Әлем • 28 Тамыз, 2020

Эйнштейннің өкініші

1309 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ядролық қарудың тауқы­метін Қазақстан жақсы тү­сінеді. Ұлы далада 40 жылға жуық атом бомбасы жарылып, Табиғат ананы да, адамды да аямады. Оның зардабы әлі күнге дейін түпкілікті жойылған жоқ...

Эйнштейннің өкініші

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев 1991 жылғы 29 тамыз­да Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ал 2009 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстан тарапының ұсынысы негізінде осы 29 тамыз күнін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.

Бір қызығы, ядролық қару­дың жасалу тарихы данышпан Аль­берт Эйнштейн есімімен тығыз байланысты. 1905 жылы даңқты ғалым өзінің әйгілі формуласын – «E=mc2»-ні есеп­теп шығарады. Яғни физика­лық заттың энергия­сы оның сал­мағын вакуумдегі жарық жыл­дамдығын екі еселеп көбейт­кенге тең. Эйнштейннің бұл тең­деуі атом бомбасын жа­сауға алғы­шарт жасап берді.

Әрине данышпан формуласын есептеп шығарғанда мұны біл­мегені анық. Оған мына оқи­ға мысал. 1939 жылы физик Лео Силард уранның тізбектік ядро­лық реакция қабілетіне ие екенін анық­тайды. Дәл сол кезең­де Еуро­пада нацистік Германия дү­ріл­деп тұрған. Л.Силард уран­ның мұндай қасиетін фашистер анық­таса, әлемге үлкен қауіп төне­ті­нін аңғарады. Сөйтіп ол Анг­лияда демалып жатқан данышпан Эйнштейнге барып, мәселенің мән-жайын түсіндірген көрінеді. Мұны естіген ғалым ол туралы мүлдем ойланбағанын жеткізеді.

Бірақ Силард бекерге кел­мепті. АҚШ президенті Франк­лин Рузвельтке атом бомбасын нацистерден бұрын жасауды сұрап хат әзірлейді де, оған Эйнш­­тейннің қол қоюын сұрай­ды. Силардтың сиқырлы сөзіне алда­нып, қарудың Гитлер қолына түскендегі қауіпті ойлап, Эйнш­тейн хатқа қол қояды. Бірақ кейін АҚШ Хиросима мен Нагасакиге ядролық қару тастағанда ғалым бармағын тістеп қалған екен. Тарихшылардың айтуынша, данышпан өле-өлгенше Рузвельтке жазылған хатқа қол қойғаны үшін өкініп өткен көрінеді.

Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардан кейін әлемдегі екі алып держава – АҚШ пен КСРО ядролық қаруды игеруде жарысқа түсті. Осылайша 1947 жылы Семейде полигон ашу туралы шешім қабылданса, 1949 жылғы 29 тамызда алғашқы атом бомбасы сынақтан өтті.

Міне, қазақ даласының ядро­лық сынаққа қатысты қайғы-қасіреті осылай басталды. Сөй­тіп қырық жылдан астам уа­қыт ішінде Семей полигонын­да 468 ядролық қару жарылды. Бұл – бүкіл КСРО-да жасал­ған сынақтардың үштен бірі. Осының өзі Семейдегі полигонда жарылған ядролық қару қуатының қасіретін анық аң­ғартса керек. Мәселен, Семей­дегі сынақтың жалпы қуаты Хиросима мен Нага­сакиге тас­тал­ған бомбалардан бірнеше мың есе көп еді.

Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Қазақстанның еншісіне өте мол ядролық арсенал мұраға қалды. Бұл – «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бәсекелескен АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті халықаралық қоғамдастық та Одақ тарқағаннан кейін жаңадан тәуелсіздігін алған елдерге күдік­ке толы күмәнмен қараған-ды. Бірақ Қазақстан ядролық арсеналынан түбегейлі бас тартты.

Қазақстанның оқтұмсықтары батыстың беткеұстар дипло­маттарының ұйқысын қашыр­ғаны мынадан-ақ байқалады. Екіжақты келісімді сылтауратып шетелдік шенеуніктер бірінен соң бірі елімізге жиі ат басын бұрды. Әйтсе де, бәрін мазалаған бір ғана мәселе: Қазақстанның ядролық қаруы. Мәселен, 1991 жылғы 31 тамызда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, қайсарлығы арқасында «Темір леди» деген атпен танылған Маргарет Тэтчер сол кездегі астанамыз Алматыға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевпен кездесті.

Осы кездесуді Елбасы Н.Назар­баев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады: «Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» – деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстіндегідей қалып таныттым. Бір жағынан маған оның мұндай тік мінезі ұнады. Екінші жағынан, Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім».

Кейінірек 1991 жылғы 17 жел­тоқсанда АҚШ-тың сол кез­дегі мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­десті. Бұл сапар туралы аме­рикалық беделді басылым­дар жарысып жазды. Мәселен, The Washington Post газеті «Рес­публика Президенті АҚШ өкілі Д.Бейкерге ядролық қарудан әзірге бас тартпайтынын айтты» деген тақырыпта мақала жариялады. Бұдан бөлек, The New York Times, Los Angeles Times басылымдары да АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары туралы жан-жақты ақпарат берді. Мұхиттың арғы бетіндегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның ядролық қарудан әзірге бас тартпаймыз деген ұста­ны­мын қызу талқылады.

Н.Назарбаевтың алыстан ат терлетіп келген қонақтың бетін қайтарып тастауының өз себебі бар. АҚШ тарапы жаңа­дан тәуелсіздігін алған елге доқ көрсетіп, ядролық арсеналынан бас тартуға көндіруге талпынды. Бұл оқиға Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Д.Айткен өз кітабында: «Ол америкалық қонағына Қазақстанның ядролық қару клубына қосылуға ынтасы жоқ екенін жеткізді... Дегенмен, Назар­баев қайтарымы болмаса, Қазақстанның ядролық қару­ды иеленуден бас тартпай­тынын анық айтты», дей келіп, Нұрсұл­тан Назарбаевтың: «Маған керегі қауіпсіздік кепілдігі еді», деген сөзін еске алған.

Джеймс Бейкер Ресеймен 3500 миль шекараны бөлісіп жатқан, бұрынғы КСРО құрамын­да болған Қазақстанға АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігін бере алмайтынын айтып, ауыр сөздерімен Назарбаевты тоқтатуға тырысты. Тіпті қатты кетіп, Қазақстанда орналасқан әрбір оқтұмсыққа қарсы АҚШ-тың үш ядролық қаруы қарсы тұрғанын айтып, қатаң ескерту жасады. «Мен бұдан қорықпаймын әрі маңыздысы ол емес. Біз бәрін тең дәрежеде шешеміз. Ең әуелі, ядролық арсеналдан бас тартқаннан кейін Қазақстан оның орнына не алатынын білуіміз қажет», деп жауап берді Назарбаев.

Осы сапардан Д.Бейкер көп нәрсе түйіп кеткенін болжау қиын емес. Көп ұзамай Прези­дент Н.Назарбаев АҚШ-қа сапармен барды. Сол 1992 жылғы мамырда үлкен Джордж Буш­пен келіссөздер барысында, «ядро­лық мәселенің» еліміз үшін барынша пайдалы, оңтайлы ше­ші­мін табудың сәті түсті. Әлем­­дегі аса ірі державаның Қа­зақ­­станды саяси тұрғыда то­лық мойындап, жан-жақты эко­но­ми­калық әріптестік жасауға ын­та білдірді. Осылайша әлем та­ри­хында тұңғыш рет сыртқы саяси диалогта ядролық қаруға ие болу емес, керісінше, одан бас тар­ту маңызды тетікке айналды.

Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызық­тырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдірді. Мәсе­лен, 1992 жылы сол кездегі Ли­вия басшысы Муаммар Кадда­фи Қазақстанның атом бомба­сын сақтап қалуы үшін миллиард­таған доллар қар­жылай көмек беруге әзір екенін жеткізген. Тәуелсіздігін енді алған мемлекет үшін бұл арбай­тын ұсы­ныс. Өйткені Кеңес өкі­меті құла­ған­нан кейін ел экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Бі­рақ Қазақстан мұндай жомарт ұсы­ныс­тан бас тартты.

Міне, осылайша Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған соны қадам бол­ғанын уақыт көрсетті. Бүгінде елі­міз ядролық қарудан бас тарту ісін­де өзгелерге үлгі. Жалғыз Қазақ­станның бастамасымен шар­та­рапты атом бомбасынан құт­қару мүмкін емесі тү­сінікті. Алай­да еліміздің ше­шімі әлемді қауіп­ті қарудан құт­қаруға зор үлес қосып келеді десек қате­лес­пейміз.

Жоғарыда есептеп шығарған формуласы ядролық қаруды жасауға әкелгенін естіп, Эйнш­тейннің өмір бойы қайғы­рып өткенін айттық. Қазақстанның ядро­лық қарудан бас тартуға қос­қан үлесі данышпанның қасіретін жеңілдетер ме еді, кім білсін?!