Президент өткен жылғы Жолдауында зейнетақы қорында жиналып қалған қаржыны пайдалануға мүмкіндік беретін тетіктерді қарастыруды тапсырған болатын. Бұл идея зейнетақы реформасына жол ашты және оны жүзеге асырудың тетіктеріне де ықпал ететіндей мүмкіндіктер берді.
Соңғы жылдары зейнетақы реформасының басы-қасында жүрген азаматтардан жұмыс тобы құрылды. Сондықтан жұмыс тобының барысында түрлі пікір қайшылықтарының байқалып қалуына осы фактор әсер етті. Бірақ жұмыс тобы өздерінің пікір қайшылықтарына қарамастан, халықтың зейнетақы салымын пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізу үшін жұмыс істеді. Нәтижесінде, кемінде 100 мың салымшының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беретін шешімдердің түйіні тарқатылды. Өкінішке қарай, іріктеліп шыққан немесе зейнетақы салымдарын шешіп алуға мүмкіндігі бар салымшылардың басым көпшілігінің баспана немесе басқа әлеуметтік мәселелері шешімін тапқандықтан, бұл мүмкіндікті пайдалана алмайтыны белгілі. Бұл мәселе кезінде мерзімді басылымдарда жазылғандықтан, оған қайта оралғым келмейді.
Бірақ көпшілік жұмыс тобы мүшелері арасындағы пікірталасқа, менің жұмыс тобынан шығуыма қоғамның назары ауды. Себебі сол кезде қолдауға ие болып, Президенттің қарауына ұсынамыз деп шешкен нұсқамен келісе алмадым, келіспегендіктен жұмыс тобынан шықтым. Әртүрлі пікірлер айтылды. Соңында мәселе наурыз айының соңында қайта қаралады деген шешімге тоқталды. Бірақ наурыз айының ортасынан бастап пандемия, шектеу шараларымен қоса, зейнетақы секторына мүлдем қатысы жоқ мемлекеттік ұйымдар арасында әртүрлі көзқарастар пайда болды.
Қазіргі сәттегі шешім мынадай:
- Салымдардың жеткілікті шегін есептейтін жалпы формула өзгереді. Ол бұрын қазақстандықтар 110 жасқа толған жағдайда осылай болуы мүмкін деп санаған болатын. Әрине, бұл қате еді, сондықтан формуланы адамдардың нақты өмір сүруінің орташа ұзақтығына ыңғайластырып түзетті. Айталық, 63 жастағы азаматтар үшін шекті мән енді 8,2 млн емес, 5,8 млн теңге болса жеткілікті. Ал 40 жастағылар үшін 3,5 млн теңге болуы мүмкін.
- Әрбір жас үшін өзінің шекті мәні бар. Бұл ойға қонымды, өйткені, адам неғұрлым жас болса, оның жеткілікті қаражат жинақтауға соғұрлым көбірек уақыты бар. Бұл қордағы ақшаға 25-30 жастағы азаматтардың да қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
- Шекті мәннен асқанның барлығы – артылғаны. Әзірге осы артылған қаражаттың барлығын 100% беру керек пе, әлде қосалқы бөлігін ұстап қалу керек пе, бұл жағы әлі шешілген жоқ, бірақ мен артылған қаражаттың толықтай берілгенін жақтаймын.
Бұлай болған жағдайда, 700 мыңдай адам жиыны 1,7 трлн теңгеге жуық қаражат алатын болады.
- Қаражаттарды мынадай жағдайда алуға болады:
– қолданыстағы ипотекалық несиені (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі, екінші деңгейдегі банктердегі, жалдамалы тұрғын үй) өтеу үшін;
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы бірінші кезектегі тұрғын үй сатып алу үшін; бастапқы жарна төлеп, одан әрі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы кредит алу үшін; тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі немесе Міндетті медициналық сақтандыру қоры өтей алмайтын ауруларды емдеу үшін.
Үкімет бұл идеяны әлі де қайта пысықтап, тұрғын үй, тіпті жер телімдерін де сатып алудың жаңа жолдарын ұсынуы мүмкін.
Бірақ мен бұған қарсымын. Өйткені бұл не алыпсатарлыққа әкеледі, не болмаса жаңадан үй салуға жеткізбеуі мүмкін. Сондай-ақ ақшаны мамандандырылған компанияларға сенімгерлік басқаруға беру үшін пайдалануға рұқсат етті. Бірақ бұл адамдарға қажет деп ойламаймын, олардың басым көпшілігі тұрғын үй мәселесін шешетін болады, ал ауқаттылау кісілер жай ғана валюта сатып алып, шетелге шығарып алады. Кейбір алмай қалған адамдар да көпке шыдамайды (немесе «көп ұзамай ақшаларын алып алуға тырысады»).
- Сондай-ақ салымшының өз басында үйі болып, балаларына, бауырлары мен қарындастарына үй сатып алуға көмектескісі келген жағдайда, өзінің туысқандарына тұрғын үй сатып алу механизмі болады.
Жалпы алғанда, бұл идея енді анағұрлым ұтымды болды. Президентке дұрыс сценарийге таңдау жасағаны үшін алғыс айтамыз. Алла қаласа, біраз адам ипотекалық кредиттерін төлеп тастайды, біразы үй сатып алады, тағы біразы бастапқы жарна жинақтап, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кредит алады. Сондай-ақ бізде Қазақстанда жасалмайтын емдеу/операция үшін қаражат іздегендерге де жақсы болды.
Қалай болғанда да бұл тұрғын үй және зейнетақы жүйесін интеграциялауға жасалған алғашқы қадам, халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын. Содан кейін толыққанды (толық масштабты) интеграцияға көшу басталады.
Президент Жолдауының ерекшеліктері – нақтылыққа негізделгені: Мен Жолдау барысында біздің жағдайымызда жүзеге асыруға мүмкін бастамалар мен кеңестерге назар аудардым. Кейбіреулер жаһандық өзгерістерді күтті, ал кейбіреулер Жолдауды күрделі өзгерістердің басы деп қабылдады. Мұның бәрін косметикалық өзгерістер деп қабылдағандар да жетеді. Олар Жолдауды оқымай, өздерінің жеке жинақталған наразылықтарына сүйене отырып баға береді.
Кешелі бері жарияланып жатқан пікірлерге қарап, Жолдаудың қоғамға жылы әсер еткенін байқадым. Себебі адамдардың көпшілігі өзгерістердің болғанын және тезірек болғанын қалайды.
Президенттің үнемі таңдау айрығында тұратынын кеше де байқадық: Президент адамдардың саяси-экономикалық реформаларға деген қажеттілігі мен саясаттың сабақтастығы арасындағы орта жолды іздейді.
Ұзақмерзімді мемлекеттік мүдделер тұрғысынан негізделген, әр келесі Президент бұрынғы Президентке деген құрметін сақтаған кезде мемлекет әлдеқайда тұрақты болады деген сенімге негізделген күрделі процесс. Бірақ реформаларды жүзеге асырудың кезі келгенін, оның қажеттілігінің бұрынғыдан да қатты сезіліп отырғанын бәріміз білеміз. Бұл Жолдау нақты әрекетке көшудің бағдарламасы ретінде қабылданары сөзсіз.
Бұл жолғы Жолдаудың өзегі мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға басымдық бергені. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін енгізу үшін біраз ұсыныс айтылды.
Біріншіден – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін ашу. Бұл агенттік бұрын да жұмыс істеген болатын. Тым сәтті және сауатты жұмыс істегендіктен, өкілеттілігі, штат саны қысқарып, қанаты кесіліп, реформаны жүзеге асыруға жауапты орган аппараттық жүйемен күресте ойыннан шығып қалды.
Ел саяси реформаны жүзеге асыруға ниеттенген кезде мүдделер қақтығысын тек Үкіметтен тыс орган шеше алатыны белгілі.
Саяси реформаларға жауапты мемлекеттік органның болмауынан реформалардың басым көпшілігі дұрыстап тыныстай алмады. Өйткені мүдделер қақтығысына байланысты Үкімет экономиканы былай қойғанда, өзін-өзі реформалай алмайды. Қазіргі жағдайда мұны жасыру мүмкін болмай қалды.
Қазір Президентке мұндай реформа керек.
Халыққа берген уәдесін орындауға мүмкіндік беретін және мүдделер қақтығысы кезінде мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қоюға мүмкіндік беретін агенттік керек. Жаңадан ашылады деп отырған агенттіктің жолы қиын, Үкіметпен пікірталасы да күрделі болады. Пікірталас сапасының өсуі өзгерістер динамикасының өлшемі ретінде қабылданады. Себебі реформаларды дайындауға Үкімет емес, агенттік жауапты болады.
Елде статистика деректерінің шынайылығына күмән келтіретіндер көп. Енді Үкіметтің бақылауына тәуелсіз комитет шынайы ақпараттарды ұсынады деп үміттенуге болады. Деректерді алу әдістері түбегейлі өзгеруі мүмкін. Сенімді деректерге негізделген экономикалық процестерді модельдеу және болжау үшін қуатты аналитикалық жүйелер дайындауға жол ашады.
Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, EQ
Үшіншіден, жүйені қос азаматтығы бар адамдардан тазарту туралы идея мемлекеттік деңгейде көтерілді. Бұл талап саяси позицияларда отырғандардың көпшілігіне әсер етуі мүмкін.
Елдегі қолданыстағы заң екінші азаматтықты алуға тыйым салған. Енді, ең болмағанда мемлекет үшін жұмыс істейтіндердің қатары қос елдің азаматы болып жүрген азаматтардан тазарады деп үміттенуге болады. Бұл идеяны соңына дейін жүзеге асыруға төзімділігіміз жетсе, тым болмағанда мамандардың жаңаруына жол ашады. Мамандардың жаңаруы – Қазақстанның жаңаруы.
Төртіншіден, мемлекеттік жоспарлау жүйесін жеңілдетуді іс жүзінде 5-6 деңгейден бастап 2-3 деңгейге дейін төмендетуге болады. Бұл мемлекеттік органдар арасында бір-бірінен адасып кете беретін құжаттардың оңтайлануына, индикаторлар шындыққа сай және оңай қадағаланатынына жол ашатыны сөзсіз.
Бесіншіден, мемлекеттік органдарға бюджеттік автономия беру. Себебі бүгінге дейін министрлік немесе әкімдіктер бюджет жылына екі-үш рет қаралғандықтан, жоғары жақпен келісіп жұмыс істеп келді. Соңында тапсырма орындалмады, бюджеттен бөлінген қаржы игерілмеді.
Қазір әр министрлік/әкімдік келісуге мәжбүр, бюджеттерді жыл сайын қағып тастайды және бір жыл ішінде 2-3 түзету болуы мүмкін. Бұл фактор мемлекеттік органдарға ұзақмерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік бермеді. Енді жоспарларды жүзеге асыруға 5 жылдық лимит-сенім көрсетіледі. Олар осы сенім щеңберінде өзінен жоғары жақ пен органдардың келісімін алмай, агенттік құзырет беретін мүмкіндіктер шеңберінде шығындары мен кірістерін жоспарлауға мүмкіндік алады.
Сатып алу жүйесінде процедураларды қысқартуға, алқалық шешімдердің күшін жоюға және нәтиженің жоқтығына жауапкершілікті енгізуге назар аударылды.
Алтыншыдан, мемлекеттік аппараттың 25%-ның қысқаруы және нәтижеге пропорционалды түрде жалақының да, жұмыстың жақсаруына да жол ашады.
Жетіншіден, министрліктер жауапты хатшы институты арқылы қос биліктің құрсауында қалғандай атмосфера қалыптасып келген. Енді жауапкершілік жүгі тек министрлерге ғана бағытталады. Сегізіншіден, заңдарда мемлекеттік органдардың қызметін шамадан тыс реттеуге мүмкіндік берілмейтін шығар деп үміттенемін.
Мемлекеттік секторда жұмыс істейтін заңгерлер әр мәселені көтерген заңнаманы өзгертіп, мемлекеттік органның құзыретін кеңейтуге мәжбүр болып келді. Енді әр істің өз өлшемі болатыны сияқты күрделі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін тетіктер жүзеге асып, адамдар сол тетіктің көмегіне жүгінеді.
Тоғызыншы, тауарлар мен қызметтерді өндірмейтін мемлекеттік компаниялар үшін қажет емес корпоративті басқару алынып тасталады. Мысалы, мен Ғылым қорының Директорлар кеңесінің төрағасымын және Директорлар кеңесі институтының мүлдем қажет емес екеніне сендіре аламын. Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті мен Ғылым қорының кеңесі Директорлар кеңесінсіз-ақ жұмысты еңсере алады.
Оныншы, бизнес барлық мемлекеттік реттеу қағидасына сәйкес форма емес, мағына басым болған кезде қайта құрылуы керек.
