Парламент • 17 Тамыз, 2020

Өңірлердегі өзекті мәселелер – депутаттар назарында

262 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Е.Сұлтанов Сол­түс­тік Қазақстан облысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысты. Облысқа қарасты аудандарға арнайы барған депутат жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Сенатор бұл салаға мемлекет бюджетінен жүздеген миллион теңге қаражат бөлінетініне мән беріп, жергілікті билік осы бағыттағы жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ол жергілікті шаруа қожалықтарының біріне ат басын бұрып, минералды тыңайтқыштар шы­ғаратын зауыттың және бидай кеп­ті­ретін орынның құрылысымен танысты.

Өңірлердегі өзекті мәселелер – депутаттар назарында

Одан бөлек, сенатор облыс орта­лы­ғында салынып жатқан нысандарды аралады. Нақты айтқанда, Петропавл қаласындағы 108 пәтерлі көпқабатты тұр­ғын үйдің құрылысшыларымен кез­десті. Жоспар бойынша аталған үй екі жылдан кейін ғана пайдалануға бе­ріледі. Өз кезегінде құрылысшылар үй құрылысын мерзімінен бұрын аяқтауға дайын екендерін және ол жағдай сапаға ешқандай кері әсерін тигізбейтінін жеткізді.Сонымен қатар депутат 500 орындық қазақ театрының құрылыс жұмысын арнайы барып көрді. Бүгінде үш қабатты ғимарат салынып біткен. Енді шатыр жұмыстары қалған.

 * * *

Сенатор Р.Әкімов Ақмола облы­сы­ның бірнеше ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында ол егістік алқаптарын аралап, тұрғындармен кез­десіп, шаруалардың сөзіне құлақ түрді. Диқандар биылғы жаз құрғақ бол­ға­нымен қыста түскен жауын-шашынның көп болғанына байланысты мол өнім аламыз деп отыр.

Мамандар аймақта егін орағына да­йындық жұмыстары пысықталғанын, сондықтан жанар-жағармайға қатысты мәселе болмауға тиіс екенін айтуда. Сенатор өнімді жинау кезінде жұмыс­шы­лардың қауіпсіздігі үшін сани­тарлық талаптарды сақтаудың маңызды екенін айтып, жергілікті билік пен шаруаларды осы мәселеге баса мән беруге шақырды. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масы басшысының айтуынша, өңір бойынша егін егілген жердің 63 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. «Биыл мемлекет тарапынан өңірлерде ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. Былтыр аталған қаражат 60 миллиард теңге шамасында болса, 2020 жылы 70 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Енді осы қаражатты тиімді пайдаланып, егінді шашауын шығармай жинап алуы­мыз керек», деді сенатор.

Р.Әкімов облыс әкімімен кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық да­му мәселесін талқылады. Бұдан басқа, депутат облыс орталығында салынып жатқан оқушылар сарайы мен көппә­терлі тұрғын үйдің жай-күйімен таны­сып, шаһардың инженерлік инфрақұ­ры­лымына көңіл бөлді.

 * * *

Сенат депутаттары Ғ.Дүйсембаев пен Л.Сүлеймен Атырау қаласындағы жедел жәрдем стансасына барды. Ме­дициналық қызметкерлермен кездескен депутаттар жүздеген қазақстандықтың өмірі дәл осы жедел жәрдем брига­да­ларының кәсібилігі мен жедел әре­кетіне байланысты екенін айтты. Ғұмар Дүйсембаев қазіргі таңда 103 қыз­метінің фельдшерлері алдыңғы шепте аянбай еңбек етіп жатқанына назар аударып, олар қолдау мен құрметке лайық екенін жеткізді. Сенаторлар коронавирус пен пневмонияны емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті еке­ніне көз жеткізу үшін «СҚ-Фармацияның» дәріханалары мен қоймаларын тексеруді жалғастырып жатыр. Біраз уақыт бойы елімізде медициналық препараттардың тапшылығы байқалған еді. Тіпті кейбір дәріхана желілері пандемиядан емделуге керекті дәрілердің бағасын қолдан қым­баттатып, жағдайды одан әрі ушықтырды. Осыған байланысты «СҚ-Фармацияның» жұмысына қатысты сыни пікірлер айтылып, бақылау органдары тарапынан мәселе көтерілген болатын. Сондықтан Сенат депутаттары өңірде дәрі-дәрмек сататын және сақтайтын орындарға арнайы барып тексеруді жөн санады.

