Әлем • 04 Тамыз, 2020

Еуропалық банктер белді бекем буып отыр

306 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Пандемияның екінші толқыны белең алса, еуропалық банктердің берілген несиелер бойынша шығыны 800 млрд еуроны құрап, үш жыл ішінде табыс 30 млрд еуроға азаюы мүмкін. Бұл туралы Oliver Wyman консалтингтік компаниясының баяндамасына сілтей отырып, Financial Times басылымы хабарлады.

Еуропалық банктер белді бекем буып отыр

 

Төлем қабілеті төмендеді

Консалтингтік ұйым екі сценарийді ұсынды. Базалық нұсқасында қайтарылмайтын несиенің көлемі 400 млрд еуроға дейін ұлғаятыны айтылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыс­тырғанда 2,5 есеге көп. Пессимис­тік сценарийге сәйкес, қайтарыл­майтын кредиттің үлесі 10%-ға дейін өсіп, базалық нұсқамен са­лыс­тырғанда қарыздардың көлемі екі есеге артады.

Еуропалық банктердің не­сие­лік шығындарын ескерсек, биыл олардың кірісі 180 млрд еуро­дан 385 млрд еуроға дейін қыс­қа­руы ғажап емес. Сондықтан 2022 жы­лы бұл көрсеткіш 2019 жыл­дың деңгейіне оралмауы бек мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы таза пайыздық кіріс былтырғы жылмен салыстырғанда 8%-ға төмендеп, капиталдың осы жылдағы орташа рентабельділігі нөлдік межеге жетеді. Тек 2022 жылы оның мөлшері 5,3%-ға дейін көтеріледі деп болжануда.

Ұлыбритания мен Еуропаның орталық банктері 2008 жылғы дағдарыстан кейін он жылдан артық уақыттан бері бәсекелестік жағдайында кіріс көлемін қал­пына келтіруге тырысты.

Алайда америкалық банктермен салыстырғанда олардың табысы әлі күнге дейін екі есе төмен. Таяу болашақта қайтарыл­май­тын кредиттердің өсуіне бай­ланысты, сол секілді кіріс дең­гейінің төмендеуі нәтижесінде «кәрі құрлықтағы» банктердің қаржылық тұрақтылығының базалық көрсеткіштері 15%-дан 3,8%-ге дейін төмендейді.

Сол себепті Oliver Wyman банк­терге шығындарды мүмкін­дігін­ше қысқартып, проблемалық не­сиелерге қатысты саясатты өз­гер­туді ұсынды. Компания сарап­шы­лары мұны мемлекеттің қол­дауын­сыз жүзеге асыру қиынға соғатынын жоққа шығармады.

Осыған дейін Janus Henderson (Ұлы­британияда орналасқан халық­аралық қаржылық топ) ко­ро­навирустық пандемияның сал­дарынан биыл әлемдік ком­па­ния­лардың қарызының жалпы жиынтығы 9,3 трлн долларға дейін жетеді деп болжаған-ды.

Жоғарыдағы тәуекелдерді ескере келе, Еуропалық орталық банк (ЕОБ) аймақтағы қаржы инс­титуттарына 2021 жылға дейін дивидендтерді төлемей, «белді бекем буып отыруға» кеңес берді. Неге десеңіз, ЕОБ 86 банк бойын­ша зерттеу жүргізген. Соған сәйкес, қаржы ұйымдары екі ба­ғыт­тағы стресс-тесттен өтіп, бірін­ші сынақтың нәтижесінде банк­тердің төлем қабілеттілігі 1,9%-дық тармаққа төмендегені байқалды. Екінші тесттің қоры­тындысы 5,7%-ды көрсетті.

Еуроаймақ банктері көбіне­се географиялық орналасуы негізінде бағаланады. Өңірдің оңтүстігіндегі несие берушілердің тәуекелділігі жоғары болып келетін­діктен ЕОБ акционерлерге сыйақы төлеуде шектен шықпауды талап етті. Жыл басынан бері Еуропадағы банк секторы шамамен 33%-ға құлдыраған.

Шілденің 21-інде Еуропалық одақтың басшылары ұзақ келіс­сөздерден кейін құны 750 млрд еуро болатын аймақ экономикасын құтқару бойынша жоспарды мақұлдады. Осы айдағы жағдайға сәйкес, аталған өңірдегі іскерлік белсенділік соңғы екі жылда ең жо­ғары қарқынмен қалпына келді.

 

АҚШ валютасын алтын ығыстыруы мүмкін

Goldman Sachs Group инвести­циялық банкі АҚШ доллары­ның әлемдік резервтік валюта ретін­дегі мәртебесіне қауіп төніп тұр деп есептейді. Оған жуырдағы алтын бағасы­ның өсуі дәлел. Goldman Sachs сарапшыларының айтуын­ша, доллар бірнеше қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Оның ішінде АҚШ Федералды ре­зервінің бағамы «инфляциялық бейімділікке» қарай өзгеруі тәуе­келділігі, саяси белгісіздіктің жалғасуы, сондай-ақ елдегі коро­на­вирустық инфекциялардың екін­ші мәрте өршу қаупі бар. Мамандар пандемияның салдарынан қарыздың көлемі артып, бұл халықтың арасындағы қорқыныштың күшеюіне алып келуі мүмкін екенін жасырмайды.

«АҚШ долларының резерв­тік валюта ретінде ұзақ өмір сүретініне күмән пайда болды. Алтын – бұл тығырыққа тірел­генде қолданатын соңғы қаражат құра­лы. Әсіресе үкіметтер өз­дерінің дәстүрлі валюталарын құн­сыздандырып, нақты пайыздық мөлшерлемені рекордтық дең­гейге дейін төмендеткенде оны пайдаланудың сәті туады», деп жазды Goldman Sachs Group стратегтерінің бірі Дэниел Шарп.

Америкалық жасыл ақшаның құлдырауына Еуропалық одақ елдерінің экономиканы коронавирустан құтқару жөніндегі пакетті қабылдауға байланысты тарихи келісімі түрткі болды. Себебі бұл келісімнен кейін көп ұзамай доллар құнсызданып, еуроның ықпалы күшейе бастады. Бұл тарихтағы алғашқы бірлескен қарызды шығаруға әкеледі.

Goldman Sachs 2021 жылы алтын бағасы 18%-ға өседі деп болжап отыр. Оның 9%-ы бес жылдық нақты мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты болып, бұл минус 2%-ға дейін түспек. Қалған 9%-ы – «АҚШ долларына шаққандағы ІЖӨ-нің 15%-ға өсуіне» тікелей қатысты.