Тарих • 27 Тамыз, 2020

Қазақ әдебиетіндегі желілі ұйқастың үш мың жылдық даму тарихынан...

884 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жалпы әлем халықтары поэзиясының даму тарихына көз жіберсек, мысалы араб халқының өлең мәтіні бір дауысты дыбысына екі дауыссыз дыбыстың қатар келуі себепті, 19 түрлі өлең түріне бөлініп балалайтын құбылысты аңғарамыз.

Қазақ әдебиетіндегі желілі ұйқастың үш мың жылдық даму тарихынан...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал түрік тілді халықтарының (49 ұлыс) өлең уәзіні бармақ уәзініне жатуы себепті, өлең тармағындағы буын санына тікелей байланыста болатын ортақ заңдылықты ұстанады. Себебі түрік халықтарының тіл болмысы жал­ғамалы (аглютативті) тіл. Өлең бол­мы­­­сындағы шешуші мәнге ие болатын көрсеткіштің бірі – ұйқас. Өлең ұйқастың қай мезгілінде тарих сахнасына шығып дамуы арқылы ол ұйқас әдебиет тарихының дүниеге келу кезеңінде анық­­тайтын мәні зор құбылысқа айналды. Осы талап тұрғысынан қарағанда, түрік халықтары поэзиясының тарихында ортақ құбылысқа айналған желілі ұйқастың тарих сахнасына шығу, яғни тұрақты құбылысқа айналу заманы қай дәуірден басталса, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесі де сол кезеңнен бас­талмақ.

Түрік халықтарының Алтын Орда заманына дейінгі әдеби туындылардың бәрі де ортақ әдебиет деп аталуы – заң­ды­лық. Ал Алтын Орда мемлекеті тарихы ХV ғасырда тақ таласының пайда болуы себепті, ыдырап, сегіз түрлі хан­дыққа бөлшектеніп жатқанда, орыс мем­лекеті орталық патшалық билікті ұсақ хандықтарға қалыптастыра бастады.

Алтын Орда мемлекетінің ыдырап бөлшектенуінен кейін түрік халықтары тарихында көптеген ұлттық әдебиет қалыптасып, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, татар, башқұрт, чуваш, әзербайжан, түрікмен, т.б. әдебиеттері дербес өмір сүре бастады. Бұл – ұлттық әдебиеттер, алайда қанша бөлшектеніп, ыдырап жатса да, ол халықтар поэзиясында желілі ұйқас түрі бәріне ортақ құбылысқа айналған кезең болатын.

Желілі ұйқастың 8 буынды, 7-8 аралас буынымен берілетін түрі көне тарих қойнауында б.з.д. Тұранның ұлы қағаны Алып Ер Тоңа, Фирдоусидің «Шахнама» дастаны мен зороастризм діні­нің қасиетті кітабы «Авестасында» кездеседі. Алып Ер Тоңаға Иран патшасы Кейқысырау бағынатын отар ел болатын. Күндердің бір күнінде Кейқысырау патша екіжүзділікпен Алып Ер Тоңаны тойға шақырып, улы шарап ішкізіп уландырады. Қаған уланғанын сезіп, күшін жинап өліп бара жатқанда (б.з.д. 626 жыл):

Kozgyl mana akylik

Bolsyn mana ajaga

(Қойғын таған мәрттікті,

Болсын менің лахабым), – дейді.

Бұл сөз қағанға еліктеген жас жігіт­терге, яғни ақиларға (жомарттар) әртүрлі кәсіппен айналысып, мол қаражат табатын азаматтардың түскен қаржыдан отбасының керегін ғана бөліп алып, қалған қаржыны түгелдей ауру-сырқау, кедей-кепшіктерге беруіне түрт­кі болады. Сол себепті кәсіпкерлер ақи (жомарт) атанып, даңқы көкке кө­терілді. Олардың мақсаты дүние жию емес – халқына беріле қызмет ету. Ақилық (жомарттық) даңқы б.з.д. 626 жылдан бізге дейінгі, яғни Х ғасырға дейін созылып, жетіле келіп Ақилық ілімі қалыптасқанын көреміз. Ақилар туралы Түрік ғалымдары алғаш рет зерттеп, көптеген ғылыми еңбек жа­риялап, Ақи ілімінің мән-мазмұнын ашып беріп, әлем халықтарына тарату жолында теңдессіз ғылыми еңбектер жазумен айналысуда. Желілі ұйқастың шамамен айтқанда алып ер Тоңаны жоқтау жырында пайда болған немесе Алып Ер Тоңаға дейін-ақ өлең өр­негі ретінде қалыптасқан халық ауыз әде­биетінде қолданысқа түскені – тарихи шындық. Отбасындағы тіршілікке немесе өз руының, тіпті ұлысының айтулы тұлғалары қайтыс болғанда жоқтау айту ұлттық салтқа айналған. Сонымен қатар тарихи тұлғаларға жоқтау айту ауызша поэзияның заңына да айналды. Оны Алып Ер Тоңа қайтыс болғандағы өлең шумағынан көреміз.