Сонымен қатар сенаторлар бірін­ші кезекте қажетті тауарлардың баға­сы­на қатысты жағдайды да бақы­лау­ға алды. Соның аясында олар ірі азық-түлік дү­кендеріне атбасын бұрып, жер­гі­лік­ті атқарушы органдар өкіл­дері­не әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік бағасын белгіленген шектен қым­бат­та­туға жол бермеу керектігін айтты. Пандемия ке­зінде үнемі санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге мәжбүр болған кәсіпкерлердің де жағдайы оңай емес екені белгілі. Алайда сенаторлар оларды бизнестерін сақтап қалу үшін ғана емес, отандастарының өмірлері үшін де санитарлық талаптарды орындауға шақырды. Ал әкімдіктер әлеуметтік қашықтықтың сақталуын және індеттің таралуына жол бермейтін басқа да шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіс.

Бұдан басқа Сенат депутаттары өңір­дің кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Олар әлеуметтік маңызға ие, халықтың жағ­дайын жақсарту мақсатымен қабыл­данған заңдарға тоқталып өтті. Өз ке­зегінде кәсіподақ өкілдері түрлі сала бойынша өзекті мәселелерді көте­ріп, кейбір заңдарға өзгертулер мен то­лықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныс­тарын жеткізді.

 * * *

Мәжіліс депутаттары – әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Н.Жұ­ма­ділдаева, заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетінің мүшесі Б.Кесебаева Қызылорда қалалық білім бөлімінде болып, білім беру саласы бойынша мәселелерді талқылады. Ең алдымен депутаттардың бастамасымен қаралып жатқан «ҚР білім беру саласындағы кейбір заңна­ма­ларына өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасын әдіскер­лер­дің қатысуымен талқылау өткізілді. Тал­қы­лауға қалалық бөлім әдіс­кер­лерімен қоса аудандық әдіскерлер Zoom қосымшасы арқылы қосылды. Де­путаттар жалпы білім беру бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттілігін атап, енгізілетін өзгерістер мен толық­ты­руларды талқыға салды. Әдіскерлер жергілікті деңгейде заңнаманың орындалу болжамын айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Депутат Н.Жұмаділдаева облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың қабылдауында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады. Сырдария өзеніндегі су деңгейінің түсуі бүкіл Сыр жұртын алаңдатуда. Бұл мәселе бойынша жергілікті және орталық деңгейде шаралар қабылданып, өзеннің арнасын тазалау және тереңдету жұ­мыс­та­ры бас­тау алған. Депутат осы және өзге де облыс халқы үшін маңызды мәсе­лелер тиісті органдарға шешу үшін жет­кі­зілетінін айтты.

Одан кейін, білім беру саласының және жалпы білім беру ұйымдарының басшылықтарымен Zoom қосымшасы арқылы кездесу өткізілді. Депутаттар қатысқан шарада білім беру ұйым­дарының карантиндік жағдайда жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Об­лыс бойынша алдағы оқу жылында 293 мектепте 168 477 оқушы оқиды деп күтілуде. Оның ішінде 1 сыныпқа 18 114 бала қабылданады деп жоспарлану­да. Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға барлығы жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, оның 33 па­йызы немесе 396 млн теңгесі жаңар­тылған білім беру мазмұнына көшетін 11-сыныптың оқулықтарын сатып алуға жұм­салуда. Қалған 804 млн теңге басқа сы­ныптардың қажетті оқулық қорларын толықтыру үшін бағытталған. Депутат­тар мемлекеттік сатып алу процесінің оқу­лықтарды сатып алуға әсерін сұрап, сыбай­ластық қаупін азайта отырып, сатып алуды жеңілдету жолдарын талқы­лады.

Онлайн білім беру форматының ерекшелігі – интернет жылдамдығына тәуелді. Сол себепті елдегі интернет мәселесі сұралды. Облыста 293 мектеп интернетке қосылған. Ал кейібір шет орналасқан елді мекендер интернет желісіне қосылмаған. Бұл мәселе айналып келіп, қала мен ауыл оқушылары арасындағы білімге қол жетімділігін алшақтатады, біліктілігіне әсер етеді. Осы орайда депутаттар ауылдағы интернет мәселесін көтеріп, оны тез арада шешуге атсалысатындарын жеткізді.

Одан бөлек, карантин талаптарын сақтау бойынша әрбір мектепке бөлі­не­тін қаржы мен кезекші сыныпты енгі­зу­дегі талаптар талқыға салынып, же­тілдіру бойынша ұсыныстар енгізілді.

Н.Жұмаділдаева Nur Otan партия­сы облыстық филиалында болып, фи­лиал төрайымының орынбасары Л.Төре­шо­вамен кездесті. Кездесу барысын­да тұрғындар тарапынан көп көтері­летін мәселелер аталып, оны жергі­лікті немесе орталық деңгейде шешу мүмкіндіктерін ортаға салды. Жүйелі мәселелер орталық атқарушы ор­ган­дарға жеткізіліп, олардың шеші­мін табу қадамдары қабылданатын болады.