Данышпан ата-бабамыздан сөз қалған ба? Көшпенді қазақтың кейпіне түсіп заттарымызды жинай бергенде «Кедей болсаң, көшіп көр» деп күбірледік. Көшіруге көлік келсе де, соған дейін жеткізетін жүктің ауырлығына абдырадық. Кітаптар екен салмақ салып тұрған. Бұған дейін оқып тастаған кітаптарды кітапханаға өткізіп жіберетін әдет тапқанбыз. Карантинде кітапханалар жабық. Жүгімізді қалай жеңілдетерімізді, қайтіп құтыларымызды білмей отырдық. Сөйтіп әлеуметтік желіге «Киімнен кітабымыз көп. Мынау кітаптардың ішінен керегін алатындарыңыз бар ма? Тегін береміз» деп жазып қойдық. Журналист болғысы келетіндіктен бізден аз-кем дәріс алған оқушы қыздың анасы: «София (қызының атын атап) өзінің қайырымдылық кітапханасына кітаптар жинап жүр. Кітаптарыңызды біз алып кетейік», деді. Жүгімізді жеңілдетіп – бір, кітаптарымыздың қайырымдылыққа себепкер болатынына екі қуандық. Жарты сағаттың ішінде үйге индрайвермен такси жіберіп, кітаптарды алып кетті. Содан София Северинаны сөзге тарттық.
Мұндай істі қолға алуына да баяғы жан-жануарларға деген жанашырлығы итермелепті. Баяғы деген себебіміз, Софияны таныған 3-4 жылдан бері оның жануарларға жәрдемші болып жүретінін білетінбіз. Демалыс уақытын біз үнемі баратын ипподромдағы жылқыларға қамқорлық көрсетуге, атқа мінуден қорқатын, бірақ қызығатын келушілерге жетектеуші болуға арнайтын. Жан-жануарларға жанын беретіні сондай, әке-шешесінің қабағына қарамастан қаңғыбас ит-мысықтарды үйіне кіргізіп алатын. Қазір жұмысын жандандырыпты. «Үміт желкені» – «Парус надежды» деп қайырымдылық қозғалысын құрып, әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, адамдардан қажетсіз кітаптарды жинап, керек еткен жандарға сатып, сол ақшаға босып жүрген жануарларды (көбіне мысық, иттер) емдетіп, асырап алғысы келетін адамдарға береді екен. «Қоғамдық қозғалысты қолға алған бір жарым жылдың ішінде көптеген кітапты сатып, біраз жануарды емдеттік. Олар да тірі жан ғой. Жақында елордадағы Арбат көшесінде еріктілердің жәрмеңкесі өтті. Соған мені де шақырды. Сол шарада 100-ге жуық кітап саттық. Сатылымнан түскен ақшаға біраз жануарды емдеттік. Жұмсалған барлық қаражаттың есебі парақшамызға салынған», дейді София.
Осы жұмысты небәрі 9-сыныпты тауысқан оқушы істеп жүр. «Қоғамға қызмет қылу жас талғамайды екен ғой», дедік іштей.
«Бәрі 2016 жылдың жазғы демалысында басталды. Әкемнің ауылында бір бұрыштан таныс итті көріп қалдым. Көзінде мұң бар секілді. Артынан еріп барсам, паналаған жұпыны жерінде он шақты күшігі бар екен. Арықтығы сондай қабырғасын санауға болатын итке сүйек, оның күшіктеріне сүт әкеліп бердім. Бірде дүкеннен шығып келе жатып велосипед тепкен баланы көрдім. Бір қолымен шайтан арбаның рөлін, бір қолымен күшік ұстап алып зырылдап барады. Ал сол баланың соңынан таныс ит жүгіріп келеді. Мен де соңдарынан ердім. Ит баланың алдына шыққанда ол қолындағы күшікті арыққа лақтыра салды. Күшік өзі батып кететін тереңдіктегі үлкендеу арықтан әзер дегенде шығып, енесіне ілесіп алды. Егер ит болмағанда, әлгі баланың күшікке не істейтінін Құдай білсін! Көше балаларының сол итке күнде тас лақтырып, күшіктерін қалағанынша азаптап, ойларына келгенін істейтіні маған таңсық болмай кетті. Мұның бәрі адамның қатыгездігін және жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді», дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, бұл – жас ұрпақтың тәрбиесіне кезек күттірмей көңіл бөлу керегіне дәлел. Балалар қоршаған орта мен айналасын сақтап, қорғай алмаса да зиянын тигізбеуге тәрбиеленуі тиіс. Жан-жануарлардың, әсіресе үй-күйсіз жүрген мақұлықтардың жайы шетелдерде біршама жолға қойылған. Германияда адамдар үй жануарларын ұстағаны үшін көп мөлшерде салық төлейді. Міне, осыдан жауапкершілік туады. Әрі үй жануарларын асырап аларда ойланады. Ресейліктер жануарлар туралы заңды күшейту үшін митингілер ұйымдастырып, оған 200 мыңға жуық белсенді қатысып, қол қойған ұсыныстарын Мемлекеттік думаға жіберген. Ал Қазақстанда бір ғана 2017 жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды атуға қалалық бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Мұндай қомақты сома аурухана салуға, я науқастарды емдеуге, болмаса тіпті балалар үйіне емес, жануарларды жоюға жұмсалған.
