– Біз үш топқа бөліндік. Екі топта екеуден, ал бір топта бір дәрігер болды. Сөйтіп «қызыл аймаққа» кірдік. Әрқайсымыздың атқаратын міндетіміз нақтыланды. Соған сәйкес науқастарды тексеріп, хаттамада көрсетілген емді жүргіздік, – дейді Ресейдің Астрахань облысынан келген дәрігер Анна Чепель. – Күнделікті жұмысымыз жергілікті стандартқа сай алты сағатқа созылды. Мұнда емдеу тактикасының өзіндік ерекшелігі бар екен. Бірақ айтарлықтай көп емес. Бастапқыда жұмыс көп болды. Соған қарамастан, қазақстандық әріптестерімізбен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде бәрі де реттелді. Аз ғана күннің ішінде Атыраудағы дәрігерлермен достастық, олардың жанқиярлық еңбегіне куә болдық. Олар шын мәнінде бар уақытын жұмыста өткізіп жатыр. Бұл – үлкен еңбек.
Ал мәскеулік дәрігерлер тобының жетекшісі Владимир Власов екі апталық жұмысын №2 облыстық инфекциялық ауруханада өткізді. Оның айтуынша, ресейліктер Атыраудағыдай күрделі эпидемиялық ахуалды наурыз, сәуір айларында бастан өткеріпті.
– Біз инфекциялық, провизорлық стационарлардағы емдеу шараларының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын аңғардық. Кадр мәселесі де қазір шешіліп жатыр. Қауіпті індетті жұқтырып алған жергілікті дәрігерлер де қатарға қосылуда. Қазақстандық әріптестерімізден біраз нәрсені үйрендік. Науқастарды емдеуде атыраулық дәрігерлер өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, кәсіби шеберлігін көрсетіп отыр, – деген пікірімен бөлісті Владимир Иванов.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атыраудағы инфекциялық және провизорлық стационарларда науқастарды емдеуге үлес қосқан ресейлік дәрігерлерді қабылдап, ризашылығын білдірді. Әкімнің мәліметінше, Ресей дәрігерлері Атырауға дер кезінде келіп, көмегін көрсетті.
– Қазір өңірде эпидемиялық ахуал тұрақтанып келеді. Инфекция жұқтырғандар саны шілденің басындағы дерекпен салыстырғанда, айтарлықтай төмендеді. Науқастардың 70 пайызға жуығы сауығып шықты, –дейді әкім.
Осыған орай облыстық ауруханадағы, Жылыой мен Құрманғазы ауданындағы стационарлар жабылып, енді тамызда жоспарлы емдеуді бастауға көшкелі отыр. Атырау жан басына шаққанда тест тапсыруда алдыңғы орындағы аймақ саналады. Мұнда қауіпті індет тіркелгеннен бері 153 587 ПТР-тест сынамасы алыныпты. Сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтудың үш айлық қорын жасақтау үшін соңғы екі аптада 100 тонна дәрі-дәрмек жеткізілді. Енді тағы да 40 тонна дәрілік препараттар әкелінеді. Мобильді топтардың, call-орталық пен Covid-такси жұмысының да нәтижесі байқалды.
Атырау облысы