Руханият • 04 Қыркүйек, 2020

Өнегелі өмір

2741 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді дана халқымыз. Осы бір оймақтай ой Ізбасар Балтағұлұлы дүниеден озғанда санамда салмақтана түскендей. Сағынышқа толы сәттер жанға маза берсін бе? Балтағұл ағамызды көзіміз көрді, дәмдес те болдық. Төкпе ақынға тән елдік мінезі бар еді. Үнемі өзінен гөрі өзгеге болсын, жақсыда бар болса елде болғаны деген пайымда жүретін. Елім дейтін ер-азаматымыздың қатары көбейген сайын қазақтың қара шаңырағы биіктеп, іргесі нығая береді. Тілеуім де, тілегім де осы алтын діңгекті ойдан өріс алады. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді дана халқымыз. Осы бір оймақтай ой Ізбасар Балтағұлұлы дүниеден озғанда санамда салмақтана түскендей. Сағынышқа толы сәттер жанға маза берсін бе? Балтағұл ағамызды көзіміз көрді, дәмдес те болдық. Төкпе ақынға тән елдік мінезі бар еді. Үнемі өзінен гөрі өзгеге болсын, жақсыда бар болса елде болғаны деген пайымда жүретін. Елім дейтін ер-азаматымыздың қатары көбейген сайын қазақтың қара шаңырағы биіктеп, іргесі нығая береді. Тілеуім де, тілегім де осы алтын діңгекті ойдан өріс алады.

Өнегелі өмір

Қарапайым халық қашанда ақынға жақын болып келеді емес пе. Ағаның әкесі Балтағұл атамыз қызмет атқарған жылдары қолынан келгенше көпшілікке жақсылық жасауға тырысты. Көнекөз қариялар, олардың ұрпақтары ақынның жақсы істерін күні бүгінге дейін шынайы алғыс сезіммен еске алып отырады. Атамыздың елді бірлікке, ерлікке, еңбекке, оқуға шақырған өлеңдері, тарихтан мағлұматтар беретін дастандары жастарды тәрбиелейтін құрал есебінде құнды. Анасы Мария Меделіқызы Бал­тағұл атамыздай тұлғаға лайықты жар болған кісі. Қазақ әйелдеріне тән қасиеттердің бәрі өн бойы­н­а­н табылатын өте көрікті, ақылды жан еді. Осындай отбасында дүниеге келген Ізаға ата-анасын еске алғанда: «Әкемнің менің алдымда көрген барлық балалары қайтыс болып кеткен. Кейінгі көрген бірінші ұлы мен болғандықтан ауылдағы бар игі жақсыны шақырып, құдайы тамақ беріпті. Құдайға құлшылық жасап, «енді осы баламды аман қыла гөр, менің ізімді ең болмаса осы басатын болсын деп атымды Ізбасар қойыпты. Әкемнің жалғыз ұлы болсам да еркелетіп өсірген жоқ. Білімді игеріп, өнерді меңгеруімді қадағалады» деп отыратын.

Ізекең еңбек жолын бастауыш мек­тептің мұғалімі әрі меңгерушісі болып бастайды да, орта мектептің директоры, оқу, білім ісінің үздік ұйым­дастырушысы, басқарушысы дәре­же­сіне дейін көтерілді. Содан көп ұза­май Балқаш аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төр­ағасы қызметтерін атқарған жылдарда Ізекеңнің өмір тәжірибесі ұштасып, идео­логия жұмыстарының басшысы, ұйым­дастырушысы ретінде қабілеті барынша жарқырап ашылды.

1970 жылдан бастап Ізекең Алматы қалалық және облыстық партия коми­тет­терінде басшы болды. Кейінгі жылдары Қазақстан Респуб­ликасы Минис­трлер Кеңесі жанындағы Ақпарат құрал­дарында мемлекеттік құпияны қорғау басқармасының бастығы қызметін атқар­ды.