Негізі София келтірген дерек үш жыл ішінде біраз өзгергені анық. Мәселен, 2019 жылдың қыркүйегінде өткен Үкімет отырысында сол кездегі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәжілісмендердің сауалына берген жауабында 2018 жылы жергілікті бюджеттен қаңғыбас жануарлармен жұмысқа 929 723 264 теңге, яғни 1 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылғанын және сол қаражатқа аталған жылдың басында 211 мың ит пен мысықтың атылғанын айтқан еді. Бұдан бөлек аталған қаржы бір жыл ішінде 980 590 жануарды вакциналауға жұмсалған.
Ерікті болу үшін адамға үлкен жүрек керек екені белгілі. Кейіпкеріміз кәмелет жасқа жетпесе де елімізде волонтерлік қызметті дамытуға атсалысып жүр. Өзі кішкентай болғанымен, жүрегі кең жандар елде еріктілер жылының жариялануын күтіп отырмайды.
Жануарлардың жанашыры өз ойын: «Биыл Қазақстанда Волонтер жылы болып жарияланды. Француз кино актері Брижит Бардо еліміздегі жануарларға қатыгездік көрсеткен жағдайлар жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа ашына ашық хат жолдады. Осы хатқа жауабында Президентіміз ұлтымыздың жанашырлығын көрсетуге және балаларды ғана емес, жануарларды да қорғауға көңіл бөлу керегін айтты. Бірақ шетелге қатыгездігімізбен танылып қалсақ та, біздің тарапымыздан халықаралық деңгейдегі хатқа нақты жауап болмады. Жануарларды қорғауға бағытталған заң әлі де жоқ. Меніңше, ең алдымен қазақстандық қоғамда мәдениетті дамыту керек. Адам секілді табиғаттың бір бөлігі, тірі жаратылыс ретінде жануарлардың құқығын қорғайтын заң қабылдау керек. Содан соң қаңғыбас жануарлар паналайтын мемлекеттік және жекеменшік мекендер жасақтау қажет. Сонда қаңғыбас иттерді атуға қомақты қаржы бөлудің аса қажеті болмай қалады», деп түйіндеді. Мемлекет басшысы бастаған, біз көксеген, қоғам болып қалыптастыруды көздеген экологиялық тәрбие дегеніміз осы емес пе еді?..
София алғашында жиналған кітаптарды үйінде сақтапты. Бөлмесінің көп бөлігін, сөмкелер мен сөрелер толы кітап болған. Кейін косметикалық заттар дүкені Софияға көмектесіп, оның қайырымдылық үшін сататын кітаптарына орын беріпті. Оған дейін кейіпкеріміз кітаптарды әлеуметтік желі арқылы көрсетіп, сатылымды онлайн режімде жүргізген. Айтпақшы, кейіпкеріміз болашақта бізге әріптес, яғни журналист болғысы келеді. Қазірдің өзінде республикалық басылымдарға көлемді зерттеу мақалалары жарияланып жүр.
Жүрекпен істелген іс те жүрекпен айтылған ән секілді жүрекке жетеді екен. Осындай ой түюімізге тағы да София себеп болды. Өйткені ол өз ісімен өзгелерді де шабыттандырып жүр. Софияның анасы Светлана Северина да қазір өзі тоқыған ойыншықтарын сатып, әр тауарынан түскен қаржының 10 пайызын және әрбір 10-шы ойыншықтың толық ақшасын қызының қайырымдылық ісіне бөліп отыр. Жалғасқан жанашырлық деген осы шығар... Иә, «Үміт желкені» желбірей бергей!