Оралдағы бұл оқиға бойынша А.Марченко Қылмыстық кодекстің 120-бабымен айыпталған. Айыптау актісіне сәйкес, сотталушы 12 жастағы жәбірленушінің жас болуын және өз әрекетінің мәнін түсінбейтінін пайдаланып, жыныстық қатынасқа барған. Бірақ Алқабилер соты істі қарай келе, Қылмыстық кодекстің 122-бабына ауыстырып, орташа ауырлықтағы қылмыс деп бағалаған.
Осылайша үкім шығарған Алқабилер соты жәбірленуші өзінің дене және психикалық дамуына сай әрекетін түсіне білген, жыныстық қатынас оның келісімімен жасалған деген қорытындыға келген. Яғни, алқабилердің көпшілік дауысымен зорлау әрекеті болмаған деген тұжырым жасалған. Сондай-ақ сотталушының кәмелетке толмаған баласы бар екені, бұрын-соңды сотты болмағаны жазаны жеңілдетуге түрткі болған. Сөйтіп ер адам бар болғаны 2,5 жыл бас бостандығын шектеу туралы үкімге кесілді. Яғни, қылмыскер шартты түрде сотталады.
Бұл ретте Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Назгүл Рахметуллинадан жоғарыда аталған істің мән-жайын сұрадық.
«Батыс Қазақстан облысындағы қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Заңға сәйкес іс жабық сот отырысында өтті. Сондықтан сот оқиғаның қалай орын алғанын жариялай алмайды. Аса ауыр қылмыс бойынша айыпталған адамның істі алқабилердің қарауымен шешілуін сұрауға құқығы бар және осы істе айыпталушы Марченко сондай құқықты пайдаланды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, сол себептен алқабилердің шешіміне баға беруге құқығым жоқ. Заңға сәйкес мұны апелляциялық сатыдағы сот қана жасауға құқылы. Алқабилердің істі қарау тәртібіне тоқталсам, алқабилер ретінде жасы 25-ке толған, сол іс қаралып жатқан облыс аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады. Олар бұрын сотталмаған, наркологиялық, психикалық диспансерлік есепте тұрмаған адамдар болуы керек. Судьялар, адвокаттар, полиция немесе басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері алқаби бола алмайды. Заңға сәйкес істі 10 алқаби және 1 судья қарайды. Олар процесті, ұсынылған дәлелдерді толығымен өздері көріп, тыңдап зерттейді. Сотталушыны, жәбірленушінің жауабын, куәгерлердің жауаптарын тындайды. Содан соң сұрақтар бойынша дауыс беру жасырын және жазбаша жүргiзiледi. Шешім қабылдаған кезде судья мен алқабилердiң дауыстары тең. Алқабилер мен судьяның жауаптары бар бюллетендер қылмыстық iсте сақталатын конвертке салынып, желiмделедi. Дауыс берушiлердiң көпшiлiгi дауыс берсе, айыптау үкімі қабылданған болып есептеледi», деді Н.Рахметуллина.
Оның айтуынша, судья жазаны өз бастамасымен тағайындай алмайды. Әрбір қылмыс бойынша жаза мөлшері Қылмыстық кодексте нақты көрсетілген. Мысалы, Кодексте белгілі бір бап бойынша жаза 5 жылдан бастап 10 жылға дейін деп көрсетілсе, судья жазаны 10 жылдан артық бере алмайды. Заң талабымен аса ауыр қылмыс жасағандарға шартты түрде жаза тағайындауға тыйым салынған.
Жалпы, кәмелетке толмаған және жас балаларға қатысты қылмыстар негізінен 4 бап бойынша қаралады. Қылмыстық кодекстің 120-бабы – зорлау, яғни әйел адамға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, табиғи түрде жыныстық қатынас жасау. Осы бап бойынша жәбірленуші ретінде тек әйел адам болу мүмкін. 121-бап – күш қолданып немесе жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлық-зомбылыққа ұласқан сексуалдық сипаттағы әрекеттер. Бұл еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе (табиғи нысандағы жыныстық қатынастан тыс) сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер. 124-бап – жас балаларды азғындық жолға түсіру. Ал 122-бап бойынша 16 жасқа толмаған адаммен көрінеу жыныстық қатынас жасалған қылмыстың жазасы белгіленген.
Қалай дегенмен Оралдағы оқиғаға байланысты шығарылған үкім қоғамда үлкен дау тудырып, онсыз да солқылдақ деп жиі бағаланатын сотқа сенімді әлсіретіп жіберген сияқты. Әлеуметтік желілерде қоғам белсенділері азғындардың осылайша қатаң жазадан құтылып кетуіне жол беретін 122-бапты мүлдем алып тастау керек екенін, жалпы Қылмыстық кодекске түбегейлі өзгерістер қажет екенін мәселе етіп көтере бастады. Солардың бірі – «НеМолчи.kz» қоғамдық ұйымының директоры Алмат Мұхамеджанов.
«Оралдағы кәмелеттік жасқа толмаған қызға қатысты қылмыстық істің шешімімен мүлдем келіспейміз. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз өз еркімен жыныстық қатынасқа түскен, сотталушының кішкентай баласы бар, бұрын сотталмаған деген сияқты уәждермен жазаны жеңілдету ақылға қонымсыз. Ондай жастағы бала әлі оң-солын танымайды, не істеп, не қойғанына жауап бере алмайды. Ал қаскөй жеткіншектің жастығын пайдаланып, алдап-арбап дегеніне көндіруі мүмкін. Кәмелетке толмаған баланың өмірін осындай лас іспен лайлау – қай жағынан қараса да ауыр қылмыс. Сот осылай солқылдақ болса, талай азғын жазадан құтылып кетеді. Сондықтан заңды қанша күшейткенмен, тіпті өлім жазасын енгізсе де тергеуші, прокурор, сот істі сауатты жүргізбесе, бәрі бекер», деді А.Мұхамеджанов.
Сондай-ақ қоғам белсендісі мұндай азғындыққа жол бермеу үшін қоғамдық жауапкершілікті де күшейту керек деген пікірін алға тартты. Яғни айналамызда болып жатқан осындай жантүршігерлік қорлыққа жұрт сергек қарап, дер кезінде көмек қолын созуға дайын болуы керек. Бұл мәселеге келгенде «НеМолчи.kz» қоғамдық ұйымы көпшілікті зорлық-зомбылыққа бейжай қарамауға шақырып, арнайы сенім телефонын іске қосқан. Осында күніне шамамен 15-20 адам көмек сұрап хабарласады. Соның ішінде бес-алтауы балалардың құқығын таптау, зорлық көрсету мәселесіне қатысты екен. Аталған қоғамдық ұйым азғындыққа қарсы ұдайы күрес жүргізіп, 2016 жылдан бері 15 педофилді түрмеге тоғытуға септігін тигізіпті. Бұл ретте ұйым директоры зорлық-зомбылықтың барынша алдын алу үшін азаматтар да белсенді болуға шақырды.
Жоғарғы Сот өкілі Назгүл Рахметуллина да осы ойды қуаттап, балалардың қауіпсіздігіне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек екенін атап өтті. «Қазақ халқында «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөз бар. Барлық нәрсе отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ажырасқан, ішімдікке салынған немесе қылмысқа бой алдырған адамдардың кейбірі өз балаларының немен айналысып жүргенін білмейді. Екіншіден, ата-анасы толыққанды отбасында өскен балалардың өзін қадағалау қажет. Сабақтан тыс уақытта бала немен айналысады, бос уақытын тиімді пайдалана ма, соған мән беруіміз керек. Қазіргі адамдар үшін интернет – тек пайдалы құрал емес, сонымен қатар зияны көп технологияның бірі. Әсіресе жастар мен психикасы қалыптаспаған балаларға интернеттегі зиянды контентті қолдануға тыйым салған жөн. Өкінішке қарай, қоғамда отбасылық-тұрмыстық жанжалдар көбейіп, отбасылық құндылықтардың әлсіреп, қыз баланы құрметтеу кемшін түсіп отыр. Осы олқылықты жоюға әрқайсымыз өз үлесімізді қоссақ, мұндай сорақы қылмыстар да азаяды деп ойлаймын», деді ол.
Жақында Ішкі істер министрлігі «Балаларға қамқорлық жасаңыз» атты бейнематериал дайындап, онда кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық тақырыбын көтерді. ІІМ-нің ресми дерегі бойынша 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта 550 қылмыс жасалған. Оның ішінде 250 факті – күш қолдану, бопсалау, қорқыту немесе баланың дәрменсіздігін пайдалану арқылы жасалған зорлық-зомбылық. Бұл қылмыстардың жартысынан көбін баланың жақын ортасындағы адамдар жасайды. Жәбірленуші, әдетте, 14 жастан аспайды. Аталған бейнематериалда құқық қорғау органдарының мамандары осы қылмыстардың салдарымен күресіп жатқанын және полицияның күш-жігерімен, жазаны қатаңдатумен ғана мәселе шешілмейтінін атап көрсетеді. Фильмде зорлаушының жалпы портреті, азаматтардың қай санаттары мұндай қылмыстарды жиі жасайтыны суреттелген. Полиция қызметкерлері қоғамда жыныстық тәрбие тақырыбының жабық екенін, яғни ересектер балаларға қарсы жасалған қылмыс фактілерін жасыратыны туралы мәселені ашып көрсеткен. Осы ретте ІІМ қазақстандықтарға үндеу тастап, балалардың өміріне балта шабатын мұндай бассыздықпен қоғам болып күресуге шақырады.