Әдебиет • 04 Қыркүйек, 2020

«Арсеньевтің өмірі» – реализм шыңы

520 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жанының терең қойнауынан төгіліп түскен сөздерімен оқыр­манын егілтіп, еліктіре алатын жазушылардың бірегейі – Иван Алексеевич Бунин. Орыстың атақты жазушысы, Нобель сый­­­лығының иегері Буниннің ғұ­мыр жолы күрделі, бұралаңы көп, дара жол. Шығармашылық әлеуеті кемелденіп, жазушылық қасиеттерін толық игерген елу жасында елден кетіп, отыз үш жыл шет мемлекетте – Фран­цияда өмір сүрген жазу­шының қаламы әдебиетте орыс ада­мы­ның бейнесін сомдап, орыс табиғатын суреттеуден танған жоқ. Бунинтанушылар оның бір­неше шет тілін біліп, аударма саласында да мықты еңбектенгеніне қарамай, француз тілінде нашар сөйлегенін, француз жазушыла­рымен қарым-қатынасы да ой­дағыдай болмағанын алға тартады. Оған қоса отыз үш жыл сол елде тұрса да Бунин Францияның аза­маттығын алмаған. Тек эми­гранттық паспортпен шек­тел­­ген. Жазушы 1933 жылы орыс жа­зушыларының ішінде алғаш­қы­лардың қатарында «орыс клас­­сикалық прозасындағы дәс­түр­ді дамытқан шеберлігі үшін» Но­бель сыйлығының иегері атанады.

«Арсеньевтің өмірі» – реализм шыңы

 

Кедейленген дворян отбасынан шыққан жазушының шығар­машылығы өте бай. Кейіпкерлер галереясындағы түрлі бейнеден көзің тұнғандай. Олардың көпшілігінің бейнесі оқиға барысында ашылады. Өлім күтіп жүрген кәрілермен бірге жаның күйзеліп, кеудесі түрлі-түрлі ес­теліктің ордасына айналған орта жастағылармен мұңға батып, ертеңгі күнінен әлдебір жақсы жаңалық күтетін жастармен бірге өмірге құлшынасың. Оның қара сөздері ырғақты, боя­уы қалың, тылсымдық қуа­ты жо­ғары. Біз мұны Бу­нин­нің ақын­дық табиғатымен байланыстырамыз. Ол жігіттік шағында жинақ шығарған, өлең­ге үмітті көп ақындардың бірі еді. Бірақ замандас сыншылар оның табиғатты суреттей бе­ретінінен «жалығып», Фет­тің көшірмесі сияқты қа­был­дайды. Оның прозадағы тыр­нақалды тәуір әңгімелері отыз жастың маңайында жарық кө­реді. Содан бастап өле-өл­генше кәсіби прозамен, аудар­мамен шұғылданған жазу­шы әрбір сөзге шұқшиып қа­райтын кірпияз, тек талассыз мық­ты­ларды ғана мойындайтын тал­ғампаз, өнерде де, өмірде де эстет, қу дүниеге кү­ліп қараған паң болғанын зер­ттеушілер растайды. Елу үш жасында ақшасы өзінен кейінгі үрім-бұтағына да жететін атақты сыйлықты алғанымен, оны оңды-солды қайырымдылықтардың себе­бімен тез тауысып, «өмір сүру үшін» қайтадан жұмыс істе­геніне замандастары куә. Мі­не, сол Буниннің біз екі-үш қай­тара оқыған бір романы бар. «Арсеньевтің өмірі» деп аталады. Бұл жолы түпнұсқада емес, жазушы Қ.Ысқақтың аудар­масы арқылы оқыдық. Аудар­маның сәттілігі өз алдына, тура Буниннің өз сөздері сықылды төгіліп тұратынына риза болдық.

Әдебиет зерттеушілері «роман Буниннің өз өмірі туралы» дейді. Ондағы кейіпкерлер де жазушының жақын адамдары екендігінде талас жоқ деген пікірде. Сәйкессіздік уақыт жағынан ғана болуы мүмкін. Алғашқы революциялық ой-пікірлердің әр жерден бас кө­теріп, түрлі әрекеттер жасалып жатқан тұста Бунин отыз жастан еркін асқан еді. Ал шығармадағы Арсеньев балаң жігіт. Кеңес өкіметіне түбегейлі қарсы болған Буниннің 1920 жылы елден кеткенін, бұл шығарманың ел­ден жырақта – Францияда жазыл­ғанын, туған жерге, өткен күндерге деген сағыныштың лебі есіп тұрғанын, әрі бірінші жақ­та жазылғанын қаперге алсақ, «Арсеньевтің өмірі» Буниннің өмірі деп сеніммен айтуға болатындай.

Балаң жігіт Арсеньев рево­лю­циялық көзқарастарды ұнат­пайды. «Мен осыларға қара­ғанда кертартпа да емеспін. Әлгі жеңілтек революцияшылдықты айтам да, мен де жанашырлық пен адамгершілікті, әділетті аңсаймын. Бірақ мұжық пен жұмысшы үшін жаныңды сал дейтін жалған пәлсапаларына жыным келеді. ...Әр үйдің қа­бырғасын босатпайтын Черны­шевскийдің портреті мен табыттан тұрып келе жатқан өлік­тей құп-қу, есіктен енді кір­ген жандармға бақырайып қарай­тын Белинскийдің үрейлі көзін көргенде тісім шықырлап кетеді». Бұл балаң жігіттің ойы. Гимназияның төрт класын ғана бітірген Арсеньев өзгеріске, төңкеріске жан-тәнімен қарсы. Ол күні сөніп бара жатқан патшалық Ресейдің, өз танымындағы орыс адамының ендігі тіршілігіне алаңдаулы. Кеңес үкіметімен бірге жаңа өмір басталатынын, ол орыс адамының болмысын өзгертетінін сезеді. Сол үшін де «социалист» деген сөзден шошиды. «Социалист» деген сөздің мистикалық ұғымға айналып, неше түрлі зұлымдықты бойына жиған масқара ұғымға айналғанын тәптіштейді. «Ағайын­ды Рогачевтер мен апа­лы-сіңлілі Субботиналар секілді «социалистер» осы өңірде де пайда болыпты деген лақапты естігенде уезге тырысқақ пен библиялық алапес келіп қал­ғандай біздің үйдің зәресі кетті», дейді. Сөйте тұра, бір «социалист» бұлардың арасында да пайда болады. Ол туған ағасы – Георгий. Арсеньевтің ойынша, Георгий өз-өзін алдап жүр. Жо­март, қайырымды, жаны таза жас жігіттің мыңдаған замандас­тары секілді ойдан шығарылған жалған идеямен өмір сүріп жүр­геніне налиды. «Дворян ұр­пақ­тарының «ел ішіне» баруы, өз-өзімен күресіп арпалысуы, жасырын жиын, талас-тартыс, жалынды сөз, жалған әрекет неден туған? Түбін қусақ дворян тұқымдары қан-жынымен де, өзек-өтімен де өз өмірін босқа құрбандыққа шалған әкелерінен аумайды. Мейлі, идея іздесін, бірақ белсенді әрекет дейтін сыл­таудың әдібінде әлгі бозөкпе ре­волюционерлердің мақсатсыз думанға деген құмарлығы жатқан жоқ па? Жиын-таласқа мас болып, айқай-сүрен, өлеңдетіп жүріп қауіп-қатерлі жасырын іске бойұсыну, Субботиналар секілді сүйкімді бикештермен «қол ұстасып», тінту мен түрмені, дақпыртты сот процесін көксеу, ақыры дос-жаранмен Сібірде, Терістік шеңберінде қаңғыру – осының бәрі қысыр қиял секілді-ау», деп ой толғайды.

Арсеньев тумысынан оқып туған зерек, көзімен емес «жү­регімен көретін» сұңғыла, еш­­­қан­дай ноқтаға көнбейтін бұла кейіпкер. Сөйте тұра, күй­ре­уік­тігі, мазасыз жанының мұң­ға бейімдігі, жоқты аңсайтын қия­ли­лығы тағдырына елеулі түрде әсер етеді. Ол жастық ша­ғында желкенінен айрылған қайық сияқ­ты немесе бағыт-бағдары белгісіз бір жолаушы сияқ­ты күй кешеді. Мұңға батқан жанын әлсіз бір үміттің сәулесіне жылытып, тірлік кеше беруді ғана ойлайды. Ол ештеңемен, ешкіммен күреспейді. Ештеңені дәлелдемейді. Нақты бір мақсат-мұрат, идея үшін өмір сүру оған жат сияқты. Сол үшін жоға­ры­да айтқанымыздай, «социа­лизмді», «революцияны» жаратпайды. Оның санасындағы, танымындағы орыс адамының өзгеріп, орыс тіршілігі барлық боя­уынан айрылып бара жат­қанын көру – қасірет.

«Арсеньевтің өмірі» арқылы он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасыр­дың басындағы Ресей усадьба­ла­рын­дағы өмір толық көз алдыңа келеді. Патшалық Ресейдегі бай-шонжарлардың кетеуі кете бастаған тіршілігі, адамдардың алаңдаулы көңіл күйлері, белгісіз болашаққа деген қорқыныш, т.б. Соның бәрі реалистікпен сурет­теледі. Жалпы, орыс әдебие­ті­нің ең басты ерекшелігі – реа­лизм­ді ту көтеруінде шығар деп ойлаймыз өз басымыз. Осы ар­қылы адам жанының жықпыл-жықпылын сүзіп, ең бір қараңғы қалтарыстардан да іздегеніңді табуға болатын сияқты. Жазушы Арсеньев таныған, тануға ұм­тылған тіршілік, табиғат, адам құ­пияларын реализмнің кө­ме­гімен шебер суреттеген. Су­рет­теп қана қоймай, адам жаны, рух еркіндігі, махаббат дей­тін ең бір аяулы ұғымдарды шығар­ма­ның өне бойына сіңіріп жі­берген.