Экология • 24 Тамыз, 2020

Халықтың өмір сапасын арттыратын экологиялық саясат қажет

503 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда Мемлекет басшысы елдегі экологиялық мәдениеттің ақсап тұрғанын сөз еткені белгілі. Осы орайда мектептерде экологиялық сауаттылық пәні енгізілу керегі айқындалса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі халық арасында экологиялық мәдениетті дәріптеуді міндетіне алды. Президент сенім білдіріп құрылған кадрлық резерв резервшілерінің қатарында да экология мәселесін зерттеп, оны дамытумен айналысатын мамандар бар. Солардың бірі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген Зульфия Сүлейменова бар күш-жігері мен білімін елімізде дұрыс климаттық саясат қалыптастыруға жұмсамақ ниетте.

Халықтың өмір сапасын арттыратын экологиялық саясат қажет

З.Сүлейменова Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бакалаврда, одан соң магистратурада білімін толықтырған. Университеттен кейін Президент жа­нындағы Қазақстан стратегиялық зерт­теу институтында еңбек жолын бас­таған.

– Сәті түсіп, шетелге жұмысқа ат­тан­­­дым. Таиланд астанасы Банг­когте Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты аймағы үшін әлеуметтік және экономикалық комис­сиясында қоршаған ортаны қорғау және даму дивизионында қызмет атқардым. 2016 жылы халық­аралық қатынас бойынша білімімді тереңдету мақсатында Жапонияның саяси зерттеу институына докторантураға түстім. Докторантурада оқып жүріп БҰҰ-ның түрлі агенттіктерінде жұмысымды жалғастырдым. Соның ішінде БҰҰ-ның Қазақстан мен Түрікменстанға бағытталған даму бағдарламаларымен жұмыс істедім. Сонымен бірге үкі­меттік емес ұйымдармен және жеке секторлармен тығыз байланыста болдым, – дейді Зульфия.

Шетелде жүргенінде елге оралуды жоспарлаған Зульфия Президенттің жастар кадрлық резерві туралы баста­масын естіп, мұның мүмкіндік екенін түсінеді.

– Ақпарат алғаннан кейін жобаға құжат тапсырдым. Іріктеудің алғашқы кезеңдері цифрлы және вербалды тес­тілерден тұратыны белгілі, көбі осы кезеңнен өтпей қалғанын естідім. Ин­тернеттен ұқсас тестілер тауып, да­йын­далдым, кітаптар оқы­дым. Ал­ғашқы кезең аса қиын болмады, дегенмен қызу дайындықты қажет етеді. Үшінші кезеңде өзі­ме жақын жобаны таныс­тырдым. Докторлық диссертациямның тақырыбы – Сырдария бассейніндегі трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселелері. Жобамды Қазақстандағы су және трансшекаралық су ынты­мақтастығы мәселелерін шешуге бағыттадым. Эксперттік комиссиямен сұхбатты ең қызық кезең дер едім. Жаныңа жақын, өзің білетін тақырыпты талқылаудың қандай керемет екенін айтпасам да түсінікті. Соңғы кезең сынақ емес, шын мәнінде сұхбат ретінде өтті. Өз ойымды, жоспарла­рымды білім­ді, білікті, жоғары лауа­зымдағы тұлғалармен бөлісу де мен үшін мәртебе болды, – дейді сыннан сүрінбей өткен резервші.

Бүгінде Зульфия Сүлейменова Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары болып қызмет етеді. Құрылым еліміздің климаттық саясатын іске асырумен, қалыпастырумен, озон қабатын сақтаумен, сонымен қоса жасыл технологияларды ілгерілету мәселелерімен айналысады.

– Қызметтегі негізгі мақсатым – Қа­зақстанның климаттық саясатын жақ­сарту. Бәріміз естіп, біліп жүр­гендей, экология мәселелері дүниежүзі бойынша өзекті. Бұл бейжай қарайтын жайт емес. Климат мәселелері экономика және әлеуметпен тығыз байланысты. Жақында Еуро­палық одақ парниктік газдардың шы­ғарындыларына шека­ралық салық енгізуді қарастыра бастады. Егер бұл сая­сат жүзеге асса, эконо­микамызға әсер етеді, ал ол әлеуметке де оң әсер ете­­тіні сөзсіз. Бұған жауапты ми­нис­тр­лік осы саладағы ахуалды, жаһандық трендтерді жіті қарап, дұрыс талдап, еліміздің мүддесіне сай келетін саясатты қалыптастыруы керек. Осы бағыттағы сұраққа жауап іздеуі міндет. Менің бас­ты мақсатым – климат мәселелері бойын­ша аналитиканы нығайту, сонымен бірге жаңа әрі дұрыс экологиялық саясат қалыптастыруға атсалысу. Бізге ең бастысы халықтың өмір сапасын арттыратын саясат қажет, – дейді ол.

Жалпы, Мемлекет басшысы айтып кеткендей, жастар кадрлық резервінің негізгі мақсаты мемлекеттік қызмет саласында транзакциялық лидер емес, трансформациялық лидерлер қалып­тастыру. Зульфия ендігі кезекте қалып­тасып жатқан трансформацияны жүзеге асыруға мүмкіндік берілсе деген ойын да жасырмады.

– Халықаралық ұйымдарда жұ­мыс істеп жүргенде саралап, ойыма тоқып жүрендерім көп болды. Экологиялық саясат пен қоршаған ортаны қорғау мақсатында шетелдер өкілдерімен бірлесіп қызмет еттік. Кейбір үдерістердің шетелде қалай жү­зеге асатынын байқадым. Мем­лекеттік қызметке келгелі де жүйені оңтайландыруға қатысты біраз ой қа­лыптастырып үлгердім. Алда соларды жүзеге асыра аламын деген ойдамын, бұған дейінгі тәжірибемді, білімімді пайдаға жаратамын деп сенемін. Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – елімізде үстемдік ететін дұрыс заң мен саясат қалыптастыру, адамдарға өздерінің мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын жағдай жасау. Сол тұрғыдан қарағанда, өзімнің оқығанымды, тәжі­рибемді тиімді қолдана аламын деген ниеттемін», дейді жас маман.

Ол қазіргі ой жарыстыратын, ар­мандарға қол жеткізуге мүмкіндік мол заманда жастардың өз алдарына биік мақсаттар қоя білуі маңызды екенін жеткізді.

– Жастар тек баға үшін емес, «біл­сем» деген ынтамен оқуы керек. Белгілі бір тақырыпқа қызығушылық болса, оны дамыта түскен абзал. Өйткені біздің қоғамның, мемлекеттің тағы бір мәселесі – кадр жетіспеушілігі. Елі­мізді алдыңғы қатарлы мемлекеттер арасынан көрігіміз келсе, сапалы кадр­лар дайындау керек. Жастар өздері қалаған, ертең меңгеріп кете алатын мамандықты алуға ұмтылуы тиіс. Ал одан кейін өзіне сенуі керек. Өзіне сенбеген адамға ешкім сенбейді. «Ар­мансыз адам – қанатсыз құс» деген­ді жиі естиміз, алайда оның мәніне үңіле берейміз. Бізді алыс жолдарға да, биік асулардан өтуге де жетелейтіні – арман. Сондықтан үлкен адам болу үшін үлкен армандарға қол созу керек-ақ, – деп түйіндеді сөзін жас ғалым.