Әлем • 17 Тамыз, 2020

Африкада коронавирустың екінші толқыны басталды

2276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Материк бойынша миллионға жуық адамда коронавирус инфекциясы рас­талды. Сарапшылар вирустық инфек­ция­ның екінші толқыны басталғанын айтады.

Африкада коронавирустың екінші толқыны басталды

14 ақпанда Африка құрлығы бойынша алғашқы жағдай тіркелгелі аймақта 25 143 адам вирустан қайтыс болып, шамамен 700 000 кісі емделіп шыққан. ДДСҰ аймақтағы жағ­дай­дың ауыр екенін ай­тып, дабыл қақты. Сарапшылар вирус жұқтыру дерегі ресми статистикаға қарағанда әлдеқайда көп деген пікірде.

Көрсеткіштің жартысы Оңтүстік Африка елдерінде тіркелген. Науқастар саны бойынша Оңтүстік Африка көш ба­сында. Елде 11 556 вирус дерегі анық­тал­ған. Одан кейін Мысыр, Нигерия, Гана, Алжир, Морокко, Судан мен Кения тұр.

Алайда ДДСҰ-ның Африка бойынша жауапты маманы Мэри Стивен Al-Jazeera басылымына берген сұхбатында «Африкадағы эпидемия жағдайы шегіне жетпеді» деген пікір айтты. Маманның айтуынша, бірнеше мемлекет карантин режімін жеңілдеткеннен кейін вирус жұқтыру жағдайы күрт көбейген. «Де­ген­мен вирус жұқтырған миллион адамның 80 пайызы 10 елдің азаматтары», дейді ол.

Нақты дерекке назар салсақ, әлем­нің 54 елінде тараған вирус 21 млн-нан астам кісіден анықталды. Онымен қоймай жаһандық экономика мен мем­лекеттердің денсаулық сақтау жүйесіне әсер етті. Ал Африкадағы жағдайдың мүш­кіл болуына тест пен ақпаратқа қолже­тімсіздік себеп дейді мамандар. Өйт­кені 58 млн халқы бар Оңтүстік Афри­када тек 10 млн адамға сынама жасал­ған. Ал 17 000 науқас тіркелген Ка­ме­рун­да 25 млн халықтың 1 пайызы ғана тек­серуден өткен.

БҰҰ соңғы жағдай аймақты қар­жы­лық дағдарысқа алып келуі мүмкін деген болжам айтады. ДДСҰ өкілі Мэри Сти­вен жағдайды түзеу үшін 2014 жылғы эбола эпидемиясын назарға алу керек екенін, соған сай қабылданған шаралар аймақтағы ахуалды жеңілдете алатынын айтты.