Alp Er Tona oldi my,         xxxx xxx        a

 siz ancup kaldy my          xxxx xxx        a

 zlik oship aldu my,           xxxx xxx        a

 ndi Jurek jirtulur              xxxx xxx        б

Қазақша жоқтаудың түрі:

Алып ер Тоңа өлді ме?   xxxx xxx        a

Жалған дүние қалды ма? xxxx xxx     a

Заман өшін алды ма?     xxxx xxx        a

Енді жүрек

                жыртылар!      xxxx xxx        б

Осы жоқтаудың өлең желісі (уәзін) «Шан қызы» (842 жылы жазылған) дас­танында бастан-аяқ өлең шумақтары бір қалыптағы уәзінмен беріледі. Мы­салы:

 «Воды Итиля тонут, ударясь

 О твердыно скали берегов.

 Лягушек, рыб стада живут,

 Ими полон озерный разлив»

Алып Ер Тоңа туралы жоқтаудағы өлең өлшемі 7-8 буынмен берілсе, одан бұрынғы замандағы алғаш рет ауызша айтылып хатқа түскен өлең түрі Махмұд Қашқаридің «Түрік сөздігінде» өлең тармағы 3-4 буынды өлең шумағымен ол да желілі ұйқаспен айтылады. Желілі ұйқастың о бастағы өлең өрнегі осы түрде қолданысқа түсіп, даму үстінде Алып Ер Тоңаны жоқтау өлең түріне айналғаны белгі беріп отырғандай сезіледі. Ол заманда өлең түрлері ауыз­ша айту арқылы қалыптасып, 7-8 буын­ды өлең жолымен айту түріне қарай қа­лыптасса керек.

Ясауидің XIII ғасырдағы «Диуани хикмет» кітабы желілі ұйқасқа зор өзге­рістер жасап, желілі ұйқастың түр­леніп, сан түрлі үлгі-өнегесін дүниеге әкелді.

Көне дәуірдегі ауызша поэзияда желілі ұйқас 7-8 буынды аралас буын­дарға құрылып, өзіндік өлең уәзінін қалыптастырды. Бұл ерекшелік төкпе жырға құралған кейбір батырлар жы­рын­да қызу қозғалысқа бейімделе құ­рылғаны аңғарылып тұрады.

 Ал XI-XIII ғасырда ғұмыр кешкен Ясауидің «Диуани хикметінің» қол­данысқа түскен желілі ұйқасы сопылық жолды насихаттауға байланысты, оның жаңа түрлері пайда болған өлең өрнек­терінде көрініс беріп жатады.

Ясауидің 1-хикметі 25 шумақтан тұ­рады. Барлық шумақтың ең соңғы сөзі де бір ұйқасты сөзбен аяқталып отырады. Мысалы:

Қайда көрсең көңлі сынық,

                     жұмақ болған,     а (12 буын)

Ондай байғұс жолда қалса дос,

                    жар болған,          а .....

Мұхтар күні дәргейіңе лайық

                    болғын,                   а ....

Менменсіген халайықтан қаштым,                

                      міне                        б ....

                      түстім, міне ...

55-ші хикметтегі өлең жолы егіз ұйқас­­пен өрілген. Мысалы:

«Һу» алқасы құрылды, ей,

дәруіштер, келіңдер!

Хақ сыпырасы жайылды,

одан үлес алыңдар...

Қал ілімін оқып, хәл іліміне жетіп,

Жоқшылықта жатып,

баршылықтан алыңдар! –

деп дәстүрлі желілі ұйқас өлшемінен шығып кетеді. Осыны жыр дәстүріне түсірсе, табиғи қалпына келетін тәрізді. Мысалы:

 «Һу» алқасы құрылды

 Ей, дәруіштер, келіңдер!

 Хақ сыпырасы жайылды,

 Одан үлес алыңдар, 

деп берілсе, өлең көркі ашыла түсер еді. Осында айтылған «қал», «хәл» сөзі­нің мағынасын түсіну үшін Мәшһүр Жүсіптің түсініктемесіне сүйенсе, сөз ма­ғынасы айқындала түсер еді.

Ясауи хикметтеріндегі желілі ұйқас­пен жазылған өлең өрнектері б.з.д. ауыз­ша поэзиядағы қолданысы «Диуани хикметтің» ата дәстүріндегі желілі ұй­қас­ты кеңірек, молынан қолданғаны әрі жетілдіріп түрлендіргені айқын түрде көрініп тұр. Бұл дау тудырмайтын шын­дық.

Енді осы Ясауиден кейінгі дәуірде, яғни XV-XVIII ғасырдағы қазақ хандығы заманында өмір сүрген ауызша айтылатын поэзияның орын алып орнықпаға­ны анық көрініп тұрады. Себебі қазақ хан­дығы тұсындағы әдебиет, әсіресе поэзия жанры ауызша айтылатын өлең түріне айналып кетті.

XVIII ғасырдан бастап күнбатыс­та күшті, отпен атылатын мылтықпен қа­ру­ланған Ресей империясы көршілес мемлекеттерді бірінен кейін бірін өзіне қосып алып, енді қазақ пен ноғай хал­қын бағындыру үшін Ұлы далаға әскери экспедициялар аттандырып, сырт­тан қоршай бастады (Қожаберген жы­раудың «Елім-ай» дастанында молынан жырланған). Дулат ақын:

 Шығыстан соққан ызғырық,

 Боран боп соқты батыстан, –

дегендей орыс патшалығы қазақ, ноғай жерін отарлауға кірісті. Яғни кіші жүз бен орта жүз, оған қоса ноғай жері тұтастай отарланды. Ақын-жыраулардың өзекті тақырыбы мен сарыны отаршылыққа қарсы сарынға ұласты. Ол сарынның әдебиетте өткір жырлануына ақын Дулат Бабатайұлы қайталанбас көркемдік тә­сілмен жаңа сөз, образдар тобын әдебиетке ендіріп, ақындық өнердің шы­ңына жетті. Өйткені ол айтқан теңдесі жоқ ақындық өнер Дулатты классик ақын деңгейіне көтерді. Классик ақын атану оңай алынар қамал емес. Клас­сик болу үшін, біріншіден, басқалар ала алмас саяси-әлеуметтік мәселені қай­таланбас ақындық өнер күшімен тани алуы – бас­ты шарт, екіншіден, өзі көтеріп отырған антиколониялық тақырыпқа сай өлең өрнегін тауып, соны сөз образдарын ендіруде қалың тыңдаушыны баурап алуы шарт. Поэзияда осы екі шартты орындай алса ғана классик атанады.

Елеулі бір құбылыс – Дулат ақын мұрасында желілі ұйқасты жетілдіріп, ол ұйқастың жаңаша, бұрын қазақ поэ­зиясы тарихында болмаған түрлерін алып келді. Дулат ақын ендірген желілі ұйқастың өлең өрнектеріне көз жіберсек, төмендегідей ғажап құбылыстарды көз алдымыздан өткіземіз: 

 «Тырнақтай меңі солған соң» (Дулат, 98-бет) 17 шумақ өлеңінде Дулат желілі ұйқастың ежелгі түрін қайталамай, бірақ ескі өрнек қалпына сүйене отырып өзінше жаңа өлең өрнегін ендіріп, жетілдірген ақындық ізденістің теңдесіз үлгісін көрсетеді:

Тырнақтай меңі болған соң,

                                                   ххххх  ххх 8 а

Тарлан тартып оңған соң,

                                                   хххх ххх    7 а

Түгіне кір қонған соң,

                                                   хххх ххх    7 а

Мінсіз, меңсіз, кіршіксіз

                                                   хххх ххх    7 ә

Шаңқан болмай, қылаң ба?

                                                   хххх ххх    7 б

Ту ұстап тұлпар жаратпай,

                                                   ххххх ххх  8 а

Алдынан топ таратпай,

                                                   ххххх ххх  8 а

Елді аузына қаратпай,       хххх ххх    7   а

Жай оғындай оқ атпай,     хххх ххх    7   а

Анадан тудым деген мен

                                                   хххх х ххх 8 а

Бастамаған ер ұлан ба?

                                                   ххххх ххх  8 ә 

11 тармақ

Алып Ер Тоңа билігіндегі Тұран же­рінің жер көлемі, яғни шекарасы: «Қа­зіргі бүтін Түрік қалаларының шекарасы – Өзгенттен Каспийге, Шынға дейін созылады. Ұзындығы бес мың фарсах, ені үш мың фарсах, барлығы сегіз мың фарсах». (Бір фарсақ 6 шақырым деп есептелсе, 8000х6км =48 000, яғни 5млн шаршы шақырым) М.Қашқари. «Түрік сөздігі» 3-том, 213-бет.

Бірінші шумақта өлең тармағы бесеу болса, соның төрт тармағы біркел­кі ұйқаспен жырланып отырады да, бе­сінші өлең тармағы тірек сөз ретіндегі ұйқасқа айналып отырады («Қылаң ба»). Ал екінші өлең шумағы алты тармақты болып келді де, бес тармағы біркелкі ұйқаспен беріледі де («а»), соңғы алтыншы тармағы («ұлан ба») деген тірек ұйқаспен аяқталып отырады. Бұл өлең өрнегін Дулат ақын қазақ поэзиясында қандай дерек-мағлұматқа сүйене отырып әкелді екен? Дулат ақын мұрасы XV-XVIII ғасырдағы ауызша қалыптасқан қазақ поэзиясын жазбаша поэзия түріне түсірген. Үш ғасыр ішінде (XV-XVIII) қазақ поэзиясы көшпелі өмір тұсында ауызша поэзия түрінде қалыптасты. XVIII ғасыр басында Ресей империясы қазақ жеріне біртіндеп әскери қорғандар салып, сырттан айнала қоршай бастады. Бұл әрекетті Шортанбай ақын

«Айнала қоршап маңды алды,

Қамалып қазақ сандалды»,

деп қазақ халқының жерден айрылу қасіретіне қамыға отырып ой толғауы өмір шындығы еді. Бұл құбылыс Қожа­берген жыраудың «Елім-ай» дастанында толық әрі терең білгірлікпен суреттелген тарихи шындыққа қанығамыз.

Желілі ұйқас Абай поэзиясында да орын алып, қолданысқа түскен үлгілерін ұшырата аламыз. Мысалы, «Келдік талай жерге енді» өлеңінде айқын көрініс берген желілі ұйқас түрі:

Қызыл тілім буынсыз,                  а

Сөзімде жаз бар шыбынсыз,      а

Тыңдаушымды ұғымсыз               а

Қылып тәңірім бергенді              б

Көңілде қайғы, қалың зар,

Айтатұғын сөзім бар,

Салсын құлақ ұққандар,

Өрбі, сөзім, өрбі енді!

Абай өз өлең шумақтарында Дулат­тан келген желілі ұйқасты қалыптасқан дәстүр ретінде қабылдап, өзіндік со­ны құбылысқа айналған ақындық шебер­ліктің өнегелі үлгісін көрсетеді. Желілі ұй­қас өрнегі Албан Асанның Жетісу же­рін жаулаған орыстың отаршылдық сая­сатын сынаған өлеңдерінде де ұшы­расады:

 Тұлпардан есек озды,                 а 8

 Ақылманнан есер озды,              а 8

 Шын сөздіден өсек озды,           а 8

 Әжеп сұмдық заман болды.     б 8

 Кәріп Асан менің атым,

 Тыңда менің жазған хатым,

 Әжеп сұмдық заман болды, –

деген өлеңінде дәстүрлі желілі ұйқас­пен жазылған өлең өрнегі де дәс­түрлі жолды ұстанғаны көрініп тұр. Қа­зақ поэзиясындағы Дулат ақын шы­ғар­ма­ларына алғашқы рет жырланған желілі ұйқас түрі дәстүрге айналып, әр ақын өзінше жырлап, дәстүрге енген құбылыс белгі беріп дараланып тұрады. Ясауи желілі ұйқасты қара өлең түрінде жазып таратса, Ясауиден кейін алып өлең өрнегін дәстүрге айналдырған – Ду­лат, Абай, Албан Асан, Шәкәрім жыр­ау­лық сарынмен жазылған өлең өрнегін өздерінше дамытады.

Абайдың бас шәкірті – Шәкәрімнің қазақ поэзиясына Абай ендірген желілі ұйқас түрін мейлінше жетілдіріп, желілі ұйқастың бұрын-соңды болмаған жаңа өрнектерін салу арқылы қазақ поэзия­сына ендірген жаңалықтарын талдай бастасақ, желілі ұйқастың сан алуан өлең өрнектеріне ұшырасамыз. Шамасы, желілі ұйқастың Ясауи өмірге әкелген, дәстүрлі жолмен дамытқан ақындық шеберлігімен жарысқандай әсерде қаламыз. «Жастық туралы» өлеңінде (1870 жыл) желілі ұйқастың алғашқы белгілері көрініс бергендей болады:

 Ұжымақтың қоры,                    а

 Іздедім соны                              а

 Тал бойының кірі жоқ.              б

 Бойы бар сымдай                     а

 Белі бар қындай                        а

 Мүшесінің міні жоқ. б

 Қыз осындай болар ма,

 Оны сөккен оңар ма? (26 б.)

  Осы өлең желісінде желілі ұйқастың көне заманда бастапқы белгілері көрініс бергендей елес береді. Шәкәрімнің 178 өлеңінің 11-і таза желілі ұйқаспен жазылған. Желілі ұйқас б.з.д. 626 жылы жоқтау өлең түрінде хатқа түссе, Дулат, Абай, Шәкәрім өлеңінде дамытылған жаңа құбылысты көреміз. Шәкәрім қазақ поэзиясында қолданысқа түскен желілі ұйқасты жетілдіре дамытып, оны сан түрлі өлең жырында өзінше құбылтып, желілі ұйқастың жаңаша түрленген сонылығын аңғартады.

Шәкәрімнің алғаш рет желілі ұйқас­пен жазған өлеңі «Қалжыңшыл қыл­жақпас» деп аталады. Ясауиден кейін желілі ұйқасты қазақ поэзиясында сан түрлендіріп сан түрлі өлең өрнегімен дамытқан Шәкәрім ғана болды деп та­ғы айта алмаймыз. «Қалжыңшыл қыл­жақпас» өлеңіндегі ерекшелік – ішкі ұйқасқа мән бере жырлауында жатыр. Өлеңінің әр шу­мағында ішкі ұйқас мен­мұндалап сәуле шашып тұрады:

Мазақ қыл көрінген жанды,

Өнер қыл қылжақтағанды.

Сөзіңе құмарым қанды,

Жыртақта, бұлғақта, әйдә!

 

Жағасың күлкімен жүріп,

Шығасың ішіне кіріп.

Аласың аузынан жырып,

Бұлтылда, жылпылда, әйдә!

Шәкәрімнің аталмыш өлеңі – же­лілі ұйқастың ең биік, классикалық үл­гісіне жататын қайталанбас құбылыс. Өйт­кені өмірден өткен ақын атаулының еш­қайсысы желілі ұйқастың мұндай өлең өрнегін шеберлікпен жаза алмағанына талас жоқ. Шәкәрімнің 11 өлеңі желілі ұйқас түрімен жазылған. Өлеңнің мұн­дай түрін шеберлікпен өлең өрнегіне салу үшін ақын өлең теориясының тарихымен терең танысқанын:

Сөзімді өлшеп қараңыз

Уәзінге дәл шыға ма?

Қазақ деген балаңыз

Уәзіңді де ұға ма?

деген сұрауды алдымызға қояды. ХV ғасырда қазақ хандығы заманында қазақ өлеңін ауызша айту поэзияның жолына түскен табиғи құндылықта болса, б.з.д. VІІ ғасырда қолданылған желілі ұйқастың табиғи жалғасы деп білеміз.

 Абай мен Шәкәрім өлең теориясы туралы шағатай, араб, парсы тілдерінде жазылған кітаптармен мол таныс бол­ғаны себепті де уәзін туралы (өлең өл­шемі) ар­найы ескертуі жай нәрсе емес. ХV ға­сырдағы Дулат ұлысынан шыққан Шайх Таразидің «Көркемсөз өнері» қолжазба дерегімен таныс болған деп білеміз. Се­бебі Шайх Тарази өлең теориясы тура­лы қолжазбасында араб, парсы, шаға­тай, түрік тіліндегі өлең жолдарынан мәтін­дік мысалдар келтіріп талдауын Абай, Шәкәрім білген. Уәзін (өлең өлшемі) де­ген термин сөзді өзі қолданып, бұл мә­селені тани алмаған оқырмандарын сын­ға алады. Сол Шәкәрімнен кейінгі ақындар заманының күрт өзгеруіне байла­ныс­ты поэзия туралы әлеуметтік ағым­ның, формалистік компаративтік, тап­тық бағытын басты құбылыс ретінде жыр­лауға ұрынған ұраншыл ақындар тобы басым болып, 3000 жыл бойғы әдебиетіміздің тарихи орны бар желілі ұйқастан қол үзіп кеттік. 

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

профессор