Аймақтар • 09 Шілде, 2020

Лоукостер құны қалтаны қақпайды

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың мамыр айында Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы алғашқы лоукостер – "FlyArystan" әуекомпаниясы өз қызметін бастаған болатын. Содан соң ел өңірлері арасында аталмыш компанияның бас директоры мен Ақтөбе облысының әкімі арасында жасалған өзара келісім-шартқа сәйкес лоукостер ұшағы Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасына қатынай бастады, - деп жазады Egemen.kz

Лоукостер құны қалтаны қақпайды

Бұл әуе кемесі азаматтарға ұшақ қызметін қолжетімді бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Өйткені билет құны қалтаны қақпайды. Әрі көздеген жерге тез жетуге де ыңғайлы. Мұндағы қатынас құжаты кейбір бағыттарға жүретін пойыз пұлынан да арзан екенін айта кеткен жөн. Мәселен лоукостер "FlyArystan" әуекомпаниясының ең арзан билеті 3999 тенгеден басталыпты.

Бүгінгі күні ақтөбеліктер лоукостерге ертерек билет сатып алу арқылы Шымкентке небәрі 8999 тенгеге ұшып бара алады. Ал алдағы күндерден бастап Ақтөбеден Атырауға 4999 тенгеге билет алып жетуге жол ашылып отыр. Осы арқылы еліміздің батыс өңіріндегі ірі көлік логистикалық орталығында ел өңірлері арасындағы ұшақ байланыстарын қалыптастыру ісінде ілгері де ілкімді қадам жасалды. Аталмыш компанияның "Тиімді", "Икемді" және "Стандарт плюс" сынды бірнеше тарифтері бар. Оның ережелері де әртүрлі. Ең басты шарт арзан билет алғыңыз келсе ертерек қамданғаныңыз жөн. Өйткені билеттер сатылымы бірнеше ай бұрын ашылады деп мәлімдейді компания мамандары.

Бүгінгі күні бюджеттік әуе тасымалдаушы паркінде алты "Airbus А320" ұшағы бар екен. Алдағы уақытта оның санын бұдан әрі көтеру көзделген. Сондай-ақ "Эйр Астана" ұлттық компаниясының құрамдас бөлігі -"FlyArystan" еліміздегі ең жас реактивті флот екені де ілкімділіктің бір көрінісі іспеттес. Оның салоны неміс компаниясының орындықтарымен жабдықталған.    Аталған ұшақтың техникалық қауіпсіздігін бас компания -"Эйр Астана" жүргізеді. Осы арқылы жоғары стандарттарға сәйкес жұмыс істеуге қажетті жағдайлар туғызылған.

 

АҚТӨБЕ