Жолдауда айтылған ұсыныстардың бәрі жүзеге асырылса, назарға алынса, мемлекеттік органдардағы бюрократия кем дегенде екі есеге, мемлекеттік басқару жүйесіндегі қажетсіз процедуралар мен есептерді 4-5 есе азайтуға болады.
Президент сонымен бірге Жаңа экономикалық бағыттың ұстанымдарын айтты, бірақ оның мазмұны әлі ашылмаған, жаңа агенттік осыған байланысты жұмыс істеуі керек сияқты.
Жолдауда айтылған экономикалық бастамалардан төмендегілерге назар аударғым келеді:
– Мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық тауарлар мен қызметтерді кепілдендірілген сатып алуын енгізу;
– Ірі инвесторлар үшін заңнаманың тұрақтылығын стративтік келісімдер арқылы енгізу, бұл іс жүзінде инвестициялаудың жақсы шарты болып табылады;
– 2021 жылдың наурызына дейін зардап шеккен салалардан ШОБ-қа берілген барлық қарыздар бойынша сыйақы төлемдерін наурыз айынан бастап субсидиялау;
– Салаларға қыркүйекке дейін берілген салықтық жеңілдіктер желтоқсанға дейін ұзарады;
– Бөлшек сауда салығы енгізілуде (іс жүзінде бұл тек ҚҚС-пен және жалпы айналым бойынша шектеусіз оңайлатылған нұсқа), бұл бөлшек саудадағы көлеңкелі экономиканы едәуір төмендетеді.
Айтпақшы, Экономикалық тергеу қызметі енді негізінен барлық салаларда көлеңкелі экономикаға қарсы күресетін болады.
– Тұрғын үй мәселелері бойынша әр түрлі бастамалар (2 трлн. теңгеге);
– Цифрлық әлеуметтік әмиянды енгізу туралы ұсыныстар әлі де нақтылана түсу керек.
Бұл ұсыныстың қаржылық құрылымдар ғана емес, жалпыға бірдей бағытталуы қоғам үшін маңызды.
– Мұғалімдердің жалақысын 25%-ға көтеру және ата-аналардың сыныптан тыс жұмыстарға шығындарын қаржыландыру.
Институционалды ұсыныстар арасынан мына ұсыныстарға назар аудардым:
– Мемлекеттік органның мүмкіндіктерін күшейтетін бәсекелестікті қорғау агенттігін құру мемлекеттік ұйымдардың мүмкіндігін кеңейтеді.
Қазір ол Ұлттық экономика министрлігінің құрамында жұмыс істейді. Оны Үкімет құрамынан шығару туралы ұсыныс – дұрыс шешім.
– Төтенше жағдайлар министрлігін құру. Бұл пандемияның кейінгі толқындарының қаупі астында қайта құру ғана;
– Есеп комитетінің бюджеті Үкімет арқылы емес, Парламент арқылы бекітілуі:
– «Бәйтерек» пен «ҚазАгроның» бірігуі;
– 17 заңның орнына әлеуметтік кодексті әзірлеу;
– Салық реформасы;
– Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссия құру;
– «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу және мемлекеттік компаниялардың қаржылық қызметі туралы мәліметтер негізінде бірыңғай ресурс құру;
– 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлерге және басқа бюджеттік сала қызметкерлеріне, депутаттарға, судьяларға шетелде есепшоттар ашуға, қолма-қол ақша мен қымбат заттарды сақтауға тыйым салу:
– Онлайн-петицияларға арналған ресурс әзірленеді;
– Мәслихаттарды күшейту, сонымен бірге барлық мәслихат жиналыстарын онлайн трансляциялау тәжірибесі енгізіліп, жалпы жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді.
Шындығында, бұл үлкен өзгерістер. Барлық деңгейлерде қарсылық бар, бұл жеке саяси салмақты ұстап тұру үшін бастамаларды қасақана бұрмалауға енгізілген өзгерістерден бас тартуды қаламайтындардың қарсылығы ретінде қабылданады.
Өзгеріс – ұсыныстардан басталады, ұйықтап қалған сананы түртпектеп оятады. Егер, осы жолы бюрократия өзгерістерге кедергі болса, оны жоюға дәрменсіздік танытсақ, алдағы уақытта жаңашылдық туралы айтудың өзі артық. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына реформаны алға жылжыту үшін төзімділік тілеймін.
Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
экономист