Кеше «Самұрық-Қазына» Қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қол қою рәсіміне Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты.
– Бұл шаралардың барлығын ел Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдады. Өздеріңіз білетіндей, жақында Елбасымен кездесу өтіп, онда ол Қордың ішкі қорынан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі медициналық орталық салуға қаражат бөлуді тапсырды. Бұл орталықтар халыққа медициналық қызмет көрсету үшін ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу әлеуетін шоғырландыруға арналатын болады. Аталған жұмысты біз бастадық, қаражатты резервке салдық, – деген Ахметжан Есімов індетпен күресте ынтымақта болуға шақырды.
Қордың басқарма төрағасының айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры «Ресей тікелей инвестициялар қоры» АҚ басқарушы компаниясынан вирусқа қарсы қолданылатын «Авифавир» дәрісін сатып алып, 3 мың дәрі-дәрмектің алғашқы партиясын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырды. «Авифавир» – бұл клиникалық зерттеулерде тиімді екендігі дәлелденген, әлемдегі коронавирусқа қарсы екі дәрінің бірі.
Сөз соңында қор басшысы Денсаулық сақтау министрлігінен медицина орталықтары бойынша техникалық тапсырма алуды тездетуді, ал аталған қалалардың әкімдерінен тиісті коммуникациялары бар жер учаскелерін бөлуді сұрады. Сондай-ақ Ахметжан Есімов «Ресей тікелей инвестициялар қорының Басқарушы компаниясы» АҚ-мен онлайн-конференция барысында компания басшысы Кирилл Дмитриевке алғыс айтты.
– Денсаулық сақтау министрлігі атынан Қордың көрсеткен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігіне және жұқпалы аурулардың, оның ішінде коронавирустың өршуіне қарсы күресте ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ықпал еткеніне алғыс білдіреміз. Меморандум қазіргі эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге дер кезінде қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Алексей Цой.
Төтеннен келген індеттің қарқыны еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсіріп тұрған шақта «Самұрық-Қазына» қоры төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап күреске белсенді қатысып келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының коронавирус пандемиясына қарсы күреске барынша атсалысуы қажеттігін атап өткен болатын. Осы орайда Қор Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында инфекциялық аурулардың алдын алу және бақылау бойынша екі клиника құрылысын қаржыландыратын болады. Індетпен күрестің нәтижелі болуына үлес қосып келе жатқан Қор наурыз айында 6 млн қорғау маскаларын сатып алуды қаржыландырды, сондай-ақ экономиканың өсуін нығайту, отандық тауар өндірушілерді қолдау және денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдады.