Сұхбат • 04 Тамыз, 2020

«Қатарыңның алды бол!»

707 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сәтімен жүзеге асқан «100 жаңа есім» жобасы жастар арасындағы ғана емес, жалпақ елге танымал шараға айналғаны анық. Әуелгіде Тәуелсіздік жылдарында қанат қаққан талантты жастарды таныту мақсатында бастау алған жоба қазір жалпыхалықтық идеяға ұласып, қазіргі заманның үздік көшбасшыларын анықтауға қызмет ете бастады.

«Қатарыңның алды бол!»

Жалпы, жобаның өзі ел дамуына үлесін қосып жүрген кейінгі буын өкілдерін насихаттау, олардың еңбек тәжірибесін таныстыру мақсатында ұйымдас­тырылған болатын. Қазір бұл мақ­сат толығымен ақталып, «100 жаңа есім» қатары жыл са­­йын толығып келеді. Яғни ел үмі­тін ақтайтын жастардың са­ны да өсіп отыр деген сөз. «Осы жоба арқылы түрлі салада Қазақ­станда дарынды жастар бар екенін көрсеткіміз келеді. Бүгінде олардың табыс­ты тәжірибесі көптеп кездеседі. Өкінішке қарай, күнделікті өмірдегі қарбалас жұмыстармен осы адамдарды байқамай жүруіміз мүмкін. Сондықтан бұл адамдардың табысты еңбек тәжірибесімен мақтанатынымызды көрсет­кеніміз жөн» деген болатын жоба маңыздылығы жайында айтқан сөзінде Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Дәурен Абаев.

Жобаға қатысып, жеңімпаз атан­ғандар қатары Жетісу жас­тары арасында да бар. Замандас­тарының арасынан топ жарған талантты, тағдырлы ұрпақтың қатарында аймақтың әлеуметтік – экономикалық, рухани дамуына үлес қосып жүрген көшбасшылар тұр. Солардың бірі – Елдар Сапаров. Елдар «100 жаңа есім – 2019» жобасының жеңімпазы. Елдар ол кезде облыстық Аза­маттық Альянс ұйымына же­тек­­шілік ететін. Аймақтағы қо­ғам­­дық ұйымдардың басын қосатын бұл ұйым түрлі сала­­дағы белсенділерді ортақ идеяға жұмылдырып, елдің дамуына үлес қосып жүр. Жо­баға қатысуға ұсыныс түс­кенде Елдарды осы қоғамдық ұйым­ның қатысушылары бірден қол­даған. Бұл жас маманға қо­ғам белсенділері тарапынан жүк­телген сенім ғана емес, оның іскерлігіне берілген баға мен құрметтің белгісі де еді. Нәти­жесінде, Елдар Сапаров «100 жаңа есім» жобасында басым дауыспен жеңіске жетіп, жеті­сулықтардың үмітін ақтады. Қазір Елдар облыстық ішкі сая­сат басқармасы жанындағы ақ­параттық-талдау орталығының жетекшісі болып қызметке келді. Қоғамдық ұйымдарды ор­тақ мүддеге жұмылдырып, жұмысын дөңгелетіп әкеткен жас маманға енді сарапшылық бағыттағы жұмысты жалғастыру міндеті жүктелген. Айтпақшы, Елдар Талдықорған қалалық мәслихатының ең жас депутаты екен. Өз қатарынан озған Елдармен аз-кем тілдестік.

– Елдар, бір сұхбатыңда «100 жаңа  есім» жобасы ма­ған жеңіс қана емес, жауап­кер­шілік те жүктейді» деген ой айтып­сың, қазір қоғам алдын­дағы ұстаным­дарың өзгеріп, жұмыс­ты жаңа қырынан жүр­гізу мүмкіндігі бол­ды ма?

– Кез келген істегі жеңістен кейін, мойынға артылған жүктің салмағы екі есеге ауырлайды. Бұл – заңдылық. Осыдан барып, қоғам алдындағы міндетің айшықталады емес пе? Менің ұстанған ұстанымым негізгі бағыт­­тан айныған жоқ. Тек қана, маңыздылығы артты. Әрдайым ұсынған идея мықты болса, кез келген істі жаңа қырынан алып жүруге болады.

– Талдықорған қаласын­дағы ең жас мәслихат депутаты екен­сің. Сайлаушылар ал­дын­­дағы міндет пен парызды қалай өтеп жүрсің? Жалпы, мәс­­ли­хат­тар­ға жастар көптеп келуі керек пе?

– Жастар атынан мені депу­таттыққа лайықты деп таныды. Бұл да мақтаныштан бұрын үлкен сын болды. Өйткені бұл жер­де тек менің емес барша об­лыс жасарының имиджі тұр деп ойлаймын. Міндет пен пары­зымды қай деңгейде атқарып жат­қаным сырт көзге белгілі. «Ақылды ақылдымын десе, оның ақымақтығы» деген сөз бар ғой, өзімді мақтаудан аулақпын. Дегенмен әр салаға жастардың келгені дұрыс. Өзгеше бағыт, жаңа сарын алып келеді ғой. Демек, алға жылжу болады.

– «Президенттік жастар кадр­лық резерві» деген бастама бар, таңдау түскен жастардың алғаш­қы легі мемлекет қызметіне кел­ді. Жалпы, саяси билікке жаңа көз­қарастағы, креативті жас­тар келуі қандай өзгеріс әкеледі?

– Жастардың саясатқа келуі алдымен қоғамды жаңашылдыққа алып келеді. Ескі, қатып қалған стандарттардан арыламыз деген ойдамын. Жылдамдық пен шап­шаңдық алдыңғы орынға шығып, жаңа технологиялар маңыз­ды орынға ие болып, елге қолайлы жаңа даму дәуірі қалыптасады.

– Мақсатқа жету үшін үміт­кер жасқа қандай қасиет керек?

– Мақсатқа жету үшін алдымен шыдамдылық және әрекет қажет. Осы екеуі жастардың бас­­ты арқа сүйейтін күші болуы шарт сынды меніңше. Ал қалғаны тәжірибемен келеді.

Жалпы, қазақтың бағзыда айтқан «Қатарыңнын алды бол» деген баталы сөзі бүгінгі «100 жаңа есім» жобасына қа­тысушыларға қарата айтыл­ған­дай. Өйткені ісімен үлгі, ойы­­мен озық жас – елдің ертеңі. Өс­келең ұрпақтың өнегелі жолмен дамуы мемлекеттің іргесін нықтап, келешекке деген сенім­ді бекітеді. Ал болашақ ел қыз­метшісінің алдыңғы сапында «100 жаңа есім» жобасының жеңім­паздары  жүргені ол сенімді екі еселейтіні және аян.

 

Алматы облысы