19 Қазан, 2013

Тоғыз миллионыншы қазақтар пәтерсіз қалғалы тұр

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында еліміздің 9 миллионыншы қазағына тарту етілген пәтерді әкімдік қайтып алғалы жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Атырау облысында еліміздің 9 миллионыншы қазағына тарту етілген пәтерді әкімдік қайтып алғалы жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Бұдан жеті жыл бұрын Индер ауданындағы Әзер­­­­­­баевтар әулетінде егіз балалар дүниеге келген. Қазақстанның 9 миллионыншы қазағы атанған бүлдір­­­­шіндерге арнап, сол кездегі аудан әкімдігі үш бөлмелі пәтерді сыйға тартқан. Бірақ егіздің ата-анасы үйді әлі күнге дейін өз аттарына аудара алмай келеді.

Егіздердің атасы Мақтым Әзербаев қос немересі дүниеге келгенде жарияланған мақалаларды мұқият сақтап қойыпты. Барлығы да Әсем мен Әсетке пәтер берілгенін қуана хабарлапты. Бірақ Әзербаевтар әулеті бұл қуаныштың алдамшы екенін сол кезде білмесе керек. Аудан әкімдігі үйдің бюджеттен берілгенін айтқанымен, жекешелендіруге жатпайтынын ескертуді «ұмытып кетіпті».

«Бұл мәселе бірнеше жылдан бері созылып келеді. Әкімдіктің кесірінен деп ойлаймыз. Мемлекеттің бізге берген пәтерін жалға берем деген шешім кабылдап отыр. Ол үшін ай сайын 3 мың теңге төлеп отыру керек. Біз мұны сатып берген пәтер деп есептейміз!», – дейді Мақтым Әзербаев.

Әсет пен Әсем қазір 1-сыныпқа барып жүр. Әрине, 9 миллионыншы қазақ ретінде алған пәтерлерінің соңы дауға айналып бара жатқанын бүлдіршіндер білмейді. Ал аудан басшылығы жағдаймен жақсы таныс. Тіпті, мәселені шешуге де талпындық деп сендіріп отыр. Бірақ еліміздегі тұрғын үй заңы сыйға берілген пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік бермейтін көрінеді.

«Мақтым Әзербаев жолдастың үйді жекеше­­­­­­лен­діріп беру туралы сұранысын қанағаттандыруға мүм­кіндік жоқ. Бірақ болашақта заңда өзгерістер бол­ған жағдайда бұл өтінішті қанағаттандыруға ты­ры­самыз және үнемі бақылауда ұстаймыз», – дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла Балахметов.

Әкімнің орынбасары болашақты болжап отырғанда егіздердің ата-анасы сыйға алған пәтерді ақыры мемлекетке қайтаруы тиіс. Дегенмен, әуелде басыбүтін берілмейді деп ескертуді ұмытқан басшылық кінәларын түсінген болар, әзірше, үйді паналай тұруға рұқсат беріпті.

Айтқандай, егіздердің өкіл әкесі Атырауға белгілі кәсіпкер, Мәжілістің бұрынғы депутаты Болат Қонарбай деген азамат. Кезінде өзін өкіл әке жариялап, тіпті «Бір апта ішінде үй табыңдар, ақшасын өзім төлеймін» деген екен. Алайда, уәдесін сол күйі ұмытқан сияқты.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.

Соңғы жаңалықтар