Маусым айында еліміздегі екінші деңгейлі банктердің жалпы активтерінің көлемі 28,59 трлн теңгеге жетіп, маусым айымен салыстырғанда 1,5 пайызға ұлғайды. Ал былтырғы шілде айымен салыстырғанда көрсеткіш 12,8 пайызға көбейді. Ең ірі он банктің активі бір жылда 13,4 пайызға артып отыр.
Ranking.kz хабарлағандай, жылдық өсім көрсеткіші бойынша Сбербанк топ бастап тұр. Оның активі бір жылда 33,7 пайызға ұлғайып, 2,65 трлн теңгеге жетті. Соңғы айдағы өсім бойынша да аталған қаржы институты көш бастап тұрғанын айта кету керек. Жалпы, республикадағы екінші деңгейлі банктердің актив көлемі бойынша Сбербанк Халық банктен кейінгі екінші орында тұр.
Жылдық өсім көрсеткіші бойынша екінші орын Kaspi Bank-ке тиесілі: +29,9 пайыз. Актив көлемі 2,48 трлн теңге. Одан кейінгі орындарға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» (+28,5 пайыз), Ситибанк (+16,9 пайыз) және Jysan Bank (+16,5 пайыз) жайғасты.
Айлық өсімге келер болсақ, активі 44,9 млрд теңгеге ұлғайған ЦентрКредит алдыңғы орында тұр. Аталған банктің активі бір жылда 1,2 трлн теңгені құрағанын атап өткен жөн. Жалпы, республика бойынша екінші деңгейлі банктердің арасында ЦентрКредиттің актив портфелінің үлесі 8 пайызға жуықтайды.
Несие портфелі бойынша да екінші деңгейлі банктердің жылдық динамикасында біршама өсім бар. Бұл көрсеткіш 9,9 пайызға ұлғайып, 14,99 трлн теңгені құрады. Алайда шілде айының көрсеткіші бойынша несие портфелі 0,5 пайызға төмендегені байқалады.
Бір жыл ішінде активтері ең көп 5 банктің ішінде несиелеу көлемі бойынша Ситибанктен басқаларының бәрі өсімге қол жеткізді. Дегенмен, коронавирус дағдарысына байланысты маусым, шілде айларында ең ірі бес банктің үшеуі ғана несие портфелін ұлғайтыпты. Сбербанктің несие портфелі 1,5 пайызға, Kaspi Bank-тің көрсеткіші 0,4 пайызға, «Тұрғынүй құрылысжинақбанкінің» берген несиелері 3,5 пайызға жоғарылады.
Жалпы, екінші деңгейлі қаржы институттары үшін несие берудегі ең тиімді сегмент – тұтынушылық несиелер. Банктердің несие портфелі төмендегеніне қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бір айда 1,1 пайызға, ал жылдық көрсеткіш 13,7 пайызға өскені байқалады.
Ranking.kz-тің шолуына сүйенсек, тұтынушылық кредитті ең ұзақ уақытқа беретіндердің тізімін де Сбербанк бастап тұр – 60 ай. Одан кейінгі орындардағы Kaspi Bank – 48 айға, Jysan Bank – 36 айға беретіні айтылған. Екінші деңгейлі қаржы институттары ұсынған ең жоғарғы несиенің орташа көрсеткіші 5 млн теңге екенін айта кету керек.
Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен «нашар» несиелердің үлесі шілде айында 72 млрд теңгеге азайып, 1,3 млрд теңге болды. Бұл жалпы сектордағы активтердің 9 пайызына тең қаражат. «Нашар» несиелердің көлемі бойынша да Сбербанк, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» және ЦентрКредит тізімнің басында тұр.
Бір жыл ішінде екінші деңгейлі қаржы институттарының ипотекалық несиелерінің үлесі 27,8 пайызға, яғни 413 млрд теңгеге ұлғайды. Осылайша ипотекалық несиенің жалпы несиедегі үлесі 14 пайызға жуықтағанын атап өткен жөн.