Ізбасар Балтағұлұлы қайда, қандай қызмет атқармасын барлық жерде де өзінің адалдығын, халыққа қалтқысыз еңбек етудің үлгісін көрсетті. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық өмірмен біте қайнасып, республикалық Ықылас атындағы халық аспаптар мұражайының қалыптасуына, Халықаралық Д.А.Қо­наев қорының басқарма мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласып, тұғыры биік тұлғаның келелі ойларының халықтық сипат алуына жәрдем жасады. Ел эко­номикасы мен мәдениетін өркендету жолын­дағы ерен еңбегі орынды бағаланып, көптеген орден, медальдармен марапатталды.

Көзін көрген замандастары былай деп еске алады: «Балтағұлдай ақын ата­мыздың қанынан жаралып, Мариядай асыл анамыздың жанынан нәр алып, Димекеңдей көсемнің, Асекеңдей (Асанбай Асқаров) шешеннің ұлы үлгісін көріп, Кеңес Ауха­диевтей жақсылардың жасағында, жанында жарқын да жауапты, сұлу да мағыналы ғұмыр кешті».

Иә, бүгінде жұрт кез келген басшы қыз­мет­керлерді сынауға құмар болып барады. Әрине ол сынның объективті жағы аз емес. Бұл туралы Ізбасар ағаның пікіріне тоқталайық.

«Адам баласы жаратылып, ұлт, қоғам, мемлекет болғалы бері тарихтан біле­тініміздей, әр халықтың ұлт болып қа­лыптасуы мен оның өсіп, өніп, дамуына, әрине негізінен сол елдің жан-жақты өсуі негіз болса, екіншіден ел бас­шы­ларының үлесінің де зор екенін жақсы білеміз. Солар туралы деректерді кейінгі ұрпақ­тар тарихтан, тарихи ескерткіштер мен мұра­лар­дан, аңыздардан, тарихи шежірелер мен естеліктерден біледі.

Қашанда дүниеден өткен кісілерге иман байлығынан басқа ештеңенің керегі жоқ. Бәрі ұрпақ үшін. Ал сол кісілердің өнегелі істері, ел үшін еткен еңбектері мен атқарған қызметтері келешек ұрпаққа ауадай қажет. Қандай ерлік жасағаны келешек жас ұрпақ үшін өлмес өнеге. Сондықтан не жазылса да тарихи шындыққа негізделуге тиісті. Естелік жазуда кімнің болса да оқырман алдында өте үлкен жауапкершілігі барын ұмытпаған абзал».

Ағаның үлгі ететін қасиетінің бірі – үлкенді-кішілі замандастарына деген құрметі. Өзінен үлкендерді аға ретінде асқақтатып, ал кішілерді қамқорына алып, төмендетпей неғұрлым биік­­тетіп отырғанын біз талай байқағанбыз. Асқар Қонаев, Атымтай Қисанов, Түймебай Әшім­­баев, Қаратай Тұрысов, Бәйдібек Төлеп­баев, Нейля Базанова, Тұрғанбек Қатаев, Бал­жан Бөлтірікова, Әнетолла Ахметов, Сұл­тан Жиенбаев, Шәнгерей Жәнібеков, Есен Дүй­­сенов, Балғабек Қыдырбекұлы, Бижамал Рамазанова, Зәуре Омарова және тағы басқа ағалар мен апайлар туралы жылы әңгімелері жастарға өсиет болатын пікірлер еді.

Ол Алматы облысының экономи­касының, әлеуметтік, мәдени өмірінің жақсаруына үлкен үлес қосты. Алматы облысының «бас идеологы» деп санай­тын өңір тұрғындары. Оған ағаның мына бір әуезді әңгімесі дәлел.

«1981 жылы Мұқағали Мақатаевтың 50 жылдығын атап өту жөнінде ұсыныстар түсті. Мен ақынның мерейтойын өткізу керектігі жайын­­да пікірімді басшыларға жан-жақты түсін­діріп жеткіздім. Ақыры ақиық ақынның тойы өтіп, арты дүркіреген ақындар айтысына ұласты. Мен осы бір мәдени шараны Алматыдан бастап ақынның туған жері Нарынқолда аяқтап, Мұқаңды ел-жұртымен қауыштырғанымды өз өмірімнің бір бақытты сәттері деп санаймын. Бұл Мұқағалиды ең алғаш та­ныған, келешек ұрпақтың мақтан тұтар ақын екенін танытқан кемеңгер қайраткерлер Д.Қонаев пен А.Ас­қаров­тың қолдауының нәтижесі. Солар­дың ерлі­гінің арқасында қалың оқырман білсін деп әдейі жазып отырмын».

Балтағұл атамыз осындай тойларда өтіп тұратын айтыстарды жалықпай тыңдап, жастарға үйреніңдер деп отырушы еді. Мұны көріп өскен Ізағамыз кейін Алматыға кызметке ауысқанда ауыл­дағы қауымның айтыс туралы талап­тарын облыс басшыларының назарына жеткізуге тырысты. Қолдау да тапты. Орталық коми­теттің қолдауынан кейін облыста айтыс ұйымдастыру шаралары басталып кетті. Ең бірінші жыр додасын Жамбыл ауданынан бастауды жөн көрді. Осы айтысты бастау, жүргізу, оны әрі қарай дамытуды, сол жылдары бір топ мәдениет пен әдебиет қайраткерлері бірден қолдап кетті. Олар Әбділда Тәжібайұлы, Жексенбек Еркінбекұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Шона Смаханұлы, Мырзабек Дүйсенұлы, тағы басқа ұлт зиялылары болатын.

Ізаға жүрген жерін мақтап, өзге ұлттың салт-дәстүрлерінен жаңаша әсер алып, зерттеп жүретін. «Атың бар­да желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны» деп айтқандай өзімді қолымнан келгенше арман-мұраттын іске асырған қазақтың бірі­мін деп есептеймін. Сондықтан ел бас­қарып жүрген жылдарымда бұрынғы 15 рес­публиканың көпшілігін аралап, олардың әдет-ғұрыпынан үлкен мағлұмат алып, санамды байыта беруге ұмтылдым» – деуші еді ағамыз.

Ол кісі Украина, Грузия, Белоррусия, Өз­бекс­тан, Қырғызстан тағы басқа республикаларда болғандағы, алған әсерін әңгімелеп отыратын. Мысалы грузиндер туралы былай дейді: «Өзін­дік ерекшелігі айқын аңғарылып тұратын ел еді». Ал қырғыздар жайын­да: «Қазақ-қырғыз арасындағы бауыр­лық, туыс­қандық баламыздың баласына жететін сияқты». Мәскеуді қара сөзбен керемет суреттейді: «Мә­скеу – адам баласының ғылым-білі­мінің қолы жеткен табыстарының шоғырланған орталығы». Кіндік қаны тамған топыраққа махаббаты ерекше еді. «Желтораңғы жер бетінде сирек ұшырасатын тораңғы ағашы, оған қоса жидегі мен тал секілді ағаштар, жусан, бидайық, жер жоңышқа, алабота, теріскен, баялыш, өлең, қамыс, құрақ секілді өсімдіктер өсетін табиғаты тамаша жер. Тоғайы аңдар мен құсқа, өзен-көлдері балыққа толы. Жұт жүрмейтін жер екен деп бабаларымыз мақтап, аңыз етіп айтып отыратын».

 Әрбір тұлға өз заманының перзенті. Олай болса, әр адам қоғамның дамуы­на өз үлесін қосуға тиісті. Ол үлес ағайын-туғанын, ауыл-аймағын, өлке­сінің өсіп-өркендеуіне ғана емес, оның байып-дамуына арналуы шарт. Сондай жанның бірі де бірегейі Ізбасар Бал­тағұлұлы еді. «Қазақ – дүние жүзіндегі ең қа­білетті халық. Сондықтан мен де қазақ екен­­дігіме мақтанамын, сіздердің де мақта­натындарыңызға еш күмәнім жоқ. Қазақ хал­қының келешегі үшін жұ­мылайық!». Ағаның осындай халқына арнаған жылы лебізімен мақаламды түйіндейін.

 

Әсен БЕСПАЕВА,

еңбек ардагері

 

АЛМАТЫ