Пікір • 03 Қыркүйек, 2020

Қоғамдық бақылауға көңіл бөлгені қуантты

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауы қоғамда қордаланған көп мәселені шешудің оңтайлы жолдарын ұсынуымен ерекшеленеді деп ойлаймын.

Қоғамдық бақылауға көңіл бөлгені қуантты

Бүгінде мемлекеттік басқару ісіндегі ең өзекті проблема сыбайлас жемқор­лық екені ешкімге жасырын емес. Осы жемқорлықтың салдарынан қазынаның қыруар қаржысы ұстағанның қолында кетіп, жоспарланған көп шаруалар жүзеге аспай, асса да сапасы сын көтер­мей жатқан жайы бар. Бұл ретте Прези­дент сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға басымдық бере отырып, бұл істе қоғамдық бақылаудың рөлі ерекше екеніне тоқталды.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқор­лықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді, жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілермен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн», деді Президент.

Президенттің бұл ретте сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік аппа­ратта негізсіз жалтақтық пен бастама­шылдықтан қашқақтауға себеп болмауы керегін де атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қатерінен айырмауға тиіс. Біз мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек», деді ол.

Осыған байланысты мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор­дың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын қоғамдық бақылау туралы заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды.

«Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмы­сына тарту қажет. Сондай-ақ квази­мемлекеттік секторда қоғамдық кеңес құру мүмкіндігін қарастыру керек. Парламент қаралымындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн. Сонымен қатар қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту керек. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізу үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс», деді Қ.Тоқаев.

Президенттің бұл бастамасы ең алдымен жемқорлықтың салдарымен емес, оны туғызатын себептерді ерте анық­тап, мемлекет дамуын тежейтін жегі құрт­ты ерте жоюды көздейді. Әрине, бұл ай­тыл­ғандарды жүзеге асыруда әр­бір қазақ­стандықтың, азаматтық қоғам инс­ти­туттарының де белсенділігі ауадай қажет.

 

Дархан МҰХАН,

журналист, Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі

 

Қарағанды облысы