Әлем • 03 Қыркүйек, 2020

Жолдауда қамтылған мәселелер халықаралық ақпарат құралдарының назарында

117 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуына серпін берген «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалған жоқ. Бірі ел Президентінің әлемді әбігерге салған вирусты тежеу бағытындағы атқарған жұмыстары туралы жазса, тағы бірі Мемлекет басшысының дағдарыс кезінде дамылдап қалған экономиканы ілгерілету жөніндегі стратегиясына назар аударды. Бұл ретте біз алыс-жақын шетелдердің ақпарат құралдарына жасаған шолуымызды ұсынуды жөн көрдік.

Жолдауда қамтылған мәселелер халықаралық ақпарат құралдарының назарында

Қытайдың Хin­hua­net агенттігі Қазақ­стан Президенті Қазақстан халқына екінші Жолдауын арнағанын хабарлай келе, Мемлекет басшысының дағ­дар­ыстан кейінгі даму стратегиясына тоқ­талған. Агенттіктің хабарлауынша, Пре­зидент коронавирус пандемиясымен кү­рес шараларын жариялап, елдің дамуына қатысты бірқатар тапсырма берген.

1

Мемлекет бас­шысының Қа­зақ­стан халқына Жолдауы жапо­ния­лық басылымдардың да назарында болды. Nikkei Asian Review биылғы Жолдаудағы экономиканы қайта қалпына келтіру жөніндегі ұсыныстарға тоқталып өткен. Агенттік коронавирус пандемиясының ел экономикасына үлкен өзгеріс әкеліп, халықтың әлеуметтік жағдайына тигізген әсері туралы да жазған. Осы орайда Президенттің мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалады деген сөзін жариялады. Шетелдік басылым осы мақсатта Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетінін атап көрсеткен.

 

 

1

The Times of Central Asia халық­аралық агенттігі Жолдауда айтылған отбасы, балалар құқығы, педофилия мәселелеріне назар аударған. «Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіп­сіздігі мен құқығын қорғау мәсе­лесіне ерекше назар аудару керектігіне тоқталды.

Орталық Азиядан жаңалық тарататын агенттік: «Ел Президентінің айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жаза едәуір қатаңдатылған. Дегенмен Президент бұл мәселенің әлі де толықтай шешілмегенін сөз етті. «Мұндай қылмыскерлер ра­қым­шылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек. Оларды қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелерінде оқшаулаған жөн», дейді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге осы тектес әрбір істі прокуратура органдары ерекше ба­қылауға алуы тиіс. Әлеуметтік және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі немесе салғырттығына байланысты қатаң жаза қолданылатын болады. Жолдауда Қазақстанға әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек екені айтылған», деп жазды.

 

1

Канаданың The National Post газеті елімізде мән-маңызы жоғары жаңа Жолдау жарияланғанын хабарлай келе, Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану деп қорытады.

«Қазақстан Президенті ішкі нарық­тың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай жат­қанын ескертті. Оның айтуынша, өңдел­ген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.

Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттілігі ортаға салынды. Әсіресе қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларға күш салу керегі айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіздің қажеттілігін баса айтты», делінген газет мақаласында.

 

1 

Болгариялық The Bulgarian News Agency ба­­­сы­лымы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың     биылғы Жол­­дауы­ның басым бағыттары туралы ар­найы хабар дайындады. Онда   сапалы білім беру жүйесінің қажеттігі мен жастар мәселесі қозғалғаны туралы жазылған. Агенттік Президенттің қазір­гі жастардың әп-сәтте баюға ниетті еке­нін, сол мақсатта құмар ойындар мен ақша тігуге әуестігі белең алып бара жатқаны туралы пікіріне назар аударған. «Қазақстан Президенті жастар арасында гастарбайтерлер туралы орынсыз қалжың айту және олардың еңбегін менсінбеушілік бар екенін еске салды. Осы ретте Президент әр еңбектің, әрбір қызметкердің мемлекет үшін маңызды екенін, қазіргі жағдайда басқасын айтпағанда, кіші медицина қызметкерлері, коммуналдық және қызмет көрсету саласында еңбек ететін азаматтар қыруар жұмыс атқарғанын айтты. Сонымен бірге олардың мемлекет назарынан тыс қалмайтыны хабарланды», деп жазды шетелдік агенттік.

1

Бауырлас Түр­­кияның да бір­­қатар басылымы Жолдау жөнінде жазды. Мәселен, Rize gazete Жолдауда көрсетілгендей, білім беру саласындағы өзгерістерге тоқталған. Нақты айтар болсақ, Түркиялық газет 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылданғанын хабарлады. Осы ретте аталған газет Президенттің «Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді. Біз балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін» деген тапсырмасына екпін берген.