Таным • 19 Тамыз, 2020

«Екінші ұстаз» туралы еңбек

1340 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күллі түркі жұртының мақ­та­нышы, «мұғалім сәни» (екінші ұстаз) атанған ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық (870-2020) мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Алайда жыл басынан бері әлемді әлекке салған пандемияның кесірінен мәдениет саласындағы жоспарланған іс-шаралардың көбісі атқарылмады.

«Екінші ұстаз» туралы еңбек

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Дей тұрғанмен жоспарланған халық­аралық және республикалық ғылыми конференциялардың дені онлайн тү­рінде өткізілуде. Әсіресе ғұлама әл-Фара­би мен хакім Абайға қатысты онлайн түрінде тоқтаусыз өтіп жатқан конферен­цияларды, жарық көріп жатқан іргелі еңбектерді атап айтқан болар едік.

Соның бірі жақында ғана әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық универси­те­ті­­нің баспа үйінен жарыққа шыққан «Әбу Насыр әл-Фараби – даланың да­ра­ тұлғасы» атты іргелі зерттеу ең­бе­гі. Авторы Р.Сүлейменов атын­дағы Шы­­ғыс­тану институтының же­тек­ші ғы­лыми қызметкері, ҰҒА ака­де­­мигі, филология ғылымдарының док­­­торы, профессор Әбсаттар қажы Дер­­бі­сәлі. Еңбекті Білім және ғы­лым минис­трлігі Ғылым комитеті Р.Сү­лей­­менов атындағы шығыстану инс­ти­ту­тының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған. Зерттеудің жалпы редакциясын басқарған ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев. Пікір жазған философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев.

Аталған кітапқа шығыстанушы-ға­лым­ның Ұлы даланың дара перзенті жайлы ұзақ жылғы ізденісінен туған қазақ және орыс тілдерінде әр жылдары жазған мақалалары мен ой-толғаныстары, сон­дай-ақ өзге орта­ға­сыр­­лық отыздан астам Отырар ойшыл­дары­­ның өмір жолы мен еңбектері зерде­леген толымды да толғақты толғам­дары топтастырылған. Көлемі – 26, 25 баспа табақ.

 Кітап тілдік сипатына қарай екі та­рауға бөлінген. І-тарау «Ұлы дала ке­меңгерлері» деп аталады. Бұл бөлімге «Әбу Насыр әл-Фараби – Отырар­дың жарық жұлдызы», «Ұлыға тағзым», «Фа­рабитанудың қайнар бастаулары» секілді оншақты зерттеу еңбектері топ­тастырылған. Кітаптың «Ученые и мыслители Великой степи»деп аталатын орыс тіліндегі екінші бөліміне «Абу Наср аль-Фараби – гений Великой степи», «Средневековый Отрар (Фараб) и отрарские ученые ІХ-ХV веков» деп аталатын салмақты зерттеулері бастаған оншақты еңбегі енгізілген.

Әбсаттар қажы Дербісәлі ұзақ жылдан бері Ұлы даланың дара тұлғасы Әбу Насыр әл-Фарабидің және еліміздің ертеде өмір сүрген өзге де ойшылдарының жазба мұрасын дүниенің түкпір-түк­пірінен іздеп тауып, зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп келеді.

Ғалымның өз зерттеулерінен тыс, ортағасырлық араб тарихшы-шежіре­шілері: Джамал ад-дин әл-Қифти, Ибн Әби Усайбиға, Ибн Халликанның Әбу Насыр жайлы жазба деректерін де араб тілінен қазақ тіліне аударған еңбек­те­рінің өзі бір төбе.

 Жалпы Шығыстану ғылымының жан-жақты дамып, барлық ғылымда қарыштап өскен, ұлттық рухани сұ­раны­сына жауап берген бай-бағы­лан дәуірін тудырған ортағасыр ойшыл-ғалым­дары, олардың ғұмыры, зерттеулері, шығармалары туралы бүгінге дейін жазылып келген зерттеулер, ой-пікірлер академик Ә.Дербісәлінің аталған еңбегінде жаңа­ша пайыммен сарапталып, соны пікір, тың тұжырымдармен толыға түскені бірден көзге түседі.

