Қоғам • 01 Қыркүйек, 2020

Ауыл дәрігерлеріне арналған семинар

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауыл» партиясы ауылдық фельдшерлерге COVID-19-бен ауыратын науқастарды диагностикалау, алдын алу және емдеу бойынша онлайн-оқыту семинарларын бастады.

Ауыл дәрігерлеріне арналған семинар

Жақында партияның Орталық аппа­ратының еріктілері мен белсенділері жүр­гізген ауылдық аймақтардағы меди­­­­циналық қызметтердің сапасына жүр­гізілген мониторингтің қорытын­ды­сын шығарды. Талдау ауыл тұр­ғын­­дарының көптеген мәселелерін көрсет­ті. Соның ішінде меди­циналық персо­­налдың, фельдшерлік пункт­тердің, дәріха­на­лардың, жедел жәрдем маши­наларының жетіспеушілігі байқалды. Ауыл дәрі­герлері корона­ви­рустық инфекцияны емдеуде ақпараттың жоқтығына шағым­данды. Осы мониторингтен кейін «Ауыл» партиясы ауылдық фельдшерлерге арналған онлайн-оқыту курстарын ұйым­дастыруға шешім қабылда-
ды.

Онлайн-курстардың алғашқы эфирін Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері, жоғары санатты невролог-эпилептолог дәрігер, «Астана медицина университеті» КеАҚ, Психиатрия және наркология курсы бар неврология кафедрасының доценті Алтынай Мұқашқызы мен жоғары санатты невролог дәрігер Гүлнәзия Сәдуа­қас­қызы өткізді. Спикерлер осы жаз­да провизорлық орталықтарда жұмыс істеп, індет жұқтырған науқастарды емдеуде мол тәжірибе жинаған.

Бейнеконференцияға еліміздің барлық аймақтарының ауылдық елді мекендер дәрігерлері қосылды. Спикерлер Covid-19 симптомдарын суық тиюдің белгі­лерінен қалай ажыратуға болатыны туралы практикалық кеңестер берді. Ем­деу хаттамалары туралы айтып, ін­дет­тен кейінгі кезеңде пациенттерді оңал­туға тоқталды. Олардың айтуынша, ем­деудің толық курсынан кейін пациент­терді 3-6 ай бақылауда ұстау керек.

«Бұл пациенттердің көпшілігінде асқынулардың болуына байланысты. Ковидтің жүрекке әсері күшті. Сондықтан қазір біз инсульт пен инфарктпен ауыратындарды көптеп кездестіреміз», деді Г.Сәдуақасқызы.

«Астана медицина университеті» КеАҚ, Психиатрия және наркология курсы бар неврология кафедрасының доценті Алтынай Мұқашқызы аталған індетпен екінші рет ауырған жағдайлар барын алға тартты.

«COVID-19-бен ауырған пациентте антиденелер пайда болған соң қайталап ауырмайды деп қателесуге болмайды. Қазірдің өзінде науқастар екінші рет ауырған жағдайлар бар. Жаңа туған неме­релерінен жұқтырған егде жастағы науқастарды кездестіреміз, оларда ауру симп­томсыз өтеді», деп ескертті А.Елу­баева әріптестеріне. 

Бейнеконференция соңында спикерлер дәрігерлерді пациенттерін спортпен шұғылдануға ынталандыруға, тыныс алу жаттығуларын жасауға, жақсы көңіл күйде жүруді ұмытпауға және дұрыс та­мақ­тануға көп көңіл бөлуге шақырды.