Карантин кезең-кезеңімен алынады
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 10 күн ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясының репродуктивтілігінің орташа көрсеткіші 0,92-ден 0,82-ге дейін төмендегенін баяндады. Сауығып шыққан адамдардың үлесі 73,6%-ды құрайды, қалғандары қажетті ем алып жатыр. Төсек орындарының жүктемесі 61%-ға, жедел жәрдем шақыру көлемі 62%-ға (3 232-ден 1 232-ге дейін) төмендеді.
«Жалпы алғанда, еліміздегі санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрақты. Нәтижелер қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетіп жатыр» деген А.Мамин, Денсаулық сақтау министрлігіне қалыптасқан эпидемиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізуді тапсырды.
Экономиканың негізгі салалары дамып келеді
Бұдан кейін Үкімет еліміздің 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуын қарады. Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіп кешені туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлердің дамуы туралы Алматы облысының әкімі А.Баталов, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин баяндады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов атап өткендей, 2020 жылғы қаңтар-шілденің қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 2,1%-ға өсті, сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1% құрады. Бұл күтілген инфляция дәлізінен төмен (8-8,5%).
Сөйтіп жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың базалық салаларында оң өсім серпіні сақталуда. Өңдеу өнеркәсібінде 3,8%-ға, оның ішінде машина жасауда 13,9%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіруде 4,1%-ға, фармацевтикада 23,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 7,3%-ға, қағаз өндірісінде 15,7%-ға, химия өнеркәсібінде 3,6%-ға және дайын металл бұйымдарын өндіруде 18,6%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,3% -ға, тұрғын үй салу 7,5%-ға немесе шамамен 7 млн шаршы метрге артты. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 2,5%-ға қамтамасыз етілді.
Дегенмен ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-1,4%) байқалады, бұл тау-кен өнеркәсібінің жалпы көрсеткіштеріне тікелей әсер етті (0,4%-ға төмендеу). Тау-кен секторының басқа да маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталып отыр: көмір өндіру 2,6%-ға, металл кендерін өндіру 2,3%-ға, табиғи газды өндіру 0,9%-ға өсті.
Карантин кезінде қызмет көрсету секторында көрсеткіштердің төмендеуі байқалады (-6,2%). Бұл әсіресе сауда (-11,9%), көлік (-15,6%), әкімшілік қызмет көрсету (-5,3%) салаларына және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (-4,3%) қатысты. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әлеуметтік-экономикалық дамудың 7 негізгі көрсеткішінің 5-уі бойынша өсім көрсетті. Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Тек 3 көрсеткіш бойынша өсім Атырау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4 трлн 468 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 94,7%-ға орындалғанын мәлімдеді. Соның ішінде, республикалық бюджетке 2 трлн 714 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 83,3%-ға орындалған. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі болды. Ал жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 1 трлн 754 млрд теңгені құрап, жоспар 120%-ға орындалған.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен кезеңнің корытындысы ел экономикасы дамуына сыртқы факторлардың кері әсерін тигізгенін көрсетті. Осыған орай ол ел экономикасын қорғау мақсатында тиісті қаражаттың бөлінгенін жеткізді. Мәселен биылғы жылдың нақтыланған республикалық бюджетінің шығыстары 14,2 трлн тенгені құрайды, бұл былтырғымен салыстырғанда 19%-ға көп. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мұның дағдарысқа қарсы контрфискалдық саясат екенін атап айтты. «Осы қаражатты жыл соңына дейін толығымен тиімді игерілуін қамтамасыз ету керек. Министрліктер және жергілікті атқарушы органдар инвестиция тарту жөнінде Үкімет алдында міндеттеме алды. Инвестиция көлемін ағымдағы жағдайға сәйкес жақын арада қайта қарап, жаңадан бекіттік. Осы жұмыс әріптестерімнің ерекше бақылауында болуы керек», деді Ә.Смайылов.
Халықаралық резервтер ұлғайды
Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев атап өткендей, коронавирус пандемиясының салдары дамыған және дамушы елдер экономикасының рекордтық төмендеуіне алып келді. Ағымдағы жылғы екінші тоқсанда АҚШ-тағы ІЖӨ көрсеткіші өткен тоқсанға қарағанда 9,5%-ға, Еуроодақта 14,4%-ға, оның ішінде Испанияда 18,5%-ға, Германияда 10,1%-ға төмендеді. Испания мен Германия үшін бұл көрсеткіш тоқсандық есептеулер тарихындағы ең төменгі мән болып табылады.
Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша әлемдік экономика Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең терең құлдырауға тап болды. Ол ағымдағы жылдың соңына қарай 5,2%-ға төмендеуі мүмкін.
«Соған қарамастан, Қытай, Еуроодақ елдері және АҚШ-тың өнеркәсіптегі іскерлік белсенділік көсеткіштері айтарлықтай жақсарғаны тіркелді. Global Manufacturing PMI индексі 2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет оң аймаққа өтіп, 50,3 тармаққа жетті», деді Е.Досаев.
Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі ағымдағы жылғы маусымда 46,8 тармаққа дейін қалпына келгеннен кейін, енгізілген карантиндік шектеулер аясында ағымдағы жылғы шілдеде 44,7 тармаққа дейін төмендеді. Бұл жағдай қызмет көрсету саласындағы белсенділіктің қысқаруына байланысты орын алды. «Жедел деректер бойынша, 2020 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысында Қазақстанның ІЖӨ Ұлттық банктің болжамына сәйкес -1,5%-бен салыстырғанда, жылдық мәнде 1,8%-ға қысқарды, бұл қызмет көрсету секторындағы, атап айтқанда сауда мен көлік секторындағы қатты құлдырауға байланысты. Осыған орай, инфляциялық күтулердің тұрақтануын ескере отырып, Ұлттық банк биылғы 20 шілдеде Қазақстан экономикасының өсуін қалпына келтіруді қолдау үшін пайыздық дәлізді +/- 1,5 пайыздық тармаққа дейін тарылта отырып, базалық ставканы 9,0%-ға дейін төмендетті», деді Е.Досаев.
Жылдық инфляция ағымдағы жылғы шілдеде 7,1% құрап, Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес қалыптасады. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 11,3% болды және инфляцияның орын алуына негізгі үлес қосуын жалғастыруда. Нан-тоқаш өнімдері мен жарма, жеміс-көкөніс өнімдерінде өсудің барынша жоғары қарқыны сақталуда, бұл ретте ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны біршама баяулады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі жанар-жағар май бағасының төмендеуі аясында 5,4% деңгейінде сақталды. Төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет тарифтерін уақытша төмендету әсерінің ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3%-дан шілдеде 3,2%-ға дейін артты.
Алдын ала деректер бойынша шілденің соңында халықаралық жалпы резервтер 3,2%-ға ұлғайып, 93,5 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері ағымдағы жылғы шілдеде, ең алдымен, алтын бағасының өсуіне байланысты 35,3 млрд долларға дейін 7,3%-ға немесе 2,4 млрд долларға ұлғайды. Ұлттық қордың активтері ағымдағы жылғы шілдеде 1,6 млрд доллар сомасында алған инвестициялық кіріс есебінен бір айда 0,5 млрд долларға (+0,9%) ұлғайып, 58,2 млрд долларды құрады, бұл ретте кепілді трансферт бөлу мақсатында Ұлттық қордың активтерін 1,1 млрд долларға конвертациялау жүзеге асырылды.
Биыл маусымның соңында банк жүйесіндегі депозиттер теңгедегі салымдардың өсуі есебінен жыл басынан бері 4,4%-ға немесе 846 млрд теңгеге ұлғайып, 19,9 трлн теңге болды. Ұлттық валютадағы салымдар 11,9 трлн теңгеге дейін 10,2%-ға (немесе 1 104 млрд теңгеге) өсті. Валюталық салымдар ағымдағы жылғы маусымның соңында 3,1%-ға (немесе 258 млрд теңгеге) азайып, 7,9 трлн теңге болды. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі ағымдағы жылғы маусымда 40%-ға дейін төмендеді (2019 жылғы желтоқсанда 43,1%).
Жыл басынан бері экономикаға берілетін кредиттер ұзақ мерзімді кредиттердің 11,9 трлн теңгеге дейін 0,4%-ға немесе 52,4 млрд теңгеге өсуі нәтижесінде ағымдағы жылғы маусымның соңында 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қысқа мерзімді кредиттер 2,1 трлн теңгеге дейін немесе 9,8 млрд теңгеге шамалы өсті.
Сонымен қатар Е.Досаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 6 тамызға 240,7 млрд теңгеге 20 693 өтінім мақұлданғанын, оның ішінде 199,3 млрд теңге сомасына 16 868 қарыз берілгенін айтты. «Баспана хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 6 тамыздағы жағдай бойынша 296,4 млрд теңге сомасына 34 904 өтінім мақұлданды, 235,6 млрд теңгеге 28 347 қарыз берілді.
Ауыл шаруашылығы 2,5%-ға өсті
Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жай-күйі туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,5%-ға ұлғайып, 1,7 трлн теңгені құрады. Министр хабарлағандай, бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 2,6%-ға, оның ішінде тірі салмақтағы еттің 3,6%-ға, сүттің 3%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында байқалды. 6 айдың қорытындысы бойынша ірі қара мал саны 4,5%-ға, қой саны 2,5%-ға, жылқы саны 8,5%-ға, түйе саны 4%-ға, шошқа саны 0,7%-ға өсті. «Бүгінгі таңда Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында дәнді дақылдарды жаппай жинау жүргізіліп жатыр», деді министр.
Биылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша 929,4 мың гектар немесе егіні жиналуы тиіс алқаптың 37,3%-ы жиналды. Орташа түсімділік гектарына 19,1 центнерді құрап, 1,8 млн тонна дәнді дақыл бастырылды (өткен жылы осындай күнге 1,4 млн тонна бастырылған болатын). Сонымен қатар республиканың негізгі егін егуші өңірлері де жаңа егін көлемін жинауға кірісіп кетті (93,3 мың гектар немесе көрсетілген өңірлер алаңдарының 0,8%-ы жиналды). Солтүстік өңірлер жаппай егін жинауды 20 тамызға қарай бастайтын болады.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 13,5%-ға ұлғайып, 261,2 млрд теңгені, азық-түлік өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 13,8%-ға артып, 45,7 млрд теңгені құрады.
Өңірлерден белсенді жұмыс күтіледі
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Ол экономиканың базалық салаларында өсімнің оң көрсеткіштері сақталып отырғанын, бірақ көңіл бөлетін мәселелер аз емес екенін атап көрсетті.
«Өңірлер белсенді жұмыс істеп, экономикалық өсімді қалпына келтіру жолында қабылданған барлық шараларды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шараларды тиімді іске асыруы қажет. Отандық өндірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды барынша қамтамасыз ету қажет», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыруды, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шұғыл қарауды және тиісті шешімдерді қабылдауды тапсырды.