Аймақтар • 15 Шілде, 2020

Еріктілердің елге көмегі

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы емдеу мекемелеріне оттегі баллондарын жеткізу жолға қойылып, бұл іске кәсіпкерлер, еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері үлес қосып отыр.

Еріктілердің елге көмегі

Бір жұтым ауаға зәру болып жатқан жандарға «Абзал и К» шар­уа қожалығының басшысы Мағжан Ерәлиев 700 баллон алып берген. Дәл осындай көлемдегі көмек облыстық мәслихат депутаты Расул Есеновтен, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаевтан да келіп түсіпті. «Абай-Дәулет» шаруашылығының жетекшісі Мұрат Сәрсенбаев 300, жеке кәсіпкер Нұржан Байжігітов 50 оттегі баллонын берген. Іскер азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан жиналған көмекті Асхат Байдәулетов басқаратын «Ел Арай» қоғамдық бірлестігі тегін тасымалдап жатыр. Қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов бұл іске қоғам белсенділерінің, волонтерлердің  көп үлес қосып отырғанын айтады. Волонтерлер оттегі баллондарымен бірге дәрі-дәрмек жеткізуді де ұйымдастырып, қиналғандарға қол ұшын созуда.

– Осы уақытқа дейін бір емдеу мекемесінің сұранысы 25-30 баллоннан аспайтын. Қазір қалалық аурухананың өзі бір күнде 160-170 баллонға тапсырыс береді. Әрине қазір пайда ойлайтын уақыт емес, емханалар мен ауруханаларға барынша арзан бағада қызмет көрсетіп отырмыз, – дейді «Шыңғыс ЛТД» ЖШС басшысы Ерік Жүнісов.

Тұрғындар тарапынан шақырту­лардың күрт көбеюіне байланыс­ты 29 маусымнан бастап облыс орталы­ғындағы емханалар қала әкімдігі балансын­дағы 23 қызметтік көлікті пай­далана бастады. Мамандар осы көліктермен 1 500-ден астам шақыртуға барып, жұртқа дәрігерлік көмек көрсеткен. Қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы және дербес бөлім басшылары шаһар аума­ғындағы барлық ауруханалар мен ем­ханаларға жауапты болып бекі­тілді.