Әбсаттар қажы Дербісәлі өз іздені­сін Пре­зидент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың «Қазіргі өркениетті мем­ле­кет­тердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғалармен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мем­лекет және қоғам қайраткерлері, қол­басшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет, (ғылым) майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес» деген ұстанымын берік тұғыр ете отырып, Әбу Насыр әл-Фарабидің адамзат тарихындағы алатын орнын, ғылыми-философиялық ұстанымын анықтау жолында аянбай тер төгіп жүрген ғалым. Сондықтан да теңдессіз ойшыл, әлемнің «екінші ұстазы» атанған ұлы бабамыз туралы мұндай іргелі еңбектің жарық көруін еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға деп толық сеніммен айта аламыз. Оның үстіне сөз болып отырған еңбектің дәл биыл, ұлы бабамыздың 1150 жылдығы қар­саңында жарық көруі – мерейтой­дың мерейі мен мазмұнын тіптен айшықтай түсері даусыз.

Еңбек жалпы әл-Фарабидің өмір жолы мен шығармашылығын білгісі келетін қарапайым оқырманнан бас­тап, оның күллі ілім-білімі туралы, тіпті білім қуып Бағдат шаһарындағы белгілі Йуханна бин Хайлан, Абу Бишр Матта, Абу Бакр бин Сираж сияқты ұстаздардан медицина, жаратылыс­тану ғылымдарын, логика мен грек тілін үйренгендігін, сонымен қатар бар күш-жігерін фәлсафаны зерттеуге арнағандығын білгісі келетін зерттеушілер үшін де құнды дүние.

Еңбектегі әл-Фарабидің ғылыми трак­таттары: «Математикалық трактаттар», «Музыка мен поэзия туралы трак­таттар», «Тарихи-философиялық трактаттар», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Логика туралы», одан басқа Ибн Сина, Аристотель, Птолемей туралы жазылған ойлары да өз оқырманын бей-жай қалдырмайтын дүниелер.

Жалпы, әл-Фараби бабамыз қалай мақтануға, қалай ұлықтауға тұрарлық ұлы тұлға. Ұлттың ұлы тұлғаларын білу – тарихи тамырыңды тану деген сөз! Ондай дарабоз даналарымызды ұлттық руханияттың ұстыны тұтып, ұлықтап отыру парыз.

Жалпыға мәлім болғандай ғұ­лама бабамыз таза философиялық және ло­гикалық еңбектермен қатар көп­теген табиғи-математикалық және жара­ты­лыстану-философиялық еңбектер жазды. Ол шығыста да, батыста да ғылымның одан әрі дамуына үлкен әсер еткен бай ғылыми мұра қалдырды. Демек ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын зерттеу, оның әлемдік ғылым мен өркениетке әсерін анықтау бүгінде ғана емес, бола­шақта да өзекті болып қала бермек.

Әлемдік ғылыми орта бірауыздан мойындап «екінші ұстаз» деп атақ берген Әбу Насыр әл-Фараби шынымен де әлемдік деңгейдегі адам болды, ол өз еңбектерінде араб, парсы, грек, үнді және өзінің түркі мәдениетінің ең құнды жетістіктерін жинақтаған және бойына сіңірген адам. Пайым-парасатының сәулесі мен жаңғырығы оның әйгілі «Китаб аль-музыка аль-кабирде» айқын кө­рінеді («Ұлы музыка кітабы»). Бірақ ол әртүрлі мәдени дәстүрлерді бірік­тір­ген гуманитарлық ғылымдар ғана емес, ол өз заманының білімдерін жү­йе­­леуге ұмтылған ғылымның рефор­ма­­то­рының данышпаны болды, бұл оның «Ғылымдардың жіктелуі туралы» трактатында көрініс тапты. Фараби педагогиканың реформаторы ретінде білімді тәрбиемен қабаттастыра беруге, ағартушылықты адамзат дамуымен ұштастыруға ұмтылды.

