baikal24.ru
125 млн тонна қалдық бар
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Жыл сайын 5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Еліміз бойынша оның қайта өңдеу үлесі тек 15%-ды ғана құрайды. Бұл жеткіліксіз. Үкіметке Waste to energy (Қалдықтан қуат алу) технологиясын енгізу үшін заңнамалық базаны және қолайлы инвестициялық жағдайларды жедел қамтамасыз ету қажет. Елді мекендердің айналасындағы бейберекет қоқыс орындарына байланысты проблемалар шешілмей келеді. Бір реттік рейдтердің, салынған айыппұлдардың және экологиялық айлықтардың бұған беретін әсері аз. Экология министрлігі тарапынан жүйелі жұмыс ұйымдастырылуы қажет», деді. Қазақстанда тұрмыстық қалдықты жинауда әлі де ортақ мәдениеттің қалыптаспағанын, сондай-ақ қайта өңдеу мәселесіне жіті мән берілмей келе жатқанын да тілге тиек етті.
Еліміздің экологиялық ландшафты жылдан-жылға жақсарып келеді деуге ауыз бармайтыны рас. Айталық қоқыс төгуге арналған 3 мыңнан астам полигонның 83%-ы тиісті талапқа сай келмейді. Қазір бұл жерлерде 125 млн тоннадай қатты тұрмыстық қалдық жатыр.
Коммуналды қалдықтардың өсімі жылдан-жылға 5%-ға ұлғаюда. Салалық министрліктің дерегіне сүйенсек, былтыр 94 елді мекенде қалдықты бөлек жинау орындары жасалып, қайта өңдеу саласына 218 кәсіпорын тартылды. Өңделген шикізаттан 20-дан аса өнім түрі шығарылады.
Жалпы, қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу мәселесінің көтеріліп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. 2017 жылы республика бойынша өңделген ҚТҚ-ның үлесі 9%-ды құраса, арада үш жыл өткеннен кейін, яғни биыл бұл көрсеткіш 15%-ға жетті. Үш жылдағы өсім – 6%. Бұдан динамикалық серпінді байқау қиын, әрине.
«Қазақстан халқының 70%-дан астамы қалдықтарды шығару және жинау қызметтерімен қамтылған. Біздегі полигондардың қуаты толығымен таусылды десек те болады. Олардың дені экологиялық және санитарлық талаптарға сай емес. Аймақтарда қоқысты өңдеуге қажетті инфрақұрылым жоқтың қасы. 2016 жылы енгізілген РОП бірыңғай операторы арқылы ҚТҚ өңдеудің көлемін 6 есеге арттыруға мүмкіндік алдық. Алайда бұл мүлде жеткіліксіз. Салыстырмалы түрде айтсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30%-дан асады», деген болатын салалық ведомствоның есептік кездесуінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Жауапты орган басшысының айтуынша, қайта өңдеудің оң нәтижелері Маңғыстау, Алматы облыстарымен қатар Шымкент шаһарында байқалған. Керісінше қалыс келе жатқандардың көшін Шығыс Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары бастап тұр.
10 мыңға жуық заңсыз полигон анықталды
Сала өкілдері заңсыз қоқыс полигондарының да жыл санап көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Мәселен, былтыр ғарыштан жүргізілген бақылаудың нәтижесінде 10 мыңға тақау заңсыз полигон орындары анықталды.
«Министрлік тарапынан бұл қалдықтарды жою бойынша әкімдіктермен бірге арнайы кесте құрылып, шамамен 30% немесе 400 мың тонна көлемінде қалдық жойылды. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе облысының жылдық нормасы. Аталған проблеманы жүйелі түрде жою үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқысты шығаратын көліктерге GPS құрылғысын міндетті түрде орнату талабы қарастырылып отыр», дейді М.Мырзағалиев.
Осы ретте министрлік мұндай ауқымды көлемдегі қалдықты қалай қысқартпақ деген заңды сауал туындайды? Бүгінде еліміз бойынша қоқыс шығарудың орташа тарифі бір адамға есептегенде шамамен 200 теңге көлемінде белгіленген. Ал оның өзіндік құны бірнеше есе жоғары дейді экологтар. Сарапшылар тарифтің құнын көтеру мәселені түбегейлі шешпейтінін айтады. Бұл орайда министрлік еуропалық тәжірибені ескеріп, Waste to energy тетігін енгізуді жөн деп тапты.
Аталған технологияның негізінде қоқыстан электр энергиясы өндіріліп, оны ортақ желіге сату қарастырылмақ. Осылайша қоқыс өңдеу саласының инвестициялық тартымдылығы артып, бұл сегментке жеке инвестициялар тартылады деп күтілуде. Нәтижесінде қоршаған ортадағы зиянды қалдық көлемі азая түседі.
Операторды кім қадағалайды?
Мәселенің барлығы осымен шешіле қойса жақсы, әрине. Әйтсе де бірыңғай РОП операторының қызметіне қатысты сұрақ аз емес. Елімізде қайта өңдеу саласында еңбек еткісі келетін кәсіпорындар жоқ емес, бар. Бірақ іскерлік ортадағы азаматтардың пікіріне құлақ түрсек, РОП бұл саланы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған монополиске айналған.
Мәселен, Райхан Смағұлова жолдасы екеуі рециклингпен айналысатын бас шаһардағы кәсіпорынның бірін 2016 жылдан бері шикізатпен қамтып келген болатын. Алайда ортақ диспетчер шикізаттың бағасын тым арзанға бағалайтындықтан бұл кәсіпті тастауға тура келгенін айтады іскер азаматша.
«Неге бұл салада бір ғана оператор болуы керек? Кәсіпкер ретінде біз мұны түсіне алмаймыз. Нарық заманы болған соң, бәсекелестік еркін әрі әділ болуға тиіс. Мысалы, біз жарамсыз көлік дөңгелектерін және басқа да қатты қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын компанияға өткізіп келдік. Алайда шикізат 35-40 теңгеге бағаланса, РОП оның 10 теңгесін өзіне қалдырады. 5 теңгесі бізге төленсе, қалған ақша логистикалық ұйымға беріледі. Экономикалық тұрғыдан түсініксіз тұстар аз емес. Әжептәуір шығынға баттық. Сол себепті бұл істі тастаудан басқа амалымыз қалмады», деді кәсіпкер.
Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 70%-ға өсіп, 3,4 млрд тоннаға жетеді. Бұл дегеніңіз келешекте Жер планетасының үлкен қоқыс полигонына айналуға шақ қалғанын білдірсе керек. Өкінішке қарай, Жер-ананың қоқысқа көміліп бара жатқанына Қазақстанның да қосып жатқан үлесі аз емес.