Білім • 02 Қыркүйек, 2020

Облыста 13 оқушыға бір компьютерден келеді

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Білім күні Қазақстан халқына арналған Жолдауында Президент Қ.Тоқаев басымдық берген бесінші бағыт – қолжетімді әрі сапалы білім алу мәселесі. Мемлекет басшысы «Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде.

Облыста 13 оқушыға бір компьютерден келеді

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Қашықтан оқыту ісін ұйымдас­тыруда Үкіметтің жіберген қателік­терін жақсы білеміз. Ашығын айт­қанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқу­шылар және ата-аналар күн­діз-түні «WhatsApp»-тан бас көтер­мейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», деп қазіргі білім саласында қалыптасқан жағдайды ашық көрсетті. Бұл мәселе оқу сапасын жақсарту, ұстаздар біліктілігін арттыру, білім беруде жаңа технологияларды пайдалану  мен  жаңашылдық мәселелерін алға шығарды. Өйткені пандемия еліміздегі жұмыстары тоқырап кеткен бірқатар саланы жалаңаштаса, сол салалардың ең басында білім беру тұр.

Жолдаудағы «Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деген тұжырым заманауи білімге қала мен даланың балаларының бәрі бірдей қол жеткізу міндетін алға қойды. Бұл ауылдарда сапалы интернет қолжетімділігі мен жаңа технологияларды қажет етеді.

Қазір елде қалыптасқан жағдай оқы­ту процесіндегі екі бағыт­тың ара-жігін  анықтап берді. Бірін­шісі – білім орындары бас­қа­руда жаңаша ойлайтын, істі жақсы ұйым­дастыра алатын менед­жер­лерді қажет етсе, екінші жағы­нан оқу про­­цес­тері білімді, ізденім­паз, шы­ғар­­ма­шылықпен жұмыс істей­тін мұ­ға­лімдерді қажет етеді. Басы ашық жайт – мұғалім жұмысы­ның нәтижесі шәкіртінің білім көр­сет­кіші болса, ал мектеп директорлары, білім бөлімдері мен білім басқармалары жұмысының нәтижесі – оқушы мен мұғалімнің оқу процестерін ұйымдастыра білуі. Сонда ғана білім сапалы деңгейге көтерілмек.

Бүгінде Ақтөбе облысында 402 мектеп болса, ондағы оқушы саны – 158 481. Биылғы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 19 500 бала қабылданды. Елімізде эпидемиялық жағдайдың тұрақтанбауына байланысты 195 мектептің 143 мың оқушысы қашықтан оқытуды бас­тады. Бұл – Ақтөбе қаласы мен 12 аудан орталығындағы мектептер. Ауылдардағы 207 мектеп дәстүрлі түрде оқытылады. Мұн­дағы оқушылар саны – 15 448 бала.

Күрделі мәселе – қашықтан оқи­тын балаларды компьютер, ноут­бук, планшеттермен қамтамасыз ету. Шілде-тамыз айында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен мектеп қорындағы бүкіл компьютер түгенделіп, тек­серілгенде, облыстағы 402 мек­тептің қорындағы 12 550 компьютер ғана жарамды болып шық­қан. Басқалары істен шыққан. Сан­да бар да сапасы жоқ жарамсыз компьютерлерді оқу кабинеттеріне көзбояушылықпен қойған. Сонда облыстағы мектептерде 13 оқушыға бір компьютерден келеді деген сөз. Өңірдің білім басқармасын бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан  Ләззат Оразбаева осы кезге дейін мектептердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға бөлінген миллиардтаған мемлекет қаржысының қайда жұмсалғанын, 13 оқушыны неге бір компьютерге таластырып қою себебін түсіндірмей отыр. Есесіне, қашықтан оқытуға қолда бар мүмкіндіктерге қарап, ең алдымен көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және ерекше қажеттілігі бар балалар компьютер, ноутбуктермен қамтамасыз етілмек. Бүгінде республикалық бюджеттен облыс оқушылары үшін 3 млрд теңге бөлініп, оған 20 мың компьютер жет­кізіледі. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаржысына 10 мың компьютер қосымша сатып алынатыны тамыз конференциясында мәлім болды. Осы жабдықтардың мектеп оқу базаларына келіп түскен-түспегені әлі белгісіз.

Осы оқу жылында облыста алты мектеп пайдалануға берілді. Ең бас­ты мәселе – Ақтөбе облысында мектеп директорлары мен білім бөлімдерінің басшылары орындары ұзақ уақыт бос тұруы үйреншікті жайтқа айналды. Ешкім мұның себебін түсін­дірмейді де, талап етпейді де. Оқу процестері қалай өтіп жатыр, неге қызметке маман табыл­­майды деген сауалға да ешкім жауап бермейді. Мәселен, Бай­ғанин ауданының білім бөлімі бас­шы­сының орны жеті айдан бері бос тұр. Осы лауазымға құжат тапсы­рып, барлық сыннан өткен азамат­тың жұмысқа неге қабыл­данбай отырғаны да түсініксіз.

 

Баянды СӘРСЕНБИНА

 

Ақтөбе облысы