Руханият • 14 Шілде, 2020

Балалардың заманауи кейіпкері кім?

1727 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сарапшылар адамды тану үшін бет әлпетіне үңілмей-ақ оның бала күнінде оқыған кітабы арқылы сипаттама беруге бола­тынын айтады. Ал ана тілін­дегі көркем әдебиеттердің, танымдық басылымдардың тап­шылығы бар қоғамда ата-ана баласына қандай кітап оқытып жүр?

Балалардың заманауи кейіпкері кім?

Жуырда Парламент қабырғасында ел Үкіметінің назарын балалар әде­биетін дамытуға аударған сенаторлар осы бағытта кешенді бағдарлама жасау­ды ұсынған болатын. Жазушы­лардың басқосу жиындарында да жиі айтылып, жазылып жүрген көкейкесті мәселе әзірге шешімін таппай тұрғаны белгілі.

Балалар әдебиетінің түйткілді мә­селесі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бергі аралықта күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде М.Әуезов «Әр жылдар ойлары», «Ертегілер» де­ген еңбектерінде «Балалар әде­бие­тінің арғы төркіні халықтық шығар­малардан туады» деп көрсетсе, Саттар Ерубаев «Балалар әдебиетін жасайық» деген мақаласында мектепте оқитын мыңдаған оқушының әдебиетке шөліркеп отырғандығын айта келіп, «Қандай тақырыпта жазылмасын, балалар шығармаларының басты кейіпкері баланың өзі болуға тиіс. Балалардың өз тілімен өз өмірлерінен жазып беріңдер» деп атап өтеді. Қазақ қаламгерлері балалар әдебиетінің өзекті мәселелерін жиі ортаға сала отырып, саланы дамылсыз алға жылжытып, балалардың сұранысынан шығуға тырысып отырған. Заманның қиын-қыстау кезеңдерінің өзінде балалар әлемінің көркем әрі жарқын дүниелері жарыққа шықты. Ал әлем­нің озық отыз елінің қатарына қо­сылуға ниет еткен қоғамның балалары қандай шығарма оқиды? Ғаламтор кеңістігі, әлеуметтік желілерде балалар кітабының рейтингі тек шетел әдебиеттерінің оқылымымен шектелуін қалай қабылдаймыз? Осы орайда сала мамандары мен жас авторлардың пікірлеріне зер салып көрген едік.

Бүгінде жарнамасы жер жарып тұрмағанымен де жақсы шығармалар бар. «Алматыкітап баспасы», «Ата­мұра», «Аруна», «Мектеп», «8&8», т.б. баспалардан шыққан түрлі-түсті танымдық әдебиеттер сұранысқа ие. Алайда аз таралыммен шығатын кітап­тар өз оқырманына жетпей жатады. Балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым бүгінде мемлекеттік бағ­дарлама аясында балалар әдебиетін шығаруға жекелеген тендер жариялау қажеттігі жиі айтылып жүрген мәселе, дейді. Жалпы балалар әдебиетін дамыту үшін бөле жарып, жоспарлы түрде Үкімет тарапынан көңіл бөлінуі тиіс. «Дарабоз», «Балауса» сияқты үздік шығармаларға конкурс жариялау жағы жетіспейді. Кітап дүкендерінде балалар кітабы жоқтың қасы. Балалар әдебиеті дамыса, тіл де дамиды», дейді балалар жазушысы.

Елтанымдық және балалар кіта­бын шығаруда жиырма жылға жуық тәжірибесі бар «Алматыкітап баспа­сының» вице-президенті Альмира Сужикова «қазақ тіліндегі кітаптар аз» деген уәжімізге орай бүгінде үш мың аталыммен кітап шығаратын баспаның қоржынында балаларға арналған ерекше туындылардың, танымдық дүниелердің мол екендігіне қатысты пікірін білдірді. Қазақтың эпостық жырларынан бастап, Абай мен Ы.Алтынсарин, С.Мәуленов, О.Асқар, Е.Өтетілеуұлы, З.Ахметова, Е.Елубаев, Ш.Күмісбайұлы, С.Има­насов, Ж.Смақов, Қ.Баянбаев, т.б. авторлар шығармаларын тұрақты жарыққа шығарып отыратын баспада «Менің Қазақстаным» топтамасымен соңғы он сегіз жылда тәуелсіз елдің рәміздерінен бастап қазақтың салт-дәстүрі, табиғаты, қолөнері, мақал-мәтел, кесте тігу өнері, қару-жарағы мен саяхатшылығы, ертегілері туралы танымдық көркем дүниелер еліміз ғана емес, шетелдер тарапынан да зор қызығушылық туғызуда. Ал балаларға арналған үш тілді кітаптарды жарыққа шығаруды бірінші болып қолға алған өндірістегі ерекше жобалардың бірі «Менің алғашқы кітабым» топтамасы кішкентай оқырмандар үшін айналаны танып-білуге арналған көптеген мағлұмат ұсынады.

Аталған баспа елімізде сауда же­лісі бар өндірістердің бірегейі. Баспада түрлі-түсті безендірілген та­нымдық әдебиеттер баршылық. Десек те балаларға қажетті көркем дүниелердің алыс аймақтардағы ауыл баласына қолжетімсіз екенін бүгінгі ахуал көрсетіп отыр. Ал балаларды ерекше шығармалармен қызықтыруда ертегінің рөлі зор деп атап өткен «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» әдістемелік құралының авторы Маржан Ершу «Ертегітерапия – әдебиет, сөз өнері, психология, педагогика, психотерапия, тарих, логика, мәдениеттану мен философияның жинақталған синтезі. Бүгінде ертегітерапия Батыс елдерінде, Ресей мектептерінің іс-тәжірибелерінде шығармашылық әдістемелік ретінде кеңінен қолда­нылуда» деп атап өтті. «Ит пен бала туралы ертегі», «Құдіретті қо­быз», «Терістік жел мен бала», т.б. ертегі­лерін жазуға інісі Нұрсұлтанның әсері болғандығын айтқан Маржан Ершу шығарма қандай тақырыпта болсын, оның өн бойында адам тағдыры жатады дей келе кез келген тақырып зерттеп-зерделеуді қа­жет ететіндігін айтады. Заманауи оқыр­манның ұғымы, талап-түсінігі ерек­ше болғандықтан, сана-сезімін, дүниетанымын дұрыс бағытта дамыту үшін оның жан дү­ниесін, яғни рухани иммунитетін кү­шейтуге тура келеді. Болашақта ертегілерін жинақтап аудио­кітап түрінде шығаруды жос­парлайтын шы­ғармашыл тұлға тек жазуды ғана ойлап, насихаттау жағына көңіл бөле бермейтіндігін айтады. Осы орайда жас оқырмандарға «Тауға саяхат» әңгіме-хикаятымен жақсы таныс Ме­йіржан Жылқыбай «Жазушы өз шығармасының сатушысы екенін ұмытпауы керек» деген пікірде. Оның айтуынша, елімізде көп болмағанымен, заман талабына сай жақсы шығармалар жарыққа шығып жатыр. «Бірақ біз­дің әдебиетте маркетинг жоқ. Әде­биетшілер өзі қа­лаған тақырыбын жазады. Наси­хаттау жағы кемшін» деп атап өтіп қазақ жазушыларының бірін-бірі оқымайтындығына оқырманды зерт­теу, іздену жағына бара бермей­тіндігіне назарын аударды. Сонымен бірге авторлардың қызықты тақы­рыптарды қамту жағы кемшін. Бүгін­гінің балаларын кішкентай ересектер деп санайтын Мейіржан оларға мәжбүрлеп кітап оқытып, өзіне ұна­маған істі жаса деп те айта алмаймыз, дейді. Ал тәрбиені баланың бабына қарай беру қажет деп санайтын жас автор балалардың Lol сияқты қуыршақтарға қызығушылығының себептерін мысалға келтірді. Ата-ана баланың көңілін аулау үшін бұл ойыншық бағасының қым­баттығына қарамастан алып береді. Өйткені қуыршақ өндіріске енбес­тен бұрын балалардың талғамы, сұранысы тұр­ғысынан зерттелген. Заманауи талаптар ескерілген. Сол сияқты кітап өнімдерінің, таңдалған тақырыптардың да ерекшеліктері ескерілуі қажет.

Балалар мен жастар әдебиетінің дамуын жеке баспалар мен мемлекеттің қамқорлығымен байланыстырған ақын, журналист Серікбол Хасан жақсы кітаптар шығарып жатқан бас­палар бар екендігін айтады. Алайда заманауи технологияларды пайдалана отырып, мазмұны, безендірілуі жағынан балаларды қызықтыратын көркем кітаптар шығаратын баспа­лар жоқтың қасы. Нарық талаптарына сай өнім шығару үшін қомақты қаржы, үлкен ізденіс керек. Ал отандық бас­палар мұндай тәуекелдерге барғысы келмейді. Осы орайда Еуропа, Ресей сияқты шетел өнімдерінің ерекше­лік­теріне тоқталған Серікбол Хасан бұл нарықтың ерекше дамығандығын назарға алды. Балалар үшін ойын түріндегі, кейіпкерлері қимылға тү­сетін, тіптен хош иісті кітаптар бала­лардың ерекше назарын аударады. Осы тұста шетел баспаларынан үйренеріміз көп деген Серікбол Хасанның айтуынша, өндірісте бас­пагердің, автор мен суретшінің шығармашылық үйлесімі аса қажет. Осы шығармашылық бірлестіктің ын­тымағы арқасында көркем, сұранысқа ие туындылар жарыққа шығатыны сөзсіз. Ал тақырыптық ізденіске келер болсақ, балалардың белгілі бір аудиториясы үшін сериялық оқи­ғалар қызықты. Олардың біріне жаңа технологиялар, келесісіне жануарлар әлемі, қиял-ғажайыптар тартымды. «Өткен ғасырдың елуінші жылдарында америкалық жазушы Доктор Сьюз жазған шығармалар сияқты сериялы туындылар бізге де керек. Осы тұрғыдан алғанда заманауи бала­лардың талғамын ескерген абзал» дейді. Тақырып таңдауда арнайы сараптама, сауалдамалар жүргізу қажеттігін алға тарта отырып, балалар мен жасөспірімдердің Хәрри Поттерге қызығушылығы турасында да сөз қозғаған Серікбол Хасан бізде бұл бағытта жазатын авторлардың жоқ әрі балалардың сұранысынан шығатын танымдық әдебиеттердің аз екендігіне тоқталды. Ал балалар әдебиетті ғана оқысын дегенмен шектелмей, олардың ой-өрісінің дамуына ықпал ететін жан-жақты танымдық дүниелерді шығару керек. Өйткені балалардың бірі дәрігер болуды қаласа, енді бірі IТ саласын меңгергісі келеді. Осы орайда заман үдесінен шығатын туындылардың жазылуы қаламгерлердің әлеуметтік жағдайына байланысты. Ол үшін салаға мемлекеттің қамқорлығы қа­­жет. «Әлеуметтік жағдайы болма­ғандықтан, бүгінде көптеген жас жа­­зушылар журналистика саласына кеткен. Қай заманда да әдебиет мемлекеттің қолдауынсыз алға бас­пайды. Әлеуметтік қамтылса, емдеу-сауықтыру орындары қолже­тімді болса, автордың жазуын ғана ойлайтыны хақ. Шетелдегідей баспагер жазушыны іздеп жүретін жағдайға жеткенде ғана заманауи туынды жазылады. Ал бүгінгінің қаламгерлері қолжазбасын басатын баспа, шығарып беретін демеуші іздеп шарқ ұрып жүреді. Әрине жақсы туынды жазу­шының талантына байланысты туады дейтін болсақ, нарықта бәсеке қалыптасқанда ғана мықты авторлар өздігінен сұрыпталып, суырылып алға шығатыны заңдылық. Бүгінде қоғам даңғаза болған эстрададан бірте-бірте дәстүрлі әнге орала бастады десек, сол сияқты дәстүрлі әдебиетімізге де қайта оралып келеміз» деп атап өтті Серікбол Хасан.

«Ертегілер елінде» журналын шы­­ға­рып жүрген Әдина Жүсіп ба­ла­лар тақырыбына қалам тартып жүрген жас ақын-жазушылардың шығармалары қазақы ортаға жақсы таныс еместігін айтады. Ақын-жазу­шылардың шығармалары теледидар, радиолардан күнделікті 10-15 минуттық бағдарламалар арқылы насихатталуы қажеттігін алға тарт­қан жас автор «Жазушы неге бұл тақырыпты таңдады? Балаларға не айт­қысы келгендігін сарапшы түсі­нікті тілде қызықтыра жеткізсе, жа­зушы ескермеген тұстар айтылып, шығарма талданса» деген ұсы­нысын білдіріп, «Мен оқыған шығарма» сынды айдарлар қажет екендігін айтады. Әдина Жүсіптің айтуынша, ба­ланы қызықтырып оқытқан пайдалы. Қандай тақырып көтерілсе де адамгершілік пен мейірім наси­хат­талуы керек. Балаларға Ниндзя тасбақалар, Моана сияқты еліктейтін төл кейіпкерлерімізді қалып­тас­тыруды ұсына отырып, «Әлемді ұлт­тық құн­дылықтармен, қазақы бол­мыспен ғана таңғалдыра аламыз. Балаларға арналған фантастикалар, сатиралық шығармалар керек. Ұлы адамдардың балалық шағына қатысты фильмдер түсірілсе» деген ойларын ортаға сал­­ды. Ал жас ақын Ретбек Мағаз «Заманға сай балалар шығармалары болғанымен, мардымсыз» екендігін айтады. «Балаларға арналған туындыларды насихаттау­да сурет өнері, мультфильм жасау, кино саласы қа­тар дамып, бір-бірін толықтырып, оқыр­манына әртүрлі жолмен жетіп отырса» деген пікірде. Бүгінгі балалар бұл жағынан «ашқұрсақ». Же­гісі келмейтін, мерзімі өтіп кеткен дүниелерді жеуге мәжбүр. Сол себепті біз балаларға ешқандай сая­си шектеу­ге ұшырамаған, таптық көз­қарастан аулақ, Абай айтқандай «Адамзаттың бәрін сүйетін» идеясы ақаусыз, заманға сай шығармалар жазып, ұсынуға тиіспіз деп атап өтті Ретбек Мағаз.

Қоғамды толғандырған кішкен­тайлар әлемінің үлкен мәселесі осындай. Ал салаға жанашыр жандардың айтар ой-пікірлері мұнымен шектел­мейді. Дегенмен де осы тұста аңға­ратын жайт, балалар әдебиеті дамы­май, бүтіндей кітап нарығы алға жыл­жымайды. Ең бастысы, оқырманы да, авторы да дайын, көркем дүниеге сұраныс бар қоғамда сең әлдеқашан қозғалған, тек өндірістік дүмпудің беталысы мемлекеттің бетбұрысына тәуелді болып отырғаны анық.