Қоғам • 11 Тамыз, 2020

Жергілікті үлес 90%-ға жақындады

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бюджеттік инвестициялар есебінен 611 млрд теңгеге 937 инфрақұрылымдық жоба жү­зеге асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қыз­­метінде өткен баспасөз жиынында Индустрия және инфра­құры­лымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.

Жергілікті үлес 90%-ға жақындады

Биылғы жарты жылдың қо­ры­тындысы бойынша мемле­кеттік инвестициялар есебінен 4,7 мың баспана пайдалануға берілді. Бұл ретте отандық кә­сіп­орындардан 159 млрд тең­геге құрылыс материалдары, жабдықтар мен басқа да қыз­мет түрлері сатып алынды. Отан­дық кәсіпорындар 586 млрд теңгенің құрылыс материалдарын өндіріп, 348 млрд теңгелік өнім импортталды (нарықтағы импорттың үлесі 37%).

Қ.Өскенбаев отандық құры­лыс индустриясын дамы­ту шараларына тоқталып, қазір 33 жоба іске асырылып жатқанын жеткізді. Оның ішінде 8 жо­ба импорттық тәуелділікті алмас­тыруға қатысты. Бұл импорт үле­сін 15%-ға төмендетуге және тұр­ғын үй құрылысында қазақ­стандық өнімінің қамтуын 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

– Қызылорда облысында шыны зауыты салынуда. Нұр-Сұл­танда полиэтилен құбыр­лары өндірісі («Керім пласти­калық құбырлар» ЖШС) іске қосылды. Керамика («Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС) және арматура («Арматура Тараз зауыты» ЖШС) өндірісі артып келеді, – деді вице-министр.

Өңдеу өнеркәсібіндегі отан­­дық мазмұнды арттыруға ба­ғытталған жұмыстарға Ама­нияз Ержанов тоқтал­ды. Индус­трия және инфрақұры­лым­дық даму вице-министрі атап өткендей, өңдеу саласында жер­гілікті үлесті арттыру мақ­сатында жалпы сомасы 1,6 трлн теңгеден астам қаражатқа 73 жобаны іске қосу көзделіп отыр.

Спикердің айтуынша, мем­лекеттік сатып алу бағытында Қазақ­станда жинақталатын авто­көліктер мен электр техни­калық жабдықтарды сатып алуға 2 жыл бойы басымдық берілмек. Бұ­дан бөлек, отандық 2809 тауар өнді­рушінің тізімі бекітілді.

– Тізім қолданыстағы CT-KZ сертификаттары мен Индус­триялық сертификаттар не­гі­зінде жасалды. Бұл ретте тізбе күн­делікті негізде «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасымен бір­лесіп реттеледі, – деп толық­тырды А.Ержанов.

Вице-министр қазір 13 арнайы экономикалық аймақ бар екенін, онда 23 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін айтты. Аталған аймақтарда өн­діріс кө­лемі 2,9 трлн теңгеге же­тіп, бюджетке түсетін салық тү­сімдері 180 млрд теңгені құра­ды.

А.Ержанов арнайы эко­номи­калық аймақтардың ин­фрақұ­рылымын салуға бюд­жет­тік шығындар 344 млрд теңге мөл­шерінде байқалғанын жеткізді. Бұл ретте өңдеуші өнер­кәсіпке тартылған инвестициялар көлемі шамамен 1,1 трлн теңге.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазір арнайы экономикалық аймақ қызметіне талдау жүргізіп жатырмыз. Үш аймақтың («Астана – технополис», «Qyzyljar», «Ақ­тау теңіз порты») аумақтары ке­ңейтілді. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін «Оңтүстік» АЭА аума­ғын кеңейту мәселесі пысық­талуда. «Қорғас» ШЫХО» АЭА тиі­мділігін артты­ру бо­­йынша кешенді жоспар әзір­ленуде, – деді вице-министр.