Аймақтар • 31 Шілде, 2020

Мектеп құрылысы мерзімінде біте ме?

480 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде Тараз қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары көп. Мемлекет қолдауының нәтижесінде балалардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылуда. Әсіресе, көне шаһарда білім ошақтарын салу, талай жылдан бері жөндеуді қажет етіп келген мектептерге көңіл бөлу мәселесі шешімін табуда.

Мектеп құрылысы мерзімінде біте ме?

Қазіргі талапқа сай, кез кел­ген құрылысты жүргізетін мер­дігер компанияның конкурс не­гізінде анықталатыны белгілі. Сол сияқты Тараз қаласында да бірқатар мердігер компания өздеріне тиесілі нысандарды бөліп алып, жұмыс жүргізуде. Дегенмен қазіргі кезде кейбір мер­дігер компаниялардың жа­уап­­сыз­дығынан жұмыс жүйелі жүр­мей тұр. Құжат бойынша қант­­тай, ал іске келгенде іркіліп қалатын жауапты мекемелердің бұл жолы да айтатын «жыры» таусылмай отыр. Бірі індетті сылтауратса, енді бірі жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтайтынына сендіріп бағуда. Жамбыл облы­сының әкімі Бердібек Сапар­баев Тараз қаласында ауқымды жұмыстың жүзеге асуы тиіс екенін, бұл ретте мердігер ком­па­ниялардың белсенділігі, жұ­мысқа жауапкершілігі, құрылыс жұмысын кестеге сай сапалы әрі ширақ жүргізуі аса маңызды екенін ескерткен болатын. Тіпті өзі Тараз қаласында құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мердігер компаниялардың жұмы­сына сын да айтқан еді. Ал бұл сыннан жаңа оқу жылына дейін нәтиже шыға ма, жоқ па, ол жа­ғын уақыт көрсетеді.

Қазіргі кезде Әлихан Бөкей­хан атындағы гимназияның 300 оқушыға арналған нысанын ке­ңейту жұмысы жүргізілуде. Әри­не, мемлекет тарапынан тиіс­ті қаражат бөлініп, барлық мүм­кіндік қарастырылса да мұн­дағы жұмыс негізгі кестеден екі аптаға кешігіп отыр. Бүгінде бұл жұмыстың көлемі 21 пайызға ғана орындалған. Осындағы құ­рылыс жұмыстарын жүргізіп отырған «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС учаске бастығы Қанат Түсіпбековтің айтуынша, біраз жұмысшылар сырқаттанып қалған. Сондықтан жұмыс ке­шеуіл­деп тұр. Алайда мерді­гер­ компанияның өкілі негізгі кестеде көрсетілген жұмысты уа­қытында орындайтындарын жеткізді. Мұнда құрылыс биыл наурыз айын­да басталғанымен, бүгінде жұ­мыс­тың еңсерілген түрі көрін­бейді. Төрт айдан бері тым болмаса жұмыстың жартысы да бітпеген. Енді бір айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Сонымен қатар ер балаларға арналған «Білім» инновациялық лицейінде де 300 орындық жатақханаға күр­делі жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Аталған лицейде 380 ерекше зерек балалар білім алады. Білім ошағындағы жөн­деу жұмыстарына «Санат-Құрылыс» мердігер компаниясы жауапты. Ал аталған мер­дігер компанияның өкілі Әсет Ахатаевтың айтуынша, бұл жерде 40-тан астам адам жұмыспен қамтылған екен. Жұмыс барысында ол жатақхананың алдындағы спорт алаңдары да жөнделетінін жеткізді. Б.Сапарбаев мұндағы құрылыс барысын да аралап көріп, қаржыны тиімді пайдалануды, жатақхана алдында ор­наласқан оқушылардың демалатын жабық орындықтарды жақсы безендіру қажеттігін, құ­рылысты алдағы жаңа оқу жылына дейін аяқтау керек екенін айтты. Сол сияқты дарынды балаларға арналған облыстық «Дарын» мектеп-интернатының күрделі жөнделуіне де 200 млн теңге бөлінген. Жұ­мыстың сапалы атқарылуына «Касуб-Тараз» мердігер компания­сы жауапты. Компания директоры Өркен Аптиялиевтің айтуын­ша, бұл жерде 102 жұмысшы еңбек етуде. Жұмысшылардың жалақылары талапқа сай төленіп, қазір құрылыстың 60 пайызы аяқталған. Дегенмен облыс бас­шылығы тарапынан ғимарат сыртының күңгірт екені, оның қара түспен боялғаны сынға ұшы­рады. Шынында да бұл өнді­рістік зауыттың жатақханасы емес, болашақ иелері тәлім алатын білім ошағы. Сондықтан да қазына қаржысына дұрыс нәрсенің жасалғаны жақсы. Аталған мақсатқа 263 млн тең­ге бөлінген. Енді мектеп құры­лысына жауапты мердігер ком­панияның соған сай жұмыс ат­қаруы аса маңызды. Сол сияқты Тараз қаласында 400 студент білім алатын Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде де жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған колледждің студенттері автокөлік жөндеу, дәнекерлеуші, экскваторшы сияқты жұмысшы мамандықтары бойынша білім алады. Мұнда үш мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Сонымен қатар атал­ған колледж Елбасының қол­дауымен жүзеге асқан «Жас ма­ман» жобасына Жамбыл облысынан енген білім нысаны. Тағы да Тараз қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мек­тепте де күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Мұнда 750 оқушы білім алса, 50 бала шағын орталыққа барады. Жаңа оқу жылына дейін аталған нысанның қандай сапада аяқталатынын уа­қыт көрсетеді.

Шынында да мектеп құры­лысына жауапты мердігер ком­­пания­лардың жұмысының жүйе­лілігі аса маңызды. Жаңа оқу жы­лының жақындап қалғаны өз алдына, сапаның да алатын орыны орасан. Әйтпесе, кейде жаз бойы жүріп, күз келгенде арпалысып бітіріп, ақыры нысанның сапасына көңіл бөлінбей жататыны да шын. Мәселен, жуырда ғана қала әкімі Айтқазы Қарабалаев «Қант зауыты» алқабындағы 600 орын­дық №22 мектептің құрылыс жұмыс­тарымен танысып, мерді­гер компанияның жұмысын сынады. Расында да мұнда техника жоқ, адам күші аз. Құрылыс басында айналдырған он шақты адам жүр. Қала әкімінің «Тауық қора салып жатырсыңдар ма? Әлде сарай салып жатырсыңдар ма? Мынандай жұмыс болмайды ғой» деген бейнежазбасы әлеу­меттік желі арқылы тарап, біраз мердігер компанияның жұмысының жүйесіздігін ашып бер­гендей болып еді. Сондықтан да әрбір компания өзінің жұмы­сына жауапкершілікпен қарап, оны жергілікті әкімдер өз қадағалауына алып, нақты жұмысты талап етіп отырса, көптеген мәселенің күрмеуі шешілетіні анық.

 

Жамбыл облысы