Саясат • 18 Тамыз, 2020

Жүйелі жұмыстарға жоғары баға берілді

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің халықаралық рейтингтік ұйымдармен өткізген бірқатар онлайн іс-шаралары аясында «IHS Markit» бас талдаушысы Алекс Меликишвилимен кездесу өтті. Оған Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Қаржы, Сыртқы істер министрліктерінің және квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жүйелі жұмыстарға жоғары баға берілді

Кездесу барысында Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу, келтірілген залалды белгілеу мен өтеу бойынша жұмыс нәтижелерін, сондай-ақ азаматтық қоғаммен белсенді өзара іс-қимыл кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қабылданған шараларды таныстырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңашылдықтары туралы айта келе, агенттік төрағасы өткен жылдың соңында енгізілген сая­си мем­лекеттік қызметкерлердің отстав­касы қарастырылған бағынышты қызмет­кер­лердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың жеке жауапкершілік институтын ерекше атап өтті.

Спикер Мемлекет басшысының бас­тамасымен қабылданған саяси жаңғырту шараларына, атап айтқанда, парламенттік оппозицияның құқықтық мәртебесін нығайтуға, митингтерді ұйымдастыру және өткізу тәртібін либерализациялауға, саяси партияларды тіркеуді жеңілдетуге, әйелдер мен жастардың партиялық тізімдеріне қатысуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жала жабуды қылмыстық жолмен жоюға баса назар аударды. Отырысқа қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру, мемлекеттік аппарат қызметін оңтайландыруды, сандық технологияларды қолдану арқылы сыбайлас жемқорлықты жоюға және елдің әрбір азаматының өмірін жақсартуға бағытталған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады.

Іс-шарада сот жүйесінің реформалары да түсіндірілді. Атап айтқанда, соттардың жұмысы туралы ақпараттар топтамасында сот процестерін өткізудің толыққанды онлайн-форматына, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою қағидаттарын ұстануға және сенімді арттыруға бағытталған шараларға баса назар аударылды. Жоғарғы соттың департамент басшысы Н.Ахметзәкіров сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар келісімшарттарды орындауды қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша «Doing Business» рейтингісінде Қазақстанның 4-орынға ие болуына мүмкіндік бергенін атап өтті.

Қаржы вице-министрі Р.Еңсебаев салықтық және кедендік әкімшілендірудегі тенденцияларға, көлеңкелі экономикаға қарсы тұру және бюджеттік жоспарлаудың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларға тоқталды. Өз кезегінде А.Меликишвили Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру бойынша жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстарына жоғары баға берді. Пандемия кезінде елдің қабылдаған шараларын талқылай отырып, сарапшы қабылданатын шешімдердің, атап айтқанда, бюджет қаражатын жұмсау ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар
аударды.

Кездесу соңында А.Шпекбаев халық­аралық сарапшылармен сұхбат мемлекеттік басқарудың негізгі стратегиясы мен үздік тәжірибелер туралы нақты түсінікке ие болуға мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қар­сы саясаттың одан әрі басымдықтарын айқын­дау үшін маңызды.