Руханият • 21 Тамыз, 2020

Қостанайда “Мен бір жұмбақ адаммын...” атты республикалық ашық жазба айтыс мәреге жетті

402 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Мен бір жұмбақ адаммын...»атты республикалық ашық жазба айтыс аяқталды. Осыдан үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру»бағдарламасы аясында облыстың ішкі саясат басқармасы мен «Қостанай таңы» газеті бірлесіпқолға алған дәстүрлі жоба биыл ақпан айының аяғында басталып, тамыз айына дейін жалғасты. Жыр сайысына Қостанай, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан ұзын саны 18 ақын қатысып, алты ай бойы аламан айтысқа түсті.

Қостанайда “Мен бір жұмбақ адаммын...” атты республикалық ашық жазба айтыс мәреге жетті

- Жалпы үміткерлердің қай-қайсысы да қал-қадірлерінше Хәкім Абайдың рухани бай мұрасынан сыр шертіп, жауһар сөздерін үлгі етіп үгіттеді, алып ақынның арман-мұраты мен қазақтың бүгінгі бет-бейнесін астастыруға ұмтылды. Қаламгер айтыскерлер тақырыпқа дендеп қана қоймай, бүгінгі қоғамның «аяқ алысы, жүрек қағысын» аңдап, елдің мұңы мен мұқтажын түгендеді, өзекті мәселелерді толғады. Елдік, ұлттық, рухани құндылықтарды қаламына арқау етіп, жазба айтыстың табиғатын жан-жақты аша білді, - дейді «Жазба айтыс» жобасының үйлестірушісі, ақын Жандос Жүсіпбек.

Қазылар алқасының шешімімен арқалықтықақын Батырлан Сағынтаев жазба айтыстың жеңімпазы атанды. 2-ші орын көркем айтысымен ерекшеленген елордалық Ұланбек Бақытқа бұйырса, 3-орынды Нұр-Сұлтан қаласының ақыны Нұрдәулет Ғалымжанұлы мен торғайлық Злиха Кенжеғозина өзара бөлісіп алды.

- Қазақ әдебиетінде жазба айтыс дәстүрі ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, дамыған еді. Әсіресе Сыр бойындағы сөз сүлейлерінен қалған жазба айтыс мұралары бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Біздің өңірімізде өмір сүрген Нұржан Наушабайұлы, Байжан Бейсенұлы, Алтыбас Ақмолда секілді ақындардың жазба айтыстың дамуына өз үлестерін қосқандығы мәлім. Кеңес үкіметі орнағанннан кейін 1940 жылдары Омар Шипин, Өтеміс Қалабаев, Ақілгек Жұмабековалар, 1970 жылдары Мизам Жарасқанов, Әбдірахман Байғабылов, Ғали Әбішов, Бақытжамал Оспановалар облыстық баспасөз беттерінде сөз сынасты. Бірақ кейінгі кезде ұмыт бола бастаған осы дәстүрді қайта жаңғыртқан ұйымдастырушыларға біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әрине, жазба айтысқа түсу ақындарға оңай емес. Мұнда суырыпсалма айтысқа қажетті қиыннан қиыстырып сөз тапқыштықтан басқа, ойдың тапқырлығы мен сөздің өткірлігі, жазған өлеңнің келісті, көркем болуы керек-ақ. Бұл талапқа сай келетін өлең жазу жазба айтысқа қатысқан ақындардың әрбірінің ойында болғаны да анық. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасатын болса, өлке әдебиетіне қосқан үлесі, тигізер ықпалы жақсы жағынан ғана көрінетініне сенімін мол, - деді айтыс жеңмпазы Б.Сағынтаев.

Жобаның биылғы басты жаңалығы – үш жыл бойы өткен жыр сайыстары биыл жеке жинақ болып шықты. «Жазба айтыс – жыр-жауһар» атты етжеңді кітапқа үздік айтыстар енгізіліп, қалың оқырманға жол тартып отыр. Жинақтың жарық көруіне де облыстық Ішкі саясат басқармасы қолдау жасағанын айта кету керек.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.