Қоғам • 25 Тамыз, 2020

«7-20-25»: Кереку неге көштен қалды?

464 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикада соңғы орындарда тұрған өңірдің бірі – Павлодар. Бағдарлама басталған сәттен-ақ суырылып алға шықпаған бұл аймақ әлі де сол көштің соңында келеді.

«7-20-25»: Кереку неге көштен қалды?

Ұлттық банктің 2020 жылғы 16 шілдедегі ресми мәлі­­метіне сүйенсек, «7-20-25» бағдарламасы аясында республика бойынша 34 457 өтінім қабылданып, оның 19 999-ы мақұлданды. Ел тұрғындары­на баспана алу үшін барлы­ғы 231,55 млрд теңге қарыз берілді.

Халықтан түскен өтініш­тердің мақұлдануы жағынан Нұр-Сұлтан қаласы көш бас­тап тұр. Елорда бойынша жалпы сомасы 70 млрд теңгені құрайтын 4997 өтінішке банк­тер тарапынан оң жауап келген. Ал ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында тіркеліп отыр. Сыр өңірінде бар-жоғы 146 өтініш қана мақұлдан­ған. Аутсайдерлер тобында Павлодар облысы да бар. Бұл өңірде 313 адам ғана «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болыпты. Берілген қарыз сомасы – 2,2 млрд теңге. Екібастұз бен Ақсу қалаларын қоспағанда, облыс орталығында екі бірдей жаңа шағын аудан бой көтеріп жатқан Павлодар үшін бұл төмен нәтиже екені айтпаса да түсінікті.

1

Павлодарлықтардың баспана алуға берген өтініштерінің шамамен жартысына жуығы мақұлданбайды екен. Мәселен, 16 шілдедегі жағдай бойынша «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға 717 тұрғын өтініш берген. Ұлттық банктің Павлодар облыстық филиалының хабарлауынша, келіп түскен өтініштердің тек 400-іне ғана оң жауап берілген. Демек, павлодарлықтар­­­дың алып отырған жалақысы тұр­ғын үй бағдарламасының игілі­гін көруге жетпейді деген сөз. Екін­ші жағынан банкке өтініш бергендердің дені пәтер алу­ға қажетті бастапқы жарнаны жинай алмаған. Сондай-ақ бұған қос-қостан кредит ар­қалаған кей тұрғынның төлем қабілетінің төмендігін де қо­сыңыз.

Ең бастысы, Павлодар об­лысында бағдарламаға лайық­тап салынып жатқан жаңа үйлер аз. Ал «7-20-25»-тің талаптарына сәйкес, баспана тек жаңа үйлерден ғана берілуі керек.

Аңғарған болсаңыздар, біз 2020 жылдың 16 шілдесіндегі ресми деректерді оқырман назарына ұсындық. Алайда, Ұлттық банк пен оның Павлодар облыстық филиалы келтірген мәліметтерде алшақтық бар. Бас банктің дерегінде Павлодар облысы бойынша 313 өтініш мақұлданды десе, филиал ұсын­ған мәліметте 400 деп көр­сетілген. Яғни статистика өзара қабыспай тұр. Неге? Мұны жауапты мекемелердің еншісіне қалдырдық.

Павлодар қаласында «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарының салынып жат­қаны белгілі. Бірақ мұндағы үйлердің әуелгі мақсаты бөлек. Мәселен, «Сарыарқаға» бұрын­ғы «Алюминстрой» шағын ауда­нының тұрғындары қоныс­тануда. Демек, оған «7-20-25» бағдарламасының қаты­су­шы­­лары иек арта алмайды. Сол секілді «Достық» шағын ауданындағы үйлер де басқа мем­лекеттік бағдарламаларға арнал­ған. Ал нақты «7-20-25» бағ­дарламасы үшін салын­ған үйді көрмедік. Облыс көрсеткі­ші­нің төмендігіне кері әсер етіп отырған негізгі фактор да осы.

Бұл Павлодарда көпқабатты жаңа үйлер салынбайды деген сөз емес. Мәселен, Павлодар қалалық әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, дәл қазір облыс орталығында көпқабат­ты 22 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 15-і біз айтқан «Сарыарқа» мен «Достық» шағын аудандарында. Ал 7-і – жекеменшік жобалар. Негізі «7-20-25» бағдарламасына дәл осы жекеменшік үйлер оңтайлы. Бірақ оның құны тым қымбат. Қоңырқай тұрмысты халықтың бұл үйлерге жолай қоймайтыны да содан.

1

«7-20-25» жобасының ой­дағыдай жүзеге асырылмауына баспаналы болуға мүмкіндік беретін өзге де мемлекеттік бағдарламалардың әсері бар. Сондықтан жергілікті халық пәтер алудың басқа да тиімді жолдарын таңдайды. Әсіресе, өңірде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қоныс тойын тойлайтындар көп. «Нұрлы жер» арқылы да бас­паналы болғандар жетерлік.

Десе де, Павлодар облысында пәтер кезегінде тұрғандар саны айтарлықтай азайған жоқ. Мәселен, әлеуметтік тұрғын үйлерді алайық. Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері сатып алу құқығынсыз жалға беру мақсатында Павлодар қаласында бір ғана көпқабатты үй (180 пәтер) тапсырылған. Бірақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте тұрғандар өте көп. 2018 жылы кезекте 16 012 адам тұрса, былтыр 15 769-ға дейін түскен. Орташа есеппен кезектегілер саны жыл сайын 200-250 адамға ғана азаяды. Демек, мәселе мұнымен шешілмейді.

Павлодар қаласында тұрғын үйге қатысты тағы бір күрделі мәселенің басы қылтиып келеді. Ол – облыс орталығында ескі үйлердің көбейгені. Бұл проблема екібастұздықтар үшін де өзекті. Басқасын айтпаған күн­нің өзінде, Ертістің жағасында орналасқан «Химқалашық» шағын ауданындағы үйлер­дің салынғанына елу жылдан асып барады. Кезінде күштілер қоныс­танған бұл аудан қазір еш­кімді қызықтырмайды. Себе­бі жұртшылық пәтерді бер­тін­де салынған үйлерден алғы­сы келеді. Ал мұндай үйлер аса көп те емес. Ендеше, мәселені түбегейлі шешу үшін облыс­тағы тұрғын үйдің құрылысын түпкілікті жандандырудан басқа жол жоқ.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ,

журналист

 

ПАВЛОДАР