Көрші қақысын ұмытуға болмайды Өзбекстан соңғы рет екі ел арасындағы ірі шекаралық Қарасу бекетін бір жақты жапқанын сарапшылар үлкен саясатқа апарып тіөрейді. Бұл қырғыздардың Сырдарияға барып құятын Нарын өзенінде Қамбар ата-1 ГЭС-ін салу жоспарына жауап деп бағалайды. Бұл құрылыс Қырғызстаннан бастау алатын суға бөгесін. Сондай бөгесін жүзеге асса, Өзбекстанға келетін су азаяды. Ол су өзбектердің негізгі дақылы – мақта егісіне зиянды әсерін тигізеді.
Әрине, өзбектер Қарасу бекетін сол үшін жаптық деп отырған жоқ, жай бір желеуді алға тосады – айтарлықтай автокөлік ағыны өтетін бұл өткізу пункті жедел жөндеуді қажет етеді-міс. Солай болған күнде де, жақсы көршілер мұны күні бұрын ескертіп, әйтпесе оны тарс жаппай-ақ, сол жөндеу жұмысын қосарлай жүргізе бермес пе. Ал бұл бекетті жапқаннан кейін де журналист қауым онда ешқандай жедел жөндеу жұмыстары жүріп жатпағанына куәлік етеді.
Енді бұл бекеттің жабылуының салдарына келсек, одан ең алдымен екі жақтың да бизнесіне зиян келеді. Осы Қарасуда үлкен көтерме базар бар. Оған түскен қытай бұйымдарын өзбек жағынан келгендер алатын, оны өз жағына апарып сататын. Содан екі жақтың да адамдары өздерінің күнкөріс қажетін айырып отырар еді.
Шекарадағы қақтығыстардың қолдан жасалып отырғандығы, жоғары жақтың қолдауымен ғана емес, тікелей нұсқауымен жасалып отырғаны да даусыздай көрінеді. Мұның өзі қазір жүйелі сипат алғандай. Осы жылдың басында Жалалабад облысында өзбек әскерлері қырғыз шекарашысын жаралап, бір апта бойы өздерінде ұстап, қорлаған көрінеді. Осы наурыз айының басында төрт өзбек малшысын шекара бұзған кезінде қырғыз сақшылары ұстап алған, олардың біреуі қашып кеткен. Одан кейін тағы бір оқиға – көлікке мінген өзбек азаматтары шекара бұзып қана қоймай, шекара қызметкерлерінің ескертпелеріне құлақ аспаған. Сонда қырғыздар аспанға мылтық атып, оған да тоқтамаған соң, мәшинені көздеп атқанда, онда отырғандардың біреуі оққа ұшқан да, екіншісі жараланған.
Қарасу бекеті қайта ашыла ма, бұл жайында өзбек жағы ешнәрсе айтпайды. Мұны сарапшылардың бір парасы өзбек жағының қыңырлығы десе, екіншілері күш көрсетуі дейді.
Қамбар ата ГЭС-ін салдырмау үшін өзбектер тіпті әскери күш қолдануға дейін барады деген пікірді жұрт ашық айта бастады. Айталық, ТМД елдері институты Бішкек филиалының директоры Александр Князев осындай пікірде.
Өзбек жағының қырғыздарға тағы бір өкпесі – екі ел шекарасы маңында Ресей күштерінің орналасуы жөнінде қырғыз-орыс келісімі болса керек. Бұл өкпені де күшпен шешуге болмасы анық.
Қандай да болса орын алған дауға екі жақ та кінәлі, бір жағы дұрыс болса, ұрыс болмайды деген қағидаға жүгінетініміз бар. Сөйтсе де кейде бір жақтың белсенділігі аңғарылып жатады. Сол өзбек ағайындар тек қырғыздармен ғана емес, ар жағындағы тәжіктермен де қырғи-қабақ. Тіпті бізбен арадағы шекараны белгілеуді де созбалаққа салып, көңілге қонбайтын себеп айтып, біраз уақыт шекарадағы негізгі өткізу пунктін жауып тастағаны бар. Одан тапқаны не? Түк те тапқан жоқ. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл елге кешегі сапары толық түсіністікке қол жеткізуді мақсат еткені де белгілі.
Ағайын елдердің араласқаны жақсы. Халықтық пәлсапаға жүгінсек, бір-бірімен араласып, реті келген сәтте бір-біріне көмек қолын ұсыну – көршілік қақысы. Бұл енді жазылмаған заң, адами қарым-қатынастың талабы. Бұдан екі жақ та ұтады. Оған дәлелді іздеп жатудың өзі артық. Араздасқан көрші елдердің шеккен қасіретіне мың мысал табылады.
Поляктар басқаға ақыл айтқанға құмар
Бұл елде президент сайлауы сонау қыркүйекте өтеді. Оған дайындық та, бәсекелестердің күресі де әлдеқашан басталып кеткен. Сірә, Польшадағы бұл науқанның қызуын басқалар, оның ішінде, әсіресе, көршілері аңғаратын сыңайлы.
Басқалар дегенде, бұл елдің басшылығы да, өзімсінген саяси қайраткерлері де басқаларға ақыл айтқанға, өз тәртібін басқаларға таңғанға құмар-ақ. Кейде алыстағы елдердің қашқан-пысқандарын, өздерінше демократтармыз деген өзеуреген көкауыздарын жинап алып, олардың арандатушылық әрекеттеріне қолдау көрсетіп жатады. Өздерін демократияның өнегесіміз деп санап, кейде сол демократияға кереғар қадамдарға барып жататыны да бар.
Биылғы сайлау күткендегіден басқаша бағыт алып отыр. Қызу басталған науқанда жоғары мемлекеттік қызметке үміткерлердің арасында қазіргі премьер-министр, “Азаматтық платформа” партиясының көсемі Дональд Туск бар болатын. Және оның беделі өте жоғары еді. Алдын ала жүргізілген сауалдамаларға қарағанда, ол бірінші турда-ақ 50 пайыздан жоғары дауыс алып, президент болып сайланып кетуге тиіс еді. Мұндай жағдайда қазіргі президент Лех Качинскийдің сайлауға түсіп абырой таппасы анық. Билікте болған адамның жеңілісі оның саяси беделіне балта шапқанмен бірдей. Соны ескеріп, ол соңғы кезге дейін қайта сайлануға түсуге асықпаған.
Жағдайды Тусктің өз кандидатурасын қайырып алуы мүлдем өзгертіп жіберді. Енді “Азаматтық платформадан” сайлауға сыртқы істер министрі Радослав Сикорский түсуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Качинскийге жол ашылуы да ықтимал. Мұны президенттің өзі емес, оның партиясы қолға алды. Наурызда өткен “Құқық және әділеттілік” партиясының съезі арнайы шешім қабылдап, “2005 жылы басталған миссия Польшаның игілігі үшін одан әрі жалғасуы қажет, сондықтан да президентке екінші мерзімге сайлану жөнінде өз кандидатурасын ұсынуды өтінетіндіктерін” білдірді.
Тусктей бәсекелес кеткен соң, Качинский сайлауға түседі, дейді сарапшылар. Сөйтсе де оның жеңісіне күмән да келтіреді. Президент болған мерзім ішінде ол өзін күшті де беделді қайраткер ретінде көрсете алған жоқ. Көп уақытын премьер-министр Тускпен айтыспен өткізіп, кей ретте беделіне нұқсан келтіретіндей жағдайға түсіп қалып жүрді. Бірде, еуропалық саммитке жарыса барып, премьер-министрдің ұшағынан орын таппай күлкіге ұшыраған. Сонан соң елдің сыртқы саясат мекемесін сынап, оның басшысына әртүрлі кінә таққаны бар. Бұл да оның әлсіздігін аңғартады.
Енді үлкен беделі бар “Азаматтық платформа” партиясы Р.Сикорскийге жұмыс істейтіні анық. Сондықтан Качинскийдің жеңісі бұлыңғыр. Сонымен бірге, қазіргі президент Ресейге, Қытайға, сондай-ақ Беларуссияға қарсы саясатымен де поляк қауымының белгілі бір бөлігінен айтарлықтай дауыс жинаған. Бұл науқан біршама ескірді, оған тағы да ұпай әкелуі неғайбыл.
Польша, оның қазіргі саяси басшылығы, ең алдымен Качинскийдің төңірегі халықаралық ұйымдармен де шәлкем-шалыс қарым-қатынаста.