Аймақтар • 23 Шілде, 2020

Қарағанды облысында жылжымалы дәріханалар жұмыс істей бастады

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирус қарқын алған кезде Қарағанды облысындағы ауылдардың дәрі-дәрмексіз қалғаны туралы  мәселе әлеуметтік желілерде оқтын-оқтын көтерілген болатын. Бүгінгі күнде осы айтылған сыннан қорытынды шығарған облыс басшылығы жіберілген кемшіліктерді жою мақсатында тың да тиімді жобаларды қолға алды, деп жазады Egemen.kz

Қарағанды облысында жылжымалы дәріханалар жұмыс істей бастады

Мысалы, бүгінгі күнде алыстағы аудан, шалғайдағы ауылдарға қажетті дәрі-дәрмектің мол партиясы жылжымалы дәріханалардың көмегімен жеткізіле бастады. Әзірге бұл игі іс сынама жоба ретінде облыстағы Ақтоғай және Ұлытау аудандарын қамтып отыр. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, алдағы уақытта жылжымалы дәріханалар облыстың басқа да аудандары бойынша дәрі-дәрмек жеткізумен айналыса бастайды.

Жоғарыда аталған екі аудан облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Олардағы ауылдар да аудан орталығынан және бір-бірінен алыс жерде жатыр. Елді мекендерде дәрі-дәрмек сатып алатын бірде-бір коммерциялық дәріхана болмағандықтан, тұрғындар қажетті препараттарды аудандардағы  орталық ауруханалардың әлеуметтік дәріханаларынан ғана табатын.

Жылжымалы дәріханалар жобасын жүзеге асырудың тамаша шешім болғанын айта кеткен ләзім. Онда жүрек-қан тамыры жүйесі мен гипертониясы бар пациенттерге арналған өмірлік маңызы бар препараттар, ББҚ мен емдік шөптерді сатып алуға болады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары қажетті дәрі-дәрмекке алдын ала тапсырыс та бере алады.

"Қазір бізде аудандық ауруханадан басқа стационар, алты ауылдық дәрігерлік амбулатория, бір фельдшерлік-акушерлік бекет және ауылдарда 16 медпункт жұмыс істейді. Біздің мобильді дәріхана амбулаториялар мен медициналық пункттер арқылы шалғай елді мекендерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді", – дейді Ақтоғай ауданының орталық ауруханасының директоры Саттар Әбдіғұлов.

Бұл шаруаны жүзеге асыру үшін арнайы қызметкерлер аптасына екі-үш рет Қарағандыға барып, фармацевтикалық компаниялардан қажетті препараттарды көтерме бағамен сатып алады екен. Дәріхана әлеуметтік болғандықтан, барлық дәрінің бағасы коммерциялық атауларға қарағанда әлдеқайда төмен. Егер жекеменшік дәріханаларда сату пайызы шамамен 30%-ті құраса, мұнда сатып алу бағасына тек 5% қана үстеме қосылатын көрінеді.

Өткен айда қоймаларда болмағандықтан, кейбір дәрі-дәрмек түрлерінің жетіспеушілігі байқалғаны рас. Бұл ең алдымен антибиотиктерге, қабынуға, вирусқа қарсы және антикоагулянттар сияқты препараттарға қатысты болды. Қазір қайырлы іс қайта жанданып, аспирин, парацетамол және олардың баламалары, қан сұйылтатын препараттар, антибиотиктер қаладан жеткізіле бастапты.

Дәл осындай дөңгелекті дәріхана Ұлытау ауданының тұрғындарын да дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жүр. Мұнда да медициналық препараттарды  тиеген көліктің ауылдарға бару кестесі аудандық газеттер мен әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады.