Жаңадан пәтер немесе үй алғыңыз келсе, көптеген факторға дайын болуыңыз керек. Себебі бұл шаруа әсте жеңіл болмайды. Мысалы, үйді сатып алуға қажетті сомадан немесе ипотека бойынша алғашқы жарна төлеуден басқа, сізге келісімшартты реттеу мен қажетті құжаттарды жинау керек. Ал бұл жерде алдану, қажетті қағаздарды уақытында жинап үлгермеу, ипотекаға беруден бас тарту сынды қауіптер кездеседі.
Қаржылық реттеушінің хабарлауынша, 27 тамызда Қазақстанда жаңа форматта тұрғын үйді сатып алу, сату бойынша алғашқы мәміле жасалды. Яғни ендігі кезекте бұл мәселеде жаңа үрдіс пайда болып, мәміле жасаудың жаңа жүйесі мен бүкіл процесі электрондық жүйеге көшпек. Мәмілеге қатысушылардың барлығының өзара іс-әрекеті бірыңғай жүйемен жүзеге асатын болады.
Басты идея – тұрғын үй сатып алу сияқты ірі ақша операцияларын жасау кезінде қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету. Яғни қолма-қол ақшасыз төлемге көшу іске асуда. Банкті, нотариусты және халыққа қызмет көрсету орталығын біріктіретін бірыңғай цифрлық қызмет құрылды.
Бұл өз кезегінде мәміле жасаудың уақытын қысқартады. Сондай-ақ сатып алушы мен сатушы алаяқтық әрекеттерден және қолма-қол ақшаны тонау қаупінен сақталатын болады.
Мәміле қалай жасалады? Қолма-қол ақшасыз төлем үшін сатып алушы банкте эскроу-шот ашады немесе нотариустың депозитін пайдаланады. Эскроу шотына салынған ақша бұғатталады және белгілі бір шарттар орындалғанға дейін қолжетімсіз болады. Бұл жағдай үй сатып алу туралы мәміле жасалғанға дейін күшінде болып, содан кейін сатушыға аударылады). Нотариус немесе банк бұл жағдайда төлемнің гаранты (кепілгері) ретінде әрекет етеді. Үйді сатушы операцияны аяқтағаннан кейін және тиісті органмен расталғаннан кейін ақшаға қол жеткізе алады. Бұл жүйеге ерікті түрде қатысуға болады. Дегенмен, сатып алушы мен сатушы мәмілелерді бұрынғысыша әлі де жасай алады.
Ұлттық банктің пікірінше, мұндай жаңа әдіс процесті айтарлықтай жеңілдетіп, оған қатысушылардың қауіпсіздігін жақсартатын болады.
Думан АРҒЫНГЕЛДІ,
журналист