Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Халықаралық валюта қоры сарапшыларының бағалауына сәйкес, коронавирустың салдарынан биылғы және келер жылдардағы экономикалық шығындардың жалпы көлемі 12,5 трлн доллардан асады. Finprom.kz порталының хабарлауынша, биылғы төрт айда Қазақстанның экспорты 28,2 млрд долларды құрады. Бұл былтырғы ұқсас кезеңмен (28,7 млрд доллар) салыстырғанда 1,7 пайызға аз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы кері динамика 6 пайыздық межеге дейін барады деп болжауда.
ING Bank-тің валюталық стратегия жөніндегі бас сарапшысы Крис Тернер АҚШ-тағы президент сайлауында демократ Джо Байден жеңіске жетсе, сауда-саттық мәселесінде «жылымық» орнауы мүмкін деп санайды. Сарапшының пікірінше, бұл сауда соғысынан онсыз да қысым көріп келе жатқан елдердің экономикалары қалпына келуіне оң нәтиже береді.
Цифрлы сауданың септігі тиді
Осыдан екі ай бұрын Қазақстан Үкіметінің селекторлық отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бірінші тоқсанда еліміздің сыртқы сауда айналымы 2019 жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,7 пайызға артып, 21 млрд долларды құрағанын айтқан-ды. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, экспорт көрсеткішінің 4,2 пайызға өсіп, импорттың 0,1 пайызға азайғаны саудадағы тепе-теңдікке жақсы әсер етті. Министр минералды тыңайтқыштар, күнбағыс майы және тағы басқа тауарлар бойынша экспорт көлемі артқанын жеткізді.
Б.Сұлтанов пандемия шикізат емес экспорттың айналымдағы үлесін арттыру жұмыстарын жылдамдату қажеттілігін көрсетіп, нақты сабақ болғанын мойындады. Сонымен қоса экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдау шаралары және экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу жұмыстары жалғасатынын айтты. Осыған байланысты 7,7 млрд теңге бөлініп, оның 215 млн теңге сомасына 20 өтінім (майлы тұқымдар, ұн, кондитерлік өнімдер және арнайы киімдерді ҚХР, РФ және ЕО елдеріне жеткізу) мақұлданды.
Экспорттаушыларды қолдау үшін дағдарысқа қарсы орталықтың жұмысы қарқын алып, екі аптаның ішінде 120-дан астам өтініш қарастырылса керек. Сондай-ақ бейінді министрліктер мен ұйымдардың сарапшыларын тарту бағытында қолдау көрсетілгенін айтты жауапты орган жетекшісі.
– 16 тауар позициясы бойынша басымдық беріліп, оларды жаңа нарықтарда ілгерілету үшін тың шешімдер әзірленеді. Жыл басынан бері Kazakh Export желісі бойынша 39 отандық экспорттаушыға қолдау көрсетілді. Оның 26-сы төтенше жағдай кезеңінде 6 млрд теңгеден астам қаражатқа сақтандыру қолдауына ие болды, – деді министр.
Жауапты министрліктің дерегінше, Қазақстан тауарларының сыртқы нарықта жылдам таралуына электронды коммерция септігін тигізіп келеді. Б.Сұлтанов цифрлы сауда алаңдарын арттыру бағытында «Интернет-экспорттаушы мектебі» бағдарламасы іске қосылғанын айтты. Бұған қоса Alibaba платформасы арқылы 50 қазақстандық кәсіпорын өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алды.
Аталған министрлік 2025 жылға қарай тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын 41 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 24,7 млрд доллар көлемінде болған-ды.
Шикізат емес экспорт көлемі мардымсыз
Finprom.kz-тің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың төрт айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 28,2 млрд доллар болыпты, бұл былтырғымен салыстырғанда 1,7 пайызға аз. Тауарлар импорты 3,5 пайызға төмендеп, 9,8 млрд долларды құрады.
Осы ретте отандық тауарлар экспорты 0,7 пайызға қысқарып, 18,4 млрд доллар көлемінде байқалғанын айта кеткен орынды. Тұтастай алғанда, былтыр экспорт 5,3 пайызға, яғни 57,7 млрд долларға төмендегенін ескерсек, биыл экспортпен бірге сыртқы сауданың жалпы көлемінің өсу серпіні күтілген-ді. Алайда COVID-19 пандемиясының өршуі мен мұнай нарығындағы баға соғысы отандық сауда секторына кесірін тигізбей қоймады.
Шикізат емес экспортты ілгерілету мен дамыту бағытында еліміз бірнеше бағдарламаны жүзеге асыру арқылы экспорттық өнімді өткізудің жаңа нарықтарына шығуға мүмкіндік алды. Айталық алғаш рет Бангладешке әскери жабдықтар саудаланды. Италияға аккумуляторлар жеткізіліп, Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі көлемдегі бал өнімінің тасымалы жолға қойылды.
Сауданың бұл сегментін өркендетуге тиісті мемлекеттік бағдарламалар мен даму институттарының көптігіне қарамастан сыртқы нарықта Қазақстанның шикізаттық қауқары басым екені әлі де байқалуда. Қаржы порталының сарапшылары төрт айдың нәтижесі бойынша экспорттың 77,5 пайызы минералды өнімдерге (14,2 млрд доллар) тиесілі екенін нақтылады. Мәселен, металл мен металл бұйымдар саудасының көлемі 2,1 млрд доллар болды.
Теңізшілер қайтса, сауда тоқырайды
Әлемдік сауда нарығы жартылай немесе толық тоқырауы мүмкін. Себебі жүк кемелерінде еңбек ететін теңізшілердің едәуір бөлігі жұмысты тоқтатуға белді бекем буып отырған көрінеді. CNN-нің мәліметінше, мұндай ақпаратты Халықаралық көлік жұмысшыларының федерациясы таратты.
Жұмысшылармен келісімшарт мерзімін ұзартатын уақыт 16 маусымда өтіп кетті. Енді қауымдастық экипаждарға үйлеріне оралу үшін барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр.
Коронавирустық пандемияның салдарынан 200 мыңнан астам теңізші бірнеше айдан бері айлақтарға кіре алмай жүргенін айта кету керек. Егер олар кемеден кетуге байланысты шешімнен бас тартпаса, мұның арты тауар тасымалының тежелуіне немесе мүлдем тоқтап қалуына соқтыруы ғажап емес. Әсіресе бұл азық-түлік, отын және дәрі-дәрмектердің логистикасына үлкен соққы болары анық.
Саладағы осындай бейберекетсіз ахуал әлемдік көлік логистикасына кері әсерін тигізетіні күмәнсіз. Өйткені БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі дүниежүзілік конференциясының деректеріне сәйкес, әлемдік саудада тауарлардың 80 пайызы су жолдарымен жеткізіледі.
– Кейбір теңізшілер кеме бортында бір жылдан артық уақытын өткізуге мәжбүр. Неге десеңіз, әлем елдерінің үкіметтері карантинді алға тартып, жұмысшыларға жағалауға шығуға тыйым салды. Сол себепті олардың кемелерді «жүзіп жүрген түрмемен» салыстырудан басқа амалы жоқ, – дейді федерацияның өкілі Дейв Хейндел. Ол Еңбек туралы конвенцияға сәйкес, теңізде 11 ай ғана болуға рұқсат берілгенін, алайда 15 айдан бері құрлықты көрмеген теңізшілердің бар екенін жеткізді.
Maersk – контейнерлер тасымалымен айналысатын әлемдегі ең ірі компания. Аталған монополист 6,5 мыңнан астам теңізшінің 35 пайызы акваторияда келісімшартта қарастырылғаннан әлдеқайда ұзақ уақыт болғанын хабарлады. Нарықтағы негізгі қатысушылар әлем үкіметтерін саладағы «гуманитарлық дағдарыспен» күресуге дәрменсіз деп айыптап отыр. Жоғарыдағы тәуекелдерді ескерген мемлекеттер қазір азық-түлік қорын жасақтап, қауіпсіздік шараларына айрықша мән беруде.