматыда ардагерлер ұйымдарының ондаған өкілі Әскер үйіне кіреберістегі АҚШ-тың шлагбаумын бұзып тастады. Бұл туралы «Время» газеті жазды.

Әскер үйіне келетін ардагерлерді үнемі кіреберістегі бақылау бекетінде АҚШ әскерінің киімін киіп алған күзетшілер тексереді екен. Ардагерлер АҚШ-тың мұнда неліктен бақылау бекетін орналастырғанын түсінбей дал болуда. Олар бұл сұрақты АҚШ елшілігіне де, еліміздің мемлекеттік органдарына да айтқан екен. Дегенмен, олардың ешқайсысы әлі күнге дейін бұл мәселені саралап түсіндіріп бере алмай отыр. Ақыры ауған соғысы мен Чернобыль ,Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қолдауымен жолдарына тосқауыл болған шлагбаумды өз күштерімен бұзуға бекінді.

«Бұл шлагбаум біздің азаматтардың арына нұқсан келтіріп тұр, – дейді Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігі үйлестіруші кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров. – Біз америкалықтарға бұл жерде қонақ екенін естеріне салғымыз келеді. Қазақ – қонақжай халық, алайда, оны пайдаланып бізді басынуға болмайды».

Ардагерлер бақылау бекетіне газ баллондар мен дәнекерлейтін құрал әкеліп, шлагбаумның құлпын кесіп тастады. Олардың бұл әрекеттеріне полиция қызметкері тосқауыл жасамақ болды, алайда, ашынған ардагерлерге қарсы шығуға бата алмады. Ал ардагерлерді кіреберісте күнде тексеріп тұратын күзетшілер тіпті бекеттерінен шығуға ниет білдірмеді. Ақыры ардагерлер ұйымдарының өкілдері Әскер үйіне кедергісіз кіріп-шығу үшін шлагбаумды жоғары көтерген бойы дәнекерлеп тастады. Сондай-ақ олар алдағы 10 күн ішінде шлагбаум әлі де орнында тұра беретін болса, оны мүлдем алып тастайтындарын ескертті.

Айдар Өрісбаев.    

Соңғы жаңалықтар