Руханият • 13 Тамыз, 2020

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 228 нысан салынды

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру барысы бойынша брифинг өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 228 нысан салынды

Іс-шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов "Рухани жаңғыру" бағдарламасының іске асырылу барысын және негізгі нәтижелерін айтып өтті. 

Бүгінгі таңда бағдарламаны басқару бойынша жергілікті атқарушы органдар және өңірлік жобалық кеңселермен жұмыс жандандырылды, талдамалық және әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ететін қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. 

Бағдарламаның жүйеленген негізгі 3 бағыты бекітілді: "тұлғалық даму", "ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру", "мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы". 

2020 жылдың бірінші жартыжылдығында бағдарлама аясында  228 нысан салынды. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет объектілері, 36 спорт алаңдары, 31 балалар алаңдары және т.б. 

Сондай-ақ 129 нысан реконструкцияланды. Оның ішінде 28 мектеп, 5 балабақша, 13 мәдениет объектілері, 14 спорт алаңдары, 68 аз қамтылған отбасыларға арналған үйлер, пәтерлер, 1 медициналық мекеме, 5 балалар алаңдары және т.б. Жалпы ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1231 меценат қолдау көрсетті.

Бағдарламаның арнайы жобаларын іске асыру бойынша келесідей мысалдарды келтіруге болады.

Өскелең ұрпақтың адами капиталының сапасын артыру мақсатында 2020 жылдың мамыр айында Қостанай облысы Амангелді ауданындағы Ә.Боранбаев атындағы орта мектепте жергілікті кәсіпкерлер есебінен робототехника кабинеті ашылды.  Жобаның құны – 8 млн теңге. 

"Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" арнайы жобасы аясында барлығы 360 іс-шара өткізіліп, 171 620 адам қамтылды.  

Арнайы жобаның мақсаты Қазақстанның халықаралық кеңістіктегі мәдени жетістіктерін дәріптеу, оны әлемдік стандарттар деңгейіне көтеру болып табылады. Павлодар облысында, дәстүрлі әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты Жанболат Байсолтанның тікелей эфирдегі дәріс-концерті өтті. Иса Байзақов атындағы облыстық филармония қазақ халық аспаптар оркестрінің Нұрғиса Тілендиевтің 95-жылдығына арналған моно-концертін ютуб каналда жариялады.

Бағдарлама аясында қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалану мен бөлуді көздейтін прагматикалық өмір салтын қазақстандықтардың құндылық бағдарлары жүйесіне енгізу үшін "Үнем – қоғам қуаты" арнайы жобасы әзірленді. Жоба аясында жастар арасында жоғары талғамды қалыптастыру, мінез-құлық нормаларын дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты іс-шараларды жүзеге асыру қолға алынады.

Сонымен қатар ұмыт болған, бірақ ізгілік және тәрбие құндылығы тұрғысынан қазіргі заманда өзекті болып отырған дәстүрді қайта жандандыруға бағытталған "Дәстүр мен ғұрып" жобасы іске қосылады.

Ағымдағы жылы іске қосылатын жаңа жобалардың бірі – "Құқықтық мәдениет" арнайы жобасы. Бағдарламаның басты қағидаттарының бірі – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешені ұйымдастырылатын болады. 

Осыған қоса, Бағдарлама аясында ұсынылған "Еңбек – елдің мұраты" арнайы жобасы шеңберінде өскелең ұрпақ үшін рөлдік модель болатын қажырлы еңбектің арқасында өз кәсіби саласында табысқа жеткен адамдардың өмірі мен қызметі кеңінен насихатталып, барлық жастағылар үшін кәсіптік бағдар беру жұмысы күшейтілетін болады.

Брифинг барысында "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Бағдарламаның "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы шеңберінде қазақ тіліне аударылған оқулықтар еліміздің 132 жоғары оқу орнының білім беру процесіне енгізілгенін атап өтті. 

Талқылауды қорытындылай келе, Бағдарламаны іске асырудың оң нәтижелерін, тиімділігін және жаңа серпінін байқауға болады.