Аймақтар • 09 Тамыз, 2020

Карантин кезіндегі туған күн караоке-барда тойланған

224 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлдың орталық аудандарының бірінде орналасқан "Royal Palace" мейрамханасы ең жақсы сауық орындарының бірі. Бірақ қазір карантин болғандықтан оның есігі айқара ашық болмауы керек-ті. Алайда осы мейрамхананың ішінде сауық болып, музыка ойнап жатқандығы, тіпті жанжалдың айғай-шуы естілетіні туралы дабыл полицияға түнгі сағат үште түскен, деп хабарлайды Egemen.kz

Карантин кезіндегі туған күн караоке-барда тойланған

Жедел жеткен автопатрульге мейрамхана қызметкерлері есік ашпаған. Қосымша күштер келіп, есікті ашуға мәжбүр етуге тура келген. Сауық мейрамхананың барында орын алған екен. Ондағы "қонақтар" Бірінші полиция бөліміне жеткізіледі. Сұрастыру барысында караоке-барға келгендер 1989 жылы туған қала тұрғынының туған күнін атап жатқан.

Қазір карантиндік шараларды бұзғаны үшін әр келушіге қатысты материал жиналып жатыр. Кейін ол Әкімшілік кодекстің "Халықтың санитариялық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу" бабы бойынша жауапкершілікке тарту үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментіне жіберіледі. Аталған көңіл көтеру орнының иесіне қатысты заңнамамен көзделген шаралар қабылданады.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, облыс аумағында 20 шілдеден бастап санитарлық-эпидемиялық нормалардың сақталуын қадағалау және мониторингілеу жөніндегі құрылған топтар жұмыс істеуде. Олардың құрамында әкімдік, прокуратура, полиция және санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандары бар.

"Осындай іс-қимылдың нәтижесінде соңғы үш аптада Солтүстік Қазақстан облысында санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарының 642 бұзушылығы анықталды. 253 бұзушылық – облыс орталығында, 389-ы аудандарда", деді полиция полковнигі.