Аймақтар • 04 Тамыз, 2020

Мақсаты биік Мақсат

620 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ниет пен құлшыныс тізе қос­са, талапты жастың қолынан келмейтін дүние жоқ. Мұны көкше теңіз жағасындағы Балқаш қаласында тұратын Мақсат Тақа­баев есімді еңбекқор жігіт іспен тақа дәлелдеп жүр. Қазір ол Made in Balkhash тауарлық белгісімен спорттық жеңсіз жейде тігіп, шаруасын дөңгелете бастады.

Мақсаты биік Мақсат

Бүгінде ісмер азамат жүзден астам тапсырысты тиянақты етіп орындап шыққан. Тұтынушылар тарапынан өкпе-реніш, ескертпе болмапты. Қайта, алғыстарын жаудырып, талапты жастың құл­шынысы мен ынтасын арттырып қойған.

Мақсат бұл істі Балқаш қа­ласы әкімінің бизнесті дамытуға арналған грантын жеңіп алған­нан кейін бастапты. Енді ол ілге­рілеудің жайын ойлап, өз ісі­нің ауқымын кеңейтуді жоспарлап жүрген көрінеді. Жас кә­сіпкер жұмысының ырғағы сырт­тан қа­рағанда былайша түзіледі: кесте машинасының бағдар­ламасына тапсырыс беруші таңдаған эскиз жүктеледі. Қысқа ғана жазба не­месе сурет салу жарты минут уақыт­­­ты алады, ал тұтас суреттер бір сағатқа дейін кестеленеді екен.

– Біз өнімге Made in Balkhash деген жапсырмаларды міндетті түрде тігеміз. Бұл заттың қайда жасалғанын көрсетеді. Сондай-ақ тапсырыс берушінің өтініші бойынша әртүрлі сөздер мен суреттер саламыз, – дейді әмбебап маман.

Бүгінде Мақсат бұл істі отба­сылық бизнеске айналдырған. Шағын шеберханасының жұмыс істеп тұрғанына жарты жылдай болып қалыпты. Ең басты және сенімді көмекшісі – анасы Гүлнәр Сыздықова. Ол кісі минутына төрт мың айналым жа­сай алатын өндірістік тік бұ­рышты станоктың құлағында ой­найды. Бұл машина үш сағат ішінде ма­таның кесіндісін дизай­нерлік жейдеге айналдыра алады екен.

– Егер алаңсыз жұмыс істей­тін болсақ, күніне үш-төрт футболка тігуге болады. Біз, әрине, ең алдымен сапаға мән береміз. Сондықтан тек түрік маталарын пайдаланамыз, – дейді Гүлнәр Сыздықова.

Қазіргі уақытта Мақсаттың фут­болкалары әлеуметтік желі­лер арқылы сатылады. Өтімі жаман емес: бүгінге дейін жүзден астам футболка мен қалпақ тұты­нушысын тапқан.

Жақында жас кәсіпкер Бал­қаш қаласы әкімінің бизнесті дамытуға арналған 2 млн тең­ге грантын жеңіп алды. Бұл қар­­­жы, әрине, өріс кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Мысалы, бұған дейін фут­бол­­каға ғана кесте тігіп келген Мақсат енді қалпақша, күрте, тіп­ті аяқкиімге дейін кестемен түрлі таңба түсіріп, жазу бедерлей алатын болады. Бұл үшін жас кәсіпкер өнеркәсіптік кесте тігу өндірісін жолға қоймақ.

Несі бар, талапты жастың Made in Balkhash затбелгісі елі­міз­дегі танымал брендтердің бі­рі­не айналып жатса, таңдануға бол­мас. Себебі талпынған мақ­са­тына жетпей тынбайды!

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы