Қоғам • 21 Тамыз, 2020

Конституцияның 25 жылдығы шеңберінде қандай іс-шаралар өткізіліп жатыр?

2009 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференцияда Республика Конституциялық Кеңесінің өкілдері Кеңестің қызметі мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы шеңберінде өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтып берді. Ақпаратты Конституциялық Кеңестің мүшесі Унзила Шапак және Кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов ұсынды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Конституцияның 25 жылдығы шеңберінде қандай іс-шаралар өткізіліп жатыр?

"Конституция – мемлекеттің ең жоғары заң күші бар Негізгі Заңы. Ағымдағы жылдың 30 тамызында республикалық референдумда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толады. Негізгі Заңның мерейтойы қазақстандық мемлекеттілікті дамытудағы айтулы оқиға болып табылады", - деп атап өтті Конституциялық Кеңестің мүшесі Унзила Шапак.

Конституциялық Кеңестің қызметі елдің Негізгі Заңының мызғымастығын қамтамасыз етуге бағытталған. 1996 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезең ішінде Конституциялық Кеңеске 200-ден астам өтініш келіп түсті.

29 өтініштің мәні Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру болған. 15 өтініш бойынша жалпы алғанда 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды.

Конституциялық Кеңес Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру туралы 100-ден астам өтінішті қарады, олар бойынша 80-нен астам нормативтік қаулы қабылданды. Осы қаулыларда азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру және қорғау, сайлау жүйесі, мемлекеттік органдардың мәртебесі мен өкілеттіктері, заң шығару процесі мәселелері және басқа да мәселелер қаралды.

Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы 24 жолдауы жария етілді. Оларда Конституциялық Кеңес елдегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жасайды және адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту жөнінде нақты ұсыныстар береді. 

Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының Конституциялық Кеңестің құрамына оның ғұмыр бойы мүшесі ретінде кіруі конституциялық заңдылық режимін күшейтуге ықпал етті.

Спикердің ақпараты бойынша, Конституциялық Кеңес конституциялық құндылықтарды түсіндіру мен насихаттау және қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда. Азаматтардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның 25 жылдығының бірыңғай логотипін әзірледі.

Республика Конституциясының 25 жылдығын өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың басынан бері жоспарлы жұмыс атқарылып жатыр. 

Конституцияның тарихына, 25 жыл ішіндегі адамның конституциялық құқықтарының дамуына арналған деректі фильмдер дайындалды. 

Барлық өңірлерде конференциялар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, ашық сабақтар және басқа да іс-шаралар өтуде. Оларға еңбек ұжымдары, ЖОО, колледж және мектеп оқушылары тартылды.

Конституциялық Кеңес БҒМ-мен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарының заң факультеттерінің студенттері арасында конституциялық даму мәселелеріне арналған үздік жұмысқа конкурс өткізді. 

ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы 5-7 сынып оқушылары арасында «Конституция – еліміздің Негізгі Заңы» тақырыбында сурет салудан республикалық интернет-конкурсты өткізді.

Конституциялық Кеңес бірқатар кітап пен жинақты басып шығарды.

1 шілдеде таныстырылымы өткен кітапта Республиканың Тұңғыш Президентінің тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлі ашылады. Екінші кітап Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту жолындағы жетістіктеріне арналған. Оның авторлары – шетелдік сарапшылар. Олар біздің Конституциямызға жоғары баға беріп, құқықтық саясаттың тиімділігін арттыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізді.

Жеке монографияда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қызметі қорытындыланды. «Жыр арқауы – Ата Заң» басылымында қазақстандық ақындардың Конституция мен онда бекітілген құндылықтар туралы шығармалары жинақталған. «Бала өрген Ата Заң» атты балалар суреттерінің жинағына Республика Конституциясына арналған эсселер мен суреттер конкурстарына қатысқан оқушылардың жеке қолжазбалары мен суреттері енгізілген. Алғаш рет қазақ тілінде «Қазақстан Республикасы Конституциясының энциклопедиялық анықтамалығы» жарық көрді.

Конституциялық Кеңес а.ж. 24 тамыздан бастап «Негізгі Заң аптасы» жобасын өткізеді.

Жобаның мақсаты – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы Конституцияның рөлін терең ұғыну, халықтың конституциялық мәдениетін арттыру.

Осы жоба шеңберінде бүкіл ел бойынша онлайн конференциялар, тегін заң консультациялары, вебинарлар, БАҚ-та сөз сөйлеу, қайырымдылық акциялары, жаңа объектілерді пайдалануға беру, пәтерлердің кілттерін, жеке куәліктерді табыс ету, демеушілік көмек көрсету және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға орай барлық іс-шаралар онлайн режимде өтеді.

Бағдарламада Негізгі Заңның мерейтойына арнап шығарылған кітаптардың таныстырылымы көзделген.

Ұлттық Банк 25 тамыздан бастап номиналдық құны 100 және 200 теңге болатын жаңа мерейтойлық монеталарды айналысқа шығаруды жоспарлап отыр.

«Қазпошта» АҚ «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясы бойынша пошта маркасын айналымға енгізеді.

Нұр-Сұлтан қаласында а.ж. 27 тамызында Конституция Күніне арналған негізгі іс-шара ретінде «ХХІ ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекет тиімділігі» тақырыбында халықаралық конференция өткізу көзделген.

Конференция шеңберінде Азиялық конституциялық соттар қауымдастығының (18 ел) 4-ші Конгресі өтеді. Конференция жұмысына Конституциялық бақылау органдары Еуразиялық қауымдастығының (9 ел) мүшелері де қатысады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Конституциялық Кеңес 2 млрд-тан астам халқы бар, 20-дан астам елді қамтитын осы қауымдастықтарға төрағалық етеді.

Негізінен конституциялық әділет органдары өкілдері болып табылатын әлемнің барлық континенттерінен жетекші заңгерлер одан әрі конституциялық-құқықтық дамудың өзекті мәселелерін, оның ішінде коронавирус пандемиясына байланысты мәселелерді, талқылайтын болады.

ҚР Президентінің Архиві «Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тарихи-құжаттық көрмені ұйымдастырады.

Онда бірегей архивтік құжаттар ұсынылатын болады. Отандық және әлемдік жұртшылық арасында Конституция жобасын талқылау жөніндегі құжаттар алғаш рет көрсетілетін болады.

Мәдениет және спорт министрлігі Республика Конституциясының 25 жылдығына арналған онлайн концерт дайындауда. Ол мемлекеттік мереке қарсаңында телеарналар арқылы көрсетілетін болады.

Осы іс-шаралардың барлығы Конституцияның әлеуетін ұғыну мен ашуға бағытталған. Олар БАҚ-та, оның ішінде Конституциялық Кеңестің сайтында кеңінен жария етілетін болады.