Спорт • 01 Қыркүйек, 2020

Марафоншы қария

284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары саламатты өмір салтын ұстанған солтүстікқазақстандықтардың саны артуда. Ресми мәліметке қарағанда бұқаралық спортпен шұғылданатын жерлестеріміздің саны биыл 176 мыңға жеткен. Олардың қатарында зейнет жасына жетсе де, кәрілікке бой алдырмай жүрген қарттар да баршылық. Солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны, марафоншы Қазыбек Бекеев.

Марафоншы қария

Суретте: Қазыбек Бекеев

Әдетте спортшылардың спорттық өмірі қысқа болатыны белгілі. Дегенмен, бұл қағиданы бұзып, адам организмінің мүмкіндігі орасан зор екенін ісімен дәлелдеп жүргендер де жоқ емес. Біз бұған дейін солтүстікқазақстандық гір көтерушілер – бірнеше дүркін әлем чемпио­ны, 10 рет әлемдік рекордты жаңартып, 58 жасында Гиннестің рекордтар кітабына енген Виктор Сайко және 63 жасында Ресейдің Архангельск қаласында бір мезгілде өткен әлем, Еуропа және Азия біріншіліктерінде жеңіске жетіп, бір өзі 12 медаль алып келген Ерік Нұрпейісов туралы жазған болатынбыз. Елімізге танымал марафоншы, спорт шебері, 43 жастағы желаяқ Әскер Қожанов та республикалық және халықаралық марафондар мен ультра марафондардан бір қалып көрген емес. Қазыбек ағаны да солардың қатарына жатқызуға болады.

Бүгінгі таңда 66 жасты еңсерген Қазы­бек Кәкімұлы Аққайың ауданындағы Ара­лағаш ауылында туған. Алдымен ауыл мектебінде білім алып, артынан Петро­павл­дағы педагогикалық училищеде оқуын жалғастырған. Бірақ еңбек жолын мек­тепте емес, шаруашылықта бастап, Андреевка және Амангелді кең­ша­р­ларында бригадир болады.

«Мен ұлдарымды ұяға қондырып, қыздарымды қияға ұшырған бақытты жанмын. Ондаған немерем мен шөберем бар. Бала-шаға ержеткен соң денсаулығымды түзеу мақсатында спортпен айналысуға кірістім. Мақсатыма жету үшін облыс орта­лы­ғындағы жеңіл атлетика үйірмесіне барып, жастармен қатар жаттыға бастадым. Аллаға шүкір, бірнеше жылдан кейін тәжірибелі марафоншылармен тең дәре­жеде нәтиже көрсететін деңгейге жеттім. Ел аумағында ұйымдастырылған мара­фон­дарға қатысып, өзімнің жасымдағылар тобында бағымды сынай бастадым. Бүгін­ге дейін қол жеткізген жетістіктеріме ризамын. Денсаулығым да нығайып, жыл сайынғы тұмау мен ангина сияқты аурулардан біржола құтылдым», дейді Қазыбек Кәкімұлы.

2014 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен 21 шақырымдық жартылай марафонда ол өзінің жасындағылар тобында екінші орынға ие болды. Бұл – жерлесіміздің ең үздік нәтижесі. Одан кейінгі сайыстарда да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, 5 мың адам қатысқан халықаралық «Astana Marathon – 2018» жарысында 42,2 шақырымда 60-69 жас аралығындағы спортшылардың ішінде жерлесімізге екінші орын бұйырды. Дәл сол жылы елордада биік ғимаратқа жүгі­ріп шығу бойынша қайырымдылық шарасы өткен болатын. Қатысушыларға 100 метр жүгіріп, «Highvill» тұрғын үй кеше­нінің 34-қабатын еңсеру қажет болды. Мара­фонға жалпы 326 өтініш түссе, соның тек 280-і мәреге жетті. Ерлер арасында ең ег­де қатысушы болған 64 жастағы біздің Қазы­бек ағамыз бұл қашықтықты 4 минут 52 секундта еңсеріп, екінші орынға ие бол­ды.

Бұдан кейін Қ.Бекеев мектеп бітір­геніне 50 жыл толуына орай Нұр-Сұл­тан мен Петропавл қалаларының арасын­дағы 503,7 шақырымдық қашықтықты велосипедпен жүріп өту жоспарына кірісті. Осыған дейін тек жеңіл атлетикамен айналысып келген егде жастағы адамға бұл оңайға түспесі анық еді. Сондықтан екі айлық дайындыққа кірісті.

«Бұл жердегі мақсатым – әрі өзімді сынап, әрі қолдарынан смартфондары түс­пейтін оқушылар мен жастарға үлгі көр­сету. Әрине ойымды жүзеге асыру қиын болатынын жақсы түсіндім. Себебі жеңіл атлетика бір басқа да, велоспорт бір басқа дүние. Елордада қонақтап жүргенімде велоспорттан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бүгіндері зейнеттік демалыста жүрген Виталий Ширяев деген азаматпен таныстым. Ол менің ойымды естіп, қолдайтынын білдірді. Мамыр айы­нан бастап жаттығуға кірістім. Отбасы мүшелерім қарсы болғанымен, алыс жолға шықтым. Сөйтіп мақсатымды жүзеге асырдым», дейді жерлесіміз.

Әңгіме барысында Қазыбек Бекеев алдағы уақытта жүзеге асыруға ниет танытып отырған жобаларымен де бөлісті. Үсті­міздегі жылдың наурыз айынан бері коро­на­вирусқа байланысты барлық жарыс­тар мен бұқаралық шаралардың тоқтатыл­ғаны белгілі. Алдағы мақсаты – шекара ашылған соң велосипедпен Қазақстанның бірқатар қаласын басып Еуропа елдерінің тас жолын бағындыру. Қазіргі уақытта жерлесіміз алыс жолға дайындық шараларына кірісіп, демеушілер іздеп жүр.

 

Қанат АТАМАНОВ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы