Форумға 500-ге жуық адам, оның ішінде Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Израиль, Болгария, Грузия және Қырғызстаннан келген сарапшылар баяндама жасады.
Форум жұмысын ашқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Қазақстанда республикалық деңгейде 33, ал жергілікті деңгейде 10-нан астам әлеуметтік көмек түрі көрсетілетінін хабарлады. Табысы аз азаматтарды әлеуметтік қолдау төлемдер, жәрдемақы, азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар, жұмыспен қамту және басқа да көмек түрінде жүзеге асырылады.
Соңғы 3 жылда осы мақсатқа арналған бюджет шамамен 1,8 есеге, 551-ден 964 млрд теңгеге дейін өсті. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмекті қаржыландыру 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,5 есеге – 33,2-ден 118 млрд теңгеге дейін, он жылда 42 есеге өсті (2010 жылы – 2,8 млрд теңге).
Форум барысында COVID-19 пандемиясы кезінде әлеуметтік жұмыстарды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Еңбек министрлігінің өкілдері шетелдік әріптестерімен Қазақстанда төтенше жағдай кезеңінде азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, биыл II тоқсанда 560 мың және III тоқсанға 626 мың адамға АӘК тағайындау автоматты түрде ұзартылды. Осылайша жұмыспен қамту орталықтарына азаматтардың жаппай жиналуын болдырмауға және олардың ауру жұқтыру қаупін азайтуға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар 5 санаттағы 1 млн-нан астам мұқтаж азаматқа азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді. Азаматтардың тікелей байланысын азайту және COVID-19 таралуын болдырмау үшін бұл көмек жалпы сомасы 19 млрд теңгеге ақшалай төлем түрінде жіберілді.
Сонымен қатар азаматтардың індетті жұқтыру қаупін азайту мақсатында 40 мыңға жуық қазақстандық үшін мүгедектік мерзімі бұрын белгіленген мүгедектік тобы бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеуді жалғастыра отырып, автоматты түрде ұзартылды. Форум барысында халыққа әлеуметтік көмек көрсету сапасын арттыру мәселелері де қаралды.
Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталықтың директоры Лира Раисова арнайы әлеуметтік қызметтер мен АӘК көрсету сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік қызметкерлерді тестілеу жүйесімен таныстырды. Оның айтуынша, шекті ұпай жинай алмаған әлеуметтік қызметкер қосымша оқудан өтеді, ал төмен ұпай жұмыстан шығаруға негіз болмайды. Тестілеу Қазақстан Республикасының заңнамасы мен әлеуметтік жұмыс әдебі туралы сұрақтардан, сонымен қатар тәжірибелік тапсырмалардан тұрады. Қызметкердің толық бейнесін қалыптастыру үшін тестілеуге анкета мен жеке сипаттамаларын, коммуникативті құзыреттілігін және эмоционалды күйзеліс деңгейін анықтауға бағытталған психологиялық тест кіреді. Қызметкерлерді оқыту Zoom, Youtube, Citiesoflearning.eu базаларында онлайн-режімде өтеді.
ЮНИСЕФ-тың Қазақстандағы балаларға білім беру және құқығын қорғау бойынша үйлестірушісі Татьяна Адерихина отбасын қолдау, мүгедектікті ерте анықтау және мәселеге ерте араласудың маңызын атап өтті. ЮНЮСЕФ-тың мәліметіне сүйенсек, әлемде 90 млн-нан астам мүгедек бала бар. 65,5 мың мүгедек бала Шығыс Еуропа мен ТМД аумағындағы интернаттық мекемелерде тұрады.
«Балаларды құтқару. Грузия» ұйымының директоры Тамари Голубиани Грузияның мүгедек отбасыларға профилактикалық қызмет көрсету тәжірибесімен бөлісті. Бұл елде күндізгі күтім орталықтары, ерте араласу бағдарламалары және алдын алу/дағдарыс қорлары бар.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселелерін талқылау барысында Еңбек министрлігінің өкілдері әріптестеріне Қазақстандағы жағдай туралы әңгімеледі. Бүгінгі таңда республикада осы санаттағы 705 мың азамат тұрады. Жыл сайын қаржыландыру көлемін ұлғайта отырып, Мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ биыл мүгедектерге оңалту құралдарына өз бетімен тапсырыс беруге мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Шипажайда емделудің мерзімі реттелді, жеке көмекшілерге еңбекақы төлеудің бірыңғай тәртібі белгіленді. АИТВ (ВИЧ) ауруы бар балаларға бірыңғай жәрдемақы енгізілді, кохлеарлық импланттарды қайтару бойынша міндеттемелер алынып тасталды.
Еңбек министрлігі Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Дәмежан Сәдуақасова мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру мақсатында бірқатар құжаттар әзірленетінін айтты. Бұл – Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызмет жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі жол картасы, әлеуметтік қызметкерлерге үздіксіз білім берудің тұжырымдамалық тәсілдері, отбасы жағдайын анықтау әдістемесі және «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы» жаңа заң жобасы.
Форум қорытындысы 2025 жылға дейінгі әлеуметтік қызметтерді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерінің негізіне енетін болады.