Қоғам • 13 Тамыз, 2020

Соңғы пациент үйіне қайтты

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Адамның бір аты пенде болғасын ежелден екі нығметтің қадірін білмейді» дейді ілгерідегі ілім иелері. Оның бірі денсаулық, енді бірі бос уақыт екен. Соңғы кездегі әлемді әбігерге салған індет тынымсыз тыныс алудың да қаншалықты құнды екенін түсіндіріп бергендей болды. Бүгінде алаңдаған көңіл, абдыраған өмір арнасына түсіп келеді. Шалдыққандардан шипа қонғандардың қатары қалыңдады.

Соңғы пациент үйіне қайтты

Сөзімізге дәлел, күні кеше Ден­сау­лық сақтау министрлігі «Отан со­ғысының мүгедектеріне арналған Орталық клиникалық госпиталінен» коронавирустық инфекцияны жұқ­тыр­ған соңғы пациент емделіп шық­қа­ны туралы ақжолтай хабар таратты. 24 мау­сымнан бастап аталған ми­нистрліктің бұйрығына сәйкес гос­питаль Сovid-19 коронавирус ин­фек­циясына күдік болған кезде пациенттерді тексере отырып, вирустың бар немесе жоқ екенін айқындау үшін, емдеуге жатқызатын провизорлық стационар болып бекітілген еді. Жеті апта ішінде госпитальге Covid-19 ықтимал жағдайы бар 730 пациент түскен, оның ішінде 335 пациент оң нәтижемен басқа стацио­нарларға ауыстырылған, қал­ған­дары госпитальден емделіп шықан. Орталықтағы мамандардың білікті­лі­гінің нәтижесінде бірде-бір өлім оқиғасы тіркелмеген.

Госпиталь директоры Динара Оразалина пациенттердің жас ерек­ше­ліктері 18 жас пен 90 жас аралығын қамтығанын айтады.

«Біз 50 күн бойы күні-түні тоқтамай жұмыс істедік. Әсіресе, алғашқы кезеңдері қиын болды. Себебі коронавирус инфекциясымен күресте бұрын тәжірибе болмаған. Орталық қызметкерлері жағдайы нашар нау­қас­тармен жұмыс істеп тәжірибе жи­нақтаған. Сол қызмет барысындағы жинаған тәжірибеміз септігін тигізді деп айта аламын. Біздің орталық мамандары аз уақыттың ішінде вирусқа қарсы күресте көп дүние үйренді», дейді ол.

Енді орталыққа зарарсыздандыру жасалады. Тиісті қорытынды шыққан соң госпиталь бұрынғы бейіні бойынша жұмысын жалғастырады. Госпиталь дәрігерлері, мейіргерлері мен санитарлары соңғы сауыққан 68 жастағы пациент Кенжетай Дүйсен­байұлын қошеметтеп шығарып салды. Ол журналистерге берген сұхбатында аталған орталыққа ауа жетпей, ентігіп келгенін жеткізді.

«Жасым – 68-де. Бұған дейін Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Аса ауылында 10 күн ауруханада жаттым. Ол жақтағы дәрігерлер де аянбай еңбек етіп, қолдан келгеннің бәрін істеді. Оларға да рақмет. Кейін осы жерге ауыстырылып, тағы 12 күн емделдім. Ауа жетпей, ентігіп келіп едім. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, дәрі-дәрмекпен емдеді. Осы қиындықтың бәрі артта қалсын. Дәрігерлер ұжымына алғысым шексіз», дейді емделіп шыққан соңғы пациент.

«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген тәлімді тәмсіл бар. Жасыңа қарамайтын жасырын жау сияқты көрінген індет іргемізден ізін суытып, емделіп шыққандар енді қайтып емхана есігін көрмесе дейміз.