Пікір • 03 Қыркүйек, 2020

Сең қозғалды

496 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің Жолдауында кооперацияны дамыту бойынша берген нақты тапсырмалары ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтерумен айналысып жүрген бірен-саран азаматтарды тәнті қылды. Солардың ішінде мен де бармын.

Сең қозғалды

Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнімнің жартысынан көбін қосалқы үй шаруашылықтары беретіні баршаға мәлім. Алайда соңғы жиырма жыл ішінде ауыл шаруашылығына қомақты қаражат бөлінгенімен ауыл тұрғындарының жағдайы әлі де мүшкіл. Осыған орай биыл көктемде Президенттің бас­тамасымен «Егістен сөреге дейін» қанатқақты бағдарламасы іске қосылған еді. Бірақ еліміздің оңтүстігіндегі үш аймаққа берілген миллиардтар мақсатсыз жұмсалған сияқты. Себебі қанатқақты жоба арқылы қайта өңдеу мекемелерінің төңірегінде шикізат жинауға тартылғандардың арасында үй шаруашылықтары саусақпен санарлық. Басым көпшілігі, әдеттегідей шаруа қожалықтары болып шықты. Өнім бар, өзгеріс жоқ...

Осы жолы өңірдегі басшылардың тың бастаманы ескі қалыпқа келтіре салғанын Президентіміз жақсы аңғарған сияқты. Өз жолдауында кооперация тақы­рыбын тілге тиек еткені де содан деп ой­лаймын. Яғни алдағы уақытта ауыл тұр­ғындарының әлеуметтік жағдайын көте­руге бағытталған кооперативтерді құ­ру мен дамыту мәселелері енді жоғары дең­г­ейде қадағаланатын болады деген сөз.

Былтыр кооператив құру бойынша ұсынысымыз Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауын таппағаннан кейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры­на жүгінген едік. Ауылы саламыз­дан аулақ жатса да ондағылар бізді бірден түсіне кетті. Құзыреті мол министр­ліктің «әне-міне» дегенінен самұрық­шылар да жалыққан болар, әйтеуір өте жеңіл тәртіппен сұраған қара­жатты лезде тауып беріп, тек қана үй шаруашылығынан құралған, моделі қажеттілікке сай жаңа кооператив ұйымдастыруға мұрындық болды.

Бір жыл ішінде Ақмола облысы Ақкөл ауданында біз құрған «Азат Ет» коо­пе­ративі өз тиімділігін дәлелдеп шық­ты. Ондағы ауыл тұрғындары кіріс көле­мін 35-40 пайызға дейін ұлғайтты. Коопе­ра­тивіміздің тұтынушылары ауыл ішінде мал машақатынан ажырап, бос уақыт­тарын қосымша кіріс көзін ашуға бағыт­тады. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту деген осы емес пе?

Азат, Қарабұлақ және Ақкөлдің басқа да елді мекендерінің тұрғындары қысқы мерзімге қажет жем-шөпті, дала кезіп іздемейді. Қолда бар малын технологияға сай бордақылап, сол кооператив арқылы жақсы бағаға өткізіп жүр. Алдағы уақытта оларға қосымша ұрғашы мал алып беріп, сүтті бағыттағы сиырларын да, одан ары қой мен жылқыларын бағып-қағып беруді жоспарлап отырмыз. Өкініштісі, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау жоқ. Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» басшысы Ахметжан Есімов осы жоба туралы айтқан еді. Алай­да қызығушылық танытып, айрандай ұйып отырған ауылымызға ат басын тіре­ген бірде-бір шенеунік жоқ. Ақыры суб­си­дия бойынша да, салық бойынша да туын­даған мәселелеріміз оң шешімін таппады.

Шынын айтсам, біз пайдаланған модельдің негізінде кооператив құруға бір «ҚазАгро»-ның шамасы жетер еді. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы әр ауылдың маңынан жер алып, онда заманауи технологияға сай жаңа объектілер салып, халықтың қолындағы малды біріктіріп, нарықтық негізде кооператив құрып, сол нысанды лизинг негізінде ұзақ мерзімге берсе де болатын еді. Әттең, батыл шешім қабылдайтын жігерлі азаматтар жоқ. Сондықтан Президенттің «ҚазАгроны» «Бәйтерекке» қосуды ұсынуы өте орынды.

Проблеманың түпқазығы кооператив­тер­ді құру бойынша көзқарастың әртүрлі болуында. Мысалы, министрлік тек фер­мер­­лердің өзара бірігуін қарастыруда. Облыс әкімдіктері болса, баяғыдан қалып­­­та­сып қойған экономикалық қаты­нас­тар­ды қағаз жүзінде әрлеп, коопера­тив құр­дық деп шатасып жүр. Ал жаңа ас­со­циа­ция­лар тұтынушыларына жылына бір рет қана қызмет көрсетіп, ауыз толтырып оларды кооператив деп атайды. Қысқасы, кооперативтердің үй шаруашылықтарына жыл он екі ай қызмет көрсету керек екен­дігін түсініп жүргендер кемде-кем.

Осы мәселеге назар аударған Прези­­дент Тоқаевқа алғысым шексіз. Сең қозғалды...

 

Анас Ахатұлы,

«Кооператив құру арқылы ауыл  тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту» жобасының жетекшісі