Саясат • 26 Тамыз, 2020

Шетелдік өнім 30 пайызға қысқарады

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президент Телерадиокешенінің YouTube арнасындағы «Балаеваға 3 сұрақ» бағдарламасында республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің директорлар кеңесіне мүше болуы мен отандық телеарналар жайында әңгімеледі.

Шетелдік өнім 30 пайызға қысқарады

Бұған дейін хабарланғандай, биыл шілде айының соңында А.Балаева «Egemen Qazaqstan» газетінің директорлар кеңесіне және «Қазмедиа орталығы» бақылаушылар кеңесінің құрамына енген болатын. Осыған қатысты министр «Әр қосымша жүктеменің өз жауапкершілігі бары анық. Ақпарат министрлігін басқарып отырғаннан кейін еліміздегі ең беделді медиа құрылымдардың ішіндегі процестерді қадағалап отыру керек. «Egemen Qazaqstan» – 100 жылдық тарихы бар басылым. Бүгінгі таңда 185 мың оқырманды қамтып отыр. Елде болып жатқан тыныс-тіршіліктің  барлығын осы «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттері арқылы білуге болады. «Қазмедиа орталығы» – 10-нан астам ірі БАҚ редакциясы шоғырланған үлкен орталық. Осы екі ұйымдағы ішкі процестердің барлығын дер кезінде көріп отыру, шешім қабылдау, көкейкесті мәселелер болса, оны бірге шешіп отыру үшін осындай шешім қабылданды. Менің ойымша, бұл – дәстүрлі дүние», деді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі сондай-ақ жаңа маусымнан бастап шетелдік ойын-сауық контент пен сериалдарды сатып алу 30 пайызға қысқаратынын сөз етті. «Телеарналар жұмысына қатысты сындарлы, орынды сын мен ұсыныс көп болды. Олардың барлығын ескеріп, телеарналар бағдарламасын қайта қарап шықтық. Ойын-сауық бағдарламалары мен телехикаялардың шамадан тыс екені айтылды. Жаңа маусымнан бастап шетелдік ойын-сауық контенті мен сериалдарды сатып алуды 30 пайызға қысқартамыз деген шешімге келдік. Бұл сериалдар мүлде болмайды деген сөз емес. Яғни бұл ба­ғытты қолдайтын аудиторияның да мүддесі еске­ріледі. Еліміздің әлеуметтік-экономика­лық жайынан хабар беретін төл бағдарлама­ларымыз дайындалады. Әсіресе, мемлекет­тік ұйымдардың жұмысы мен мемлекеттік бағ­дар­ламалардың орындалуын түсіндіруге басым­дық беріледі», дей келе министр «Әл-Фараби» арнасы іске қосылмайтынын хабарлады.

Бағдарлама барысында А.Балаева Kazakh TV арнасының аты өзгертілуі мүмкін екенін жеткізді. «Еларна» телеарнасы мәдениет және білім саласына қатысты ақпарат тарата бастайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге «Қа­зір­гі экономикалық жағдайға байланыс­ты қол­да бар ресурсты барынша қолдану керек деген шешім қабылданды», деді министр.

Оған қоса Ақпараттық-талдау орталығы жанынан екі телеарнаның контент сапасын бақылауға арналған арнайы бөлім ашылатыны мәлім болды. Құрылым өнім сапасын, мазмұны мен жүргізушілердің сөйлеу мәнерін, аударманың дәлдігін қадағала-
мақ.