Сөз болып отырған еңбекте автор әл-Фарабидің «Поэтика жайлы тұжы­рымына» ерекше көңіл бөліп, әдеби мәлі­меттерді филологиялық тұрғысынан қарастырып, ғылыми жағынан тәпсірлеп, поэзия мен поэтиканы терең танып, мәтінді түсіндіруге терең мән бергені аңғарылады.

Сондай-ақ аталған зерттеуінде ға­лым бұған дейін екіұшты болып кел­ген мәселелердің анық-қанығына Б.Ға­фу­ров, Е.Бертельс, С.Григо­рян, М.Хай­руллаев, А.Көбесов, Г.Мат­виев­ская, Б.Розенфельд, А.Халидов, С.Бро­селман, Решер Николас, Р.Эрланже т.б. сынды ғалымдардың еңбектеріндегі та­рихи деректерге сүйене отырып көз жет­­кізеді. Әсіресе әл-Фараби жайын­да жазған  Джамал ад – Дин әл-Қифти, Ибн Әби Усайбиға, Ахмед ибн Халликан сынды ғалымдардың де­рек­терінің ғы­лыми құндылығы өте жоғары екенін ерекше айтуға тиіспіз. Әсіресе акаде­мик Ә.Дербісәлінің қан­ша ғасыр бойы қазақ ғылымының на­за­рынан тыс қалып келген араб тілін­дегі тарихи жазба мәтіндерді дүние­жүзінің іргелі кітапханалары мен жазба мұраларынан жинап, түпнұсқадан тәржімалап осы еңбегіне пайдалануы – берісі фарабитануды, әрісі отандық шығыстануды жаңа бір белеске көтерді деуге болады.

Аталған еңбектің тағы бір же­тіс­тігі, автор осы кітапқа енген «Түр­кия­дағы жаз­ба мұраларымыз» деп ата­ла­тын зерттеуінде бауырлас түрік аға­йындардың мемлекеттік және жеке кітапханалардың қолжазба қорларында ортағасырлық түркітекті ғұламалардың мұралары мен еңбектері сақталып кел­­гендігін баяндайды. Ол жөнінде кі­­тап авторы: «...Солардың ішінде Оты­­рар, Исфиджаб – Сайрам, Тараз, Бала­сағұн, Түркістан, Сығанақ, Женд ғұ­ламаларының түрлі тақырыпты қам­титын жазба дүниелері көптігімен таң­ғалдырады. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фа­раби, Мұхаммед бин Ахмед бин Йусуф (Жүсіп) әл-Исфиджаби, Абд әл-Уахид бин Мұхаммед ас-Сайрами, Ала ад-Дин Түркістани, Һибатулла ат-Түркістани ат-Тарази, Хұсам ад-Дин Хұсейн бин Али Хажжаж әл-Ханафи ас-Сығанақи, Мұхаммед Абд ас-Саттар әл-Кердери, Мұхий ад-Дин Женди шы­ғар­малары және Қожа Ахмет Ясауи «Диуан­ның» көшірмелері кездеседі...», деп қазақ даласында әртүрлі ғылымның сан-саласы бойынша терең де ойлы шы­ғармаларын қалдырған ғалымдарға қатысты деректердің молдығын көрсе­теді. Сондай-ақ ғалым Түркиямен қатар Сирия, Морокко, Мысыр және Еуропа елдеріндегі жазба әдеби мұраларын жи­нап бізге ортағасырлық отырарлық Аббас әл-Жауһари, Абу Ибраһим Исхақ әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһари тағы басқа тарихи тұлғалармен таныстырып, олардың ұлттың мәдени-рухани өміріне қосқан үлесі туралы қызықты да құнды деректер ұсынады.

Сондай-ақ автор Әбу Насыр әл-Фа­рабидің өмірі мен шығармаларына арналған әлемдік деңгейде бірізді, бір­тұтас, толыққанды библиографиясы жоқ екендігін айта отырып, Х-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүріп, әлемге танылып, артынан мол жазба мұраларын қалдырған Отырар шаһарының ұлы кемеңгерлері – өзге фарабилер туралы да баяндайды. Әрине Әбсаттар қажы Дербісәлі шығыстанушы ғалым ретінде ертеден бері-ақ шығыс деректерінен 30-ға жуық әл-Фараби табылғандығын айтып та, зерттеп те, ғылыми ортаға ұсынып та жүргені әмбеге аян. Әсіресе сол орта­ғасырлық қалың әл-Фарабилердің өмір­баянын, олар туралы шығыстық деректер мен мәліметтерді, олардан қалған ауқымды мұраларды тоқтаусыз зерттеп, тізбектеп жазып жүргенімен, соның өзінде қазақ халқына әлі күнге дейін толық танылып үлгірмеген, зерттеліп бітпеген деректердің әлі де мол екендігін ғалымның біз сөз етіп отырған еңбегіндегі «Орта ғасырлық отырарлық ғалымдар», «Отырар мен Сайрамның саңлақтары», «Средневековый Отрар (Фараб) и отрарские ученые ІХ-ХV веков» атты зерт­теулерінен анық аңғаруға болады.

Кітапта орын алған маңызды маз­мұн­дардың тағы бірі бұған дейін әлемдік деңгейде ұйымдастырылған конференциялар мен іс-шараларда жасалған баяндамалар мен құт­тық­тау­лардағы құнды да өзекті ойларды, сонымен бірге көптеген шетелдік мемлекет қайраткерлерінің арнау сөздері енгізілгенін атап өту лазым.

Академик Ә.Дербісәлінің «мерейтойды мерекелеудегі басты мақсат – әл-Фараби мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру арқылы әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлт­тық бренд ретінде ұлықтау» деп тұжырым­дағанындай, ұлы ғұламаның биылғы 1150 жылдық мерейтойын тұтас ел болып атап өтудегі көздегеніміз де сол меже болатын.

Өйткені әл-Фараби — Ибн Сина, аль-Бируни, Омар Хайям, Наср ад-Дин ат-Туси, Ж.Баласағұн, М.Қашғари т.б. атақты философтар мен ғалымдардың мұсылмандық Шығыста туып, қа­лыпта­суына, сондай-ақ бүкіл әлемдік ой-сана­ның дамуына, қала берді Орта Азия мен Қазақстанда прогрессивті әлеуметтік-философиялық ойдың дамуына теңдес­сіз ықпал еткені әлемдік ғылымда мо­йын­далған ақиқат. Оған көз жеткізу үшін немістің әйгілі шығыстанушы ға­лымы А.Мюллердің «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фа­раби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақ­тап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл ке­мең­гер адам грек философиясының ең те­рең қырларына дейін бойлап, байыбы­на жетті. Сондықтан да Шығыста фило­софияны ғылыми зерттеуді шын мә­нінде бастаушы кім дегенде, басқа еш­кім де емес, тек соның есімі аталуы­ керек», деген пікірін еске алсақ та жеткілікті.

Еліміздің алдыңғы қатарлы уни­вер­ситеттің бірі Қазақ ұлттық универ­ситетіннің аты әл-Фараби есімімен аталуы да тегін емес. Ұлы ойшылдың есімін иеленген қара шаңырақтың көш-керуені Шығыс пен Батыс өркениеттеріне тең де кең жол аша отырып, озық технологиялар мен инновацияларды дамыту арқылы, білім беруді әлемдік деңгейге көтеріп, өскелең ұрпақты білімді, ру­хани-адамгершілік қасиеті мол, ұлттық отаншылдық сана сезімге бай тұлға етіп қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабиге қатысты осынау іргелі зерттеудің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспа үйінен жарыққа шығуы, сондай-ақ кітаптың универ­ситет ректоры, академик Ғ.Мұтановтың ықыласты алғысөзімен жарық көруі де көкейде тұнып жатқан, көсіліп айта беруге болмайтын көп жайдан дерек беріп тұрғандай.

Түйіп айтқанда академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы­на ұсынып отырған қомақты тартуы тал­­ға­мы биік, талабы кемел қалың оқыр­манның ойынан шығатын, жұрт­шылықтың жадында, өскелең ұрпақ­тардың қолында жүретін құнды еңбек деп ойлаймыз.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор