Қазақстан • 21 Тамыз, 2020

11 мыңдай армениялық көлік тіркелді

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Қазақстан азаматтарына тіркелген армениялық нөмірлі көліктердің саны 22 мың. Алайда оның тек 11 мыңға жуығы елімізде тіркеуден өткен. Тұтастай 14 мың автокөлік тіркелуі тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз айтты.   

11 мыңдай армениялық көлік тіркелді

Жауапты ведомствоның өкілі тіркелуге жататын қалған автокөліктер он күннің ішінде қажетті рәсімдерден өтеді деген сенімде. Өйткені тіркеу науқаны 1-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Бірақ құзырлы орган мамандары қайта жабдықталған көліктердің ерекшеліктері ескеріліп, оларды тіркеу жұмыстарының мерзімін ұзарту мәселесі қаралатынын жоққа шығармады.

"Тіркеу бойынша белгілі талаптар бар екенін ескерсек, Үкімет қаулысында оның  нақты мерзімі көрсетілген. Тіркеу 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін белгіленген шарттарға сәйкес, барлық көлік құралы тіркеледі деп жоспарлануда. Азаматтардың өтініштерін есепке алсақ, Техникалық реттеу және метрология комитеті қайта жабдықталған автокөліктерді тіркеу уақытын ұзарту мәселесі пысықталып жатыр", деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары басқару рулі оң жақта орналасқан автокөліктер тіркеу науқанына қатыса алмайтынын еске салды. Бұл көліктерді тіркеуге Қазақстанда 2009 жылдан бері тыйым салынған. Аталған мәселе еліміздегі жол қозғалысына қатысты заңмен қатар, Кеден одағының техникалық регламентімен реттеледі.

Сауда және интеграция министрлігі Көліктік реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов Арменияда басқару рулі оң жақтан солға қарай ауыстырылған автокөліктердің Қазақстанда қауіпсіздік сертификатын алуы міндетті екенін еске салды. Бұл сертификатты арнайы зертханалардан алуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырдың 20-да Қазақстан Үкіметі Арменияда тіркелген жекелеген көлік құралдарын елімізге әкеліп, пайдалану бойынша кейбір мәселелер туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес, осы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін Арменияның уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркеліп, елімізге 1 ақпанға дейін әкелінген басқару рулі сол жақта орналасқан көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу үшін алым төлеу жөнінде шаралар  қарастырылған.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.