Этномәдени бірлестіктер арасында ұлы ағартушының шығармашылығын насихаттап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті паш етуге арналған поэзия фестиваліне бастапқыда еліміздегі этностардың мемлекеттік тілді еркін меңгерген 175 өкілін қатыстыру көзделген болатын. Оларға қазақ тілінде 175 өлеңін оқып, әлеуметтік желіде түрлі форматта бейнетүсірілім жариялау міндеттелген еді. Алайда этнос өкілдерінің ақынға деген ерекше құрметі мен ілтипаты бұл межеден асып түсті.
Нәтижесінде ҚХА Баспасөз қызметіне 705 бейнеролик келіп түсті. Оның ішінде 521 қатысушы ақын өлеңдері мен аудармаларын қазақ тілінде асқақтатса, 127-сі басқа тілдерде айшықтауға тырысты. 126 өнерпаз Абай әндерін шырқап, қара сөздерін нақышына келтіріп жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев этнос өкілдерін қолдау үшін Абайдың 37-қара сөзін оқып, көпшілікке тарту етті.
Барлық бейнежазбалар мен роликтер Ассамблея сайты мен өңірлік құрылымдарының Facebook, Instagram, Vkontakte, Youtube, Telegramm каналында, түрлі ақпараттық сайттарда жарияланды. Атсалысушылардың көптігіне байланысты поэзия фестивалі халықтық сипатқа ие болып, екі күнге жалғасты. Бұған қосымша, Абай күнінде ҚХА ғалымдары мен сарапшылары Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» мақаласының маңыздылығын талқылап, беделді БАҚ беттерінде 50-ден астам пікір жариялады.
ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаевтың «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде «Абайды таныту – борышымыз», «Наследие Абая – духовный оплот единства» мақаласы жарық көрді. Бұдан бөлек, Ассамблея Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінің абайтанушы-ғалымдары мен тарихшыларының қатысуымен «Абай: тарих және қазіргі заман» халықаралық конференциясын ұйымдастырды. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Абай күніне арналған іс-шараларына республика бойынша 27 795 этнос өкілі қамтылса, онлайн конференцияға фейсбук пен Zoom арқылы 965 сарапшы-ғалымдар мен тарихшылар қатысты.