Елорда • 21 Тамыз, 2020

Сарыарқа ауданының әкімі тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы аумағында 540 аула бар, олардың 77,5% қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 40 аула алаңы жөнделуде. Бұл туралы Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ресми инстаграм парақшасындағы тікелей эфир кезінде айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Сарыарқа ауданының әкімі тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді

Аумақты абаттандыру және асфальттау мәселесі өте өзекті. Сондықтан әкім тұрғындарды бастама көтеруге шақырды.

«Биыл екінші жыл қатарынан «Бюджетке қатысу» жобасы жүзеге асырылуда. Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының сайтына кіру қажет. Онда сіз қатысудың барлық талаптарын көресіз. Белсенді болыңыз, жұмыс істеңіз, сіздермен бірге біз барлық мәселелерді шешеміз», – деді Ерғали Егемберді.

Газдандыру – аймақта күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Бүгінгі күнге жоспарланған 200 км-дің 101 км-де жұмыстар аяқталды. Қазір кварталішілік құбырлар тартылуда.

«Көктал-1 алабында 91 көше бар, олардың 88-не құбыр тарту аяқталды. Көктал-2-де жалпы көшелер саны – 41, жұмыс екі көшеде қалды. Агроқалашықтағы 94 көшенің 22-де жұмыстар жоспарланған. Бұл жоба бірнеше жылға арналған. Қазір осы аудандарда 10 230 жеке тұрғын үй бар, оның ішінде биыл 5000-нан астам үйді газдандыру жоспарлануда. Біз кварталішілік құбырларды жүргіземіз. Көшеден үйге, желілерге, құбырларға үй иесі өз қаражаты есебінен жүргізеді. Бұл шамамен 300 мың теңгеден астам қаржы тұрады. Есептегіштер әкімдік есебінен орнатылады. Техникалық шарттар беру жұмыстары басталды. Оны алу үшін жұмыс күндері Көктал-1, Болашақ көшесі, 4/2 мекен-жайы бойынша байланыса аласыз», – деп түсіндірді аудан әкімі.

Тікелей эфир барысында Ерғали Егемберді үйлерді сүру жоспарлары туралы айтты.

«Төрт үйді бұзу жоспарланған – Алтынсарин көшесі 5/2, 5/3, 5/4 және Бесшатыр көшесі, 8 – 240 адам тұратын 50 пәтер», – деді әкім.

Эфир барысында жарықтандыру, көгалдандыру, әлеуметтік сала, Жаңа Сейфуллин жолының ашылуы туралы мәселелер де қозғалды.