Жуырда қазақстандық туризмнің даму мүмкіндігі мен келешегі «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының сараптамалық алаңында өткен Салалық менеджерлерді дайындау бағдарламасына қатысушылар мен аталған саланың өкілдерінің қатысуымен өткен талқылаудың тақырыбына арқау болды.
– Бүгінгі таңда қолданыстағы Туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасында осы саланың ІЖӨ үлесін 8%-ға дейін арттыру міндеті қойылған. Бұл қазіргі жағдайды есепке алсақ, өте үлкен мақсат, – деді «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының директоры Фархад Қуанғанов. – Сонымен қатар бағдарламада ұсынылған туризмді дамыту бағдарламасы көп мөлшерде дәстүрлі болып қалады, мемлекет пен бизнес әріптестігі түріндегі жүйелі жұмысқа көп назар аудару қажет.
Сала менторы, «Жібек жолы компаниясы» ЖШС директоры Тимур Дүйсенғалиев саланы дамытуға бір жағынан автономия әсер етуі мүмкін екенін, себебі туризм саласы өзіндік құрылым болып табылмайтынын, сондықтан Үкіметке тікелей шыға алатын ведомствоаралық кеңес құрудың маңызын алға тартты, туризм бойынша ведомство құрылымының үлгілік моделі ретіндегі Франция тәжірибесін атады. Оның айтуынша, негізгі кедергі – саланың жеткіліксіз түрде қаржыландырылуы, себебі көп жағдайда шығынның қажеттілігін дәлелдеу мен дәйектеу қиын.
Ал ақпараттық технология мен қонақүй бизнесін цифрлы басқару саласындағы сарапшы Тимуджин Дис Францияда аталған мәселе технологиялық инфрақұрылым есебінен шешілетінін айтады. Оның пікірінше, мұндай ақпараттық инфрақұрылымның артықшылығы, нақты уақыт режімінде бүкіл ақпаратты қадағалау мүмкіндігінен тұрады. Технологиялар абсолютті әділдік пен адалдықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік болмайды, қара касса болмайды, ал мемлекет қаржылық механизмдерді қадағалай алады. Нәтижесінде бюджетке салықтық түсімдер көбірек түседі.
Сондай-ақ туризмнің қолжетімді түрлерін дамыту мен білікті мамандарды дайындау мәселелері де талқыланды. Қазақстандық кемпингтік туризм және караванинг қауымдастығының президенті Баян Шапағатова туризмнің караванинг сынды қолжетімді түрін қысқа мерзімді келешекте дамытуға көңіл бөлуге шақырды. Ол курорттар құрылысы қымбат жобалардың орнына каравайнерлер тұрағы желісін құру қажет деп есептейді. Туризмнің аталған түрі соңғы кезде жылдам даму үстінде, бір ғана Қытайдың өзінде автоүйлер өндіретін төрт зауыт болса, елдегі каравайнерлер клубына мүше адам саны 5 млн адамды құрайды екен. Пандемия кезеңінде бұл сала танымал бола түсті. Еуропада автоүйлер сатылымы 25%-ға, АҚШ-та 500%-ға артқан, зауыттар сұранысты қамтамасыз ету үшін түнде де жұмыс істейді. Осындай жер көлемі мен Ұлы Жібек жолына ие бола отырып, біз караванингті дамытуға міндеттіміз, дейді ол. Бұл үшін Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының бойына қымбат емес инфрақұрылым қажет.
Кездесу аясында білім беру мен қонақүй бизнесін басқару саласындағы халықаралық сарапшылар Қазақстандағы кәсіби оқыту мен туризм және қонақүй бизнесі саласындағы кәсіби мамандарды дайындау идеяларының таныстырылымын өткізді.
«Қазақстанда қонақүй бизнесі мамандарын дайындайтын 300-ден астам жоғары оқу орны бар, бірақ ешкім қонақүйлерге тәжірибеден өтуге бармайды. Туризм мен қонақүй бизнесінде білікті мамандардың жеткіліксіздігінен оның Қазақстандағы үлесі 1,9%-ды құрайды», деп есептейді Capital Partners компаниясының бизнесті дамыту бойынша директоры, бағдарлама менторы Тарык Волкан Оскай.
Мәселенің шешімі ретінде ағымдағы жағдайды есепке ала отырып, онлайн түрде іске қосылған танымал үлгі – студенттер алмасуды қарастыру ұсынылды. Яғни, қазақстандықтар үйде отырып туризм және қонақүй бизнесі саласы бойынша халықаралық диплом ала алады. Практикалық сабақтар ретінде 3d-турлар мен тікелей стримингтік сервистер сынды заманауи технологиялар қолданылады.
Кездесуді салалық менеджерлер командасының көшбасшысы, Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының президенті Гаухар Жеңісбек қорытындылады.
– Біздің команда саланы түрлендіру мен жаңарту бойынша халықаралық әріптестеріміздің тәжірибесін зерттеді. Мүмкіндіктерімізді, менталитетіміз бен құрылымымызды ескере отырып, елімізде қандай құралдарды қолдануға болады? Біздің саланы дамыту моделіміз нарықпен тығыз жұмыс істеуді, басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруды қамтиды. Сондықтан бизнес қауымдастық өкілдерін біздің трансформация бағдарламасына қосылуға шақырамын, – деді ол.
Пікірталас алаңдары арқылы жұмыс істеу механизмі өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасының бөлігі болып табылады. Салалар бойынша талқылаулар тұрақты негізде жүргізіледі. Еске сала кетейік, іріктеліп алынған мамандар тобы экономиканың 11 саласындағы 45 маңызды міндетті шешу бойынша жұмыс істеуде, ағымдағы жылдың соңына қарай барлық командалар Үкіметке өз көзқарастарын ұсынады.