Экономика • 02 Қыркүйек, 2020

Экологиялық өнім һәм экономикалық бренд

665 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздегі мал шаруашылығының даму барысына қатысты сын көп. Өкініштісі, орын алған олқылық­тарды саралап, кемшін тұстарын жөнге салу сияқты сындарлы істердің атқарылмауы қынжылтады.

Экологиялық өнім һәм экономикалық бренд

Соңғы жылдары шетелдік технология­лардың бәрі бірдей озық деген жаңсақ пікір етек алып, оның еліміздің шаруашылық жүргізу ерекшеліктеріне бейімділігін екшеу қолға алынбады. Отандық ғалымдардың жетіс­тіктерін саралау, кейбір жақсы тұс­тарын қолданудың аясын кеңейтуге жете мән берілмеді. Осындай түйткілді мәселелер төңірегінде қолда бар мүмкіндіктерімізді саралағанды жөн санадым.

Жалпы, төрт түлік мал өсірудің негізгі үш ұстанымы бар. Мал өсірудің тиімділігі түліктің тұқымдық тегіне, жем-шөбі мен бағып-қағуына және мал ауруларының алдын алу шараларына тікелей байланысты. Кеңес кезінде еліміз осы үштағанды тең ұстап, шаруашылық үздік жетістіктерге жетті. Республикамызда 36 млн қой, 10 млн ірі қара малы өсірілді. Одақ көлемінде жүн өндіруден екінші орынды, дүниежүзі бо­йынша жетінші орынды иелендік.

Тоқсаныншы жылдары елде 8 млн-ға тарта қой, 5 млн-ға жетер-жетпес ірі қара малы қалды. Мал басының азайғанын статистика айғақтағанымен, сапалық жағы көпшілікке беймәлім. Одақ қамбасына 500 мың тонна ет тапсырған республика қазір ет бойынша еліміздің ішкі сұранысын толық қанағаттандыра алмай отыр.

Республикада табиғи жайылым көлемі 188 млн гектардан асады. Осы жайылымдарда өсетін шөптесін өсімдіктер жылына 30 млн тонна азықтық бірлік шамасында. Бұл байлық мал шаруашылығын өр­кен­детудің тиімді ресурсы. Заманауи талаптарға жүгінсек, экологиялық таза өнімге сұраныс басым. Табиғи жайылым, шабындық, мал азығы дақылдарын өсіретін екпелі жер жеткілікті, жергілікті өңірге бейім­делген мал тұқымдары да бар. Осы алғы­шарт­тарды ұтымды үйлестіре отырып, шаруа­ның мал өсіруіне мемлекеттік ықпал болса, экологиялық таза өнім өндіру еліміздің экономикалық брендіне айналуы қиын емес.

Нарық талаптарын ескерсек, қой өсіру  –технологиялық ұтымды сала. Қой тез өседі. Әр 100 саулықтан 120-130 қозы, тіпті көп төлдейтін тұқымдардан 200-ден артық төл алуға болады. Қозының ене құрсағында даму кезеңі 140-155 күн, яғни екі жылда келесі буын ұрпақ туылады. Ал ірі қара малда тұқым сабақтастығы бес жылдың көлемінде ғана жалғасын табады.

Әрине табиғи жайылымдарды барынша пайдалану барысында қуаң жерлерге көбіне қой өрбітіп, жылқы өсірсе, шөбі шүйгін жайылымдарға ірі қара малын жайса, мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті толық игерілер еді. Осы бағытта ғалым­дар әзірлеген мал шаруашылығы сала­ларын кешенді дамытудың дайын тұжырымдамасы да бар.

Соңғы онжылдықта республикамызда сиыр шаруашылығына баса назар аударылып, елімізде сиыр етін экспортқа шыға­рамыз деген саясат жүргізілді. Ғалым­дардың ұсынысы бойынша 2009-2011 жылдары мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді бағдарламалар ұсынылған еді. Сол тұстағы Үкімет басшылығының көзқарасына сәйкес ірі қара шаруашылығына басымдық беріліп, сиыр етін экспорттау әлеуетін дамыту бағыты қолға алынды.

Айта кетейік, кеңес кезінде ірі қара шаруашылығы ең алдымен халықты сүтпен қамтамасыз ету бағытында дамыды. Сүт өндіретін шаруашылықтарда технология қарқынды жетілдіріліп, ірі шаруашылықтар елді мекендер мен қала маңында шоғыр­ланды. Мақсат – қала тұрғындарын сүт және ет өнімдерімен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын ашу болатын. Экономикалық тұрғыдан барлық мәселе осылайша кешенді шешімін тапқан еді. Сүтті сиырдан туған еркек бұзауларды бордақылау арқылы етке деген сұраныс та өтеліп жатты. Уақыт тезінен өткен осы тәлімді тәсіл өкінішке қарай «сиыр етін экспорттау әлеуетін дамыту» бағдар­ламасында ескерілмеді.

Әлемдік тәжірибе бойынша, сырттан аналық малды әкелу тек сүтті мал шаруа­шылығында ғана кеңінен қолданылады. Жайылымда бағылатын мал үшін жергілікті аналық малды асылтұқымды аталық арқылы жақсарту әдісі қолданылады. Сүтті мал негізінен қораларда өсірілетіндіктен және мал азықтандыру рационы біртектес бола­тындықтан, оның жерсіну үдерісі көп қиындық туғызбайды. Жайылымда бағы­латын малда, яғни сиыр малында жерсіну сыртқы қоршаған орта әсеріне және өрістегі шөпке тікелей тәуелді.

Сиыр етін экспортқа шығарамыз деген кезеңде (2009-2019 жылдар) сырттан келген малдың өнімділік қасиеті сақталды ма? Сол малдың жергілікті малдың тектік қорын жақсартуға ықпалы қаншалықты болды? Осы тектес сауалдарға мардымды жауап ала алмаймыз. Өйткені мал есебі жүйелі жүргізілген жоқ және ғалымдар осы үрдіске жеткілікті дәрежеде тартылмады.

Әрине шетелден әкелген ірі қара – шүй­гіні мол, екпелі жайылымдарда өсіріл­ген мал. Қазақстанда көк майсасы жайқал­ған жайылымдар шектеулі, табиғи жайылым көп. Сондықтан өрісте аяғынан таусылып шөп шүйгінін тауып жейтін және шалғай жайылымдарға жету үшін ұзақ жолға шыдас беретін, тұяғы мықты мал өсіру ғана тиімді. Құнарлы екпе шөптерді қорытуға бейім «кірме мал» мардымсыз жүріске бой алдырып, жайылымда өз аяғымен өрістен қажетті азығын тауып жеуге бейімделуі біраз уақытты талап етеді. Өкінішке қарай, бағдарламаны әзірлеу кезінде ғалымдар айтқан осы тектес жайттар ескерілмеді.

Статистикалық дерек бойынша елімізге сырттан әкелінген малдың сойыс салмағы 10 жылдан кейін де 310 килодан аспады. Осы уақыт аралығында үш буын ұрпақ өсіп, жетілді. «Импорт» малдың өз басын есептегенде төрт буын. Төрт буын ұрпақ бойына таза өсірілген мал «асылтұқымды» болып есептелетінін ескерсек, көңіл көншітер жетістікке жете алмай келеміз. «Асыл­тұқымды мал» деген ұғым зоотехникалық түсініктен экономикалық сипатқа ие болды. «Кірме малға» субсидия беру үшін асылтұқымды малды категорияға бөлу үрдісі қолданысқа енгізілді. Осындай солақай саясаттың кесірінен, мал асылдандыру жұмысы жүйесіздікке душар болды.

Малдың тектілік әлеуеті аталық малға тікелей байланысты, өйткені қатал сұрып­таудан өтеді. Мысалы, сүтті ірі қара саласында мың бұқаның ішінен өте қатаң талап негізінде бір ғана аталық бұқа сұрып­талып алынады. Сондықтан аталық малды сұрыптауға зор мән береді және оның сапасын тұқымының өнімділігі бойынша бағалау – селекциялық жұмыстардың міндетті түрде жүргізілетіні ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде қаралады. Алайда сұрып­таудың ең басты талабы: «аталық малды тұқымы бойынша бағалау» сиыр шаруашылығында еленбей отыр.

Ең озық шаруашылықтардағы сиырлар­дың сүттілігі орташа есеппен 7 мың литрдің айналасы. Қатардағы шаруашылықта асылтұқымды сиырлардың сүттілігі 5 мың литр­лік межені ғана еңсерген. Алмания, Мажар­стан мемлекеттерінде сиырлардың орташа сүттілігі бүгінгі таңда 9 мың литр, ал асыл­­тұқымды шаруашылықтарда 12-15 мың литрге жетеді. Біз кеңес кезінде респуб­лика көлемінде бір сиырдан орташа 2400 литр сүт саусақ, қазір осы межеден 400 литр ғана артық сүт аламыз.

Етті ірі қара саласында да серпіліс бай­қалмайды. Әзірге қара малдың сойыс сал­мағы 310 кило шамасында ғана. Осы сал­мақ сырттан мал әкелуге дейін де болған. Бор­дақылау алаңына қойылған мал саны да мардымсыз, жоспарлы меже игерілмеді.

«Экспорттық әлеуетімізге» келсек, 2016 жылы 60 мың тонна ет экспорттау жоспарланған еді. 2019 жылды 5 571 тонна ет экспорттаумен аяқтадық, ал ішкі нарыққа импортталған сиыр етінің көлемі 25 823 тонна болды. Етті экспортқа шығарамыз деп, импорт тасқынына жол аштық. Сиыр етін өндірудің экспорттық әлеуетін арттырамыз деген кезеңде отандық мал тұқым­дарының өнімділік қабілеті төмен деген жаңсақ пікір белең алды. Осы пікірді қолда­ғандардың ішінде ғалымдар да болды.

Етті бағыттағы жергілікті сиыр тұқым­дары – қазақтың ақбас сиыры мен әулиекөл тұқымдары өнімділіктері жағынан әлемдік асылтұқымды түліктермен қатарлас. Табиғи жайылымда бағылған бұзаулары күніне 800-900 грамнан артық салмақ қосады, бордақылау алаңындағы бұзау-тайыншалар тәулігіне 1,5 кило қосымша салмақ бере алады. Осы тұқымдардың еліміз­дің қатал табиғатына төзімді, жайы­лым­ға бейімді, бұзауы ерте жетілетін, жайы­лымға шыққанда тез қоң алатын қасиет­тері өндірісте дәлелденген шаруаға қолайлы мал екені көпшілікке мәлім. Шынында, етті экспортқа шығарамыз дегенде алдымен экологиялық таза етке, екіншіден, мәрмәр етке сұраныс зор екенін назарға алып, осы бағытта сындарлы жұмыстар атқару керек еді.

Егемендік алғалы бері жем-шөп қамдау мәселелері де өз дәрежесінде атқарылмай келеді. Тоқсаныншы жылдары 11,4 млн-нан астам жерге азықтық дақылдар егілсе, бүгінгі таңда мұндай алқап 2,5 млн гектардан аспайды. Беде, жоңышқа алқаптары екі жарым есе азайса, жүгері алқабы 27 есеге тартылды. Осы жағдай қолдағы бар малдың жем-шөбін дайындауға қолбайлау болып тұр.

Қысқы азық көбіне пішенмен шектел­ген­діктен, төрт түлік ағзасына қажет қорек­тік заттар жетіспейді. Мал сүйсіне жей­­тін пішен және сүрлем сияқты жем-шөп қорының аздығы азыққа аса қажет ақуыз, қант, каротин және тағы басқа да қоректі заттардың жетіспеуіне жол ашты. Сапалы шөптердің жетіспеуіне байланысты астық­ты өңірлерде, малды көбіне дәнді дақыл­дармен азықтандыру кең етек алды. Етті ірі қара шаруашылығында осы үрдіс ет өнімінің қымбаттауына себеп болды. Өйт­кені өндірілген ет бағасының 50 пайыздан астамы жем-шөп қорына байланысты. Сондықтан да сүтті мал өсірем деген шаруа оның азығын дайындауды, әсіресе пішен мәселесін шешіп алғаны абзал.

Бүгінгі таңда Қазақстанда млн гектарға жуық алқапта жоңышқа өседі. Бірақ бұл алқаптардан алынатын өнімнің төмендігі – құнарлы мал азығын дайындаудың тиім­ділігіне тежеу. Осы орайда мал азығы база­сын нығайтудың технологиялық өзегі сүр­лем дайындау екенін басты назарға алу керек. Әзірге, сүрлем және пішен дайындау үрдісі тек сүтті сиыр өсіру аясында шек­­теліп қалды. Республикамызда қазіргі уа­қыт­та 1 млн тоннадан аса сүрлем да­йын­дал­са, пішеннің ауқымы одан да аз.

Қазақстанда ірі қараға жылына 22 центнер азық беріледі, оның протеин мөл­шері 12-14 кило деңгейінде болады. Бұл зоо­техникалық талаптардан екі есеге дейін төмен. Мал шаруашылығы дамыған еуро­палық елдерде бұл көрсеткіш 40 центнер, Латын Америкасында 45 центнерден астам.

Түйіндей келгенде, мал басын асылдандыру жұмыстары жүйесін тауып, жем-шөп дайындау мәселесі жолға қойылса, республикамыздың мал өнімін экспорттау туралы мақсаты жүзеге асатыны айқын. Осы бағытта іске қосылмай жатқан ресурс­тар баршылық. Ірі қара шаруашылығында ұстаным өзгеріп, жұмыс алдымен сүт өнім­деріне деген ішкі сұранысты өтеуге бағыт­талғаны дұрыс, өйткені сүт өнімдері көбіне сырттан тасымалдануда. Өз кезегінде, сүтті сиырлардан алынған бұқашықтар бор­дақылау кешендері жұмысына серпін берері анық. Қой мен жылқы малын көбейту барысында су көздері жеткілікті табиғи жа­йылымдарды барынша игеру қарастырыл­ғаны абзал. Төрт түлік малдың әлеуетін осылай орынды пайдалану, ет экспорттау мақсатына қол жеткізудің тиімді жолы болары анық. Өрісіміз малға толып, төрт түлік көбейіп, өнімі өссе, шаруаның табысы артып, қазынаға құйылатын қомақты қаржы сарқылмас байлық көзіне айналары сөзсіз.